Француздар

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Француздар (өзд. атауы — франсе) — ұлт, Францияның негізгі халқы. Франция мен оның иеліктерінде (Гвиана, Жаңа Каледония, Реюньон, Француз Полинезиясы), Алжирде, Тунисте, Мароккода, Мадагаскарда тұрады. Француздардың ірі топтары АҚШ, Италия, Бельгия, Швейцария, т.б. мемлекеттерде де өмір сүруде.

Антропологиялық жағынан біртекті емес, негізінен орта-еуразиялық раса мен үнді-жерортатеңіздік расаның өкілдерінен тұрады. Роман тобындағы француз тілінде сөйлейді. Француз тілі - бүкіл территорияда сөйлейтін елдің ресми тілі. Алайда, туризмнің арқасында жергілікті тілмен қатар өмір сүретін басқа тілдерді табуға болады, мысалы испан, португал, орыс және т.б. Сонымен қатар кейбір облыстардың окситан, каталон және бретон тілдері бар. Диалектілер: франс (Иль-де-Франс диалектісі, қазіргі француз тілінің тарихи негізі), солтүстік (норманд, пикард, Бельгиядағы валлон), батыс (анжу, галло және т.б.), оңтүстік-батыс (пуатевин және т.б.), орталық, оңтүстік-шығыс (бургунд, франш-конте), шығыс(лотаринг, шампан), француз және окситан тілдері арасындағы аралық орынды алатын франко-провансаль.[1]

Дінге сенушілердің көпшілігі — католиктер; сондай-ақ кальвинист-реформаттар да бар. V-VI ғғ. Францияда христиан діні таралды.[2] Революциядан кейін 18 ғасырдан бастап Франция өзін католик шіркеуінен алшақтатты, сондықтан католицизм ресми дін болмай қалды. Осы сәттен бастап Францияда ғибадат пен ой еркіндігіне жол берілді. Қазіргі әлемде сенімдердің алуан түрлілігі бар. Христиандық - ең үстем діндердің бірі, тіпті ресми болмаса да, католик діні елдегі ең көп қолданылатын діндердің бірі болып табылады. Христиан дініне халықтың шамамен 40% -дан астамы тиесілі. Екінші жағынан, Франция - өз аумағында ең көп мұсылмандар бар елдердің бірі. Мұны шамамен 5 миллионға жуықтауға болады. Протестанттар мен иудаизм дінін ұстанушылар да бар, бұл екі топта шамамен 700 000 адам бар.

Париждегі француздар, тамыз 1944 ж.
Толық мақаласы: Франция тарихы

Француздардың көпшілігі (адам саны 20 — 30 мың) шағын қалаларда өмір сүреді. Мұндай қалаларда ортағасырлық баспана жоспары сақталған. Әрбір ауданда жер жағдайына байланысты бірнеше қабат үйлер салына береді.

Ұлттық мерекелері діни мейрамдарға (рождество, жаңа жыл, корольдер күні, т.б.) негізделген. Көктемгі карнавалдар оңтүстік аудандарда жиі өткізіледі. Ауылдық елді мекендерде пасха, т.б. мереке күндері жәрмеңкелер өтіп тұрады. Өте бай фольклоры сақталған. Ұлттық билері (фарандола, гольярда, сарабанда, менуэт, бурре, гавот, т.б.) қазіргі күні фольклорлық фестивальдар кезінде ұлттық аспаптардың (тамбурин, виола, фасита, т.б.) сүйемелдеуімен орындалады.

Ұлттық киімдерін кию 19 ғасырдан бастап тоқтатыла бастады. Әйелдер — кең юбка, жеңді көкірекше, кеудеше, алжапқыш, шляпа; ерлер — шалбар, гетры, көйлек, жилет, күртеше, бастарына берет, аяқтарына ағаш сабо киеді. Қазіргі кезде ұлттық киімдерін көбіне мерекелік бағдарламаларға қатысушылар ғана киген.

Дәстүрлі тағамдарына сиыр, шошқа, балық еттері қосылады. Көкөніс, жеміс-жидек, шарап көп пайдаланылады. Сүт өнімдерінен ірімшік жасайды. Ұлттық тағамдарына сан алуан дәмдегіш өсімдіктер қосады. Француздар ірімшіктер сұрыптарының түрлілігімен таң қалдыра алады.

Француз тамағы аймақтар арасындағы үлкен айырмашылыққа ие. Прованста зәйтүн мен балық болса, Нормандияда – крептер мен май жетекші орында тұр. Француз мәзірі негізгі, жеңіл тамақ, десерт. Шарап мейрам күндері үстел үстінде әр дайым болады, көбінесе оны күнделікті күні тамақ ішкенде де көруге болады. Француздар күркетауық, тауық, үйрек, мысыр тауығының етін жақсы көреді, ал еттерден шошқа, сиыр және қой етін жақсы көреді. Қоян етін Францияда рагу түрінде, ішіне турама салынған және бұқтырылған түрде береді. Ал десертке француздарға торт, балмұздақ, профитроли, тәтті пряниктер, бәліштер, құймақтар, жеміс салаттары, мусстар, суфле және т.б. ұнайды.

Қазақстандағы француздар

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

1989 жылғы халық санағының деректері бойынша КСРО-да 701 француз болды, оның ішінде Қазақстанда – 33 адам тұрды: Қарағанды облысы мен Алматы қаласында – 10 адам, Талдықорған облысында – 6 адам, Қостанай облысында – 2 адам, Алматы мен Семей қалаларында – 1 адамнан болды. Қазақстандағы француздар санының жалпы динамикасы мынадай:

  • 1970 ж. – 70,
  • 1979 ж. – 56,
  • 1989 ж. – 32,
  • 1999 ж. – 31,
  • 2009 ж. - 73 адам.[3]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Э.Д. Сүлейменова, Д.Х.Ақанова, Н.Ж.Шаймерденова «Қазақстан тілдері: әлеуметтік лингвистика анықтамалығы»: Кітап.–Алматы: «Издательство Золотая Книга» ЖШС, 2020 ж. 218-бет.
  2. ЭТНОСАЯСИ СӨЗДІК: Қазақстан этносаясаты мен тәжірибесінің терминдері мен ұғымдары. Нұр-Сұлтан, 2020. 168-бет. ISBN 978-601-287-224-8
  3. Қазақстан халқы. Энциклопедия. /Бас.ред. Ж.Н.Тойбаева. /Құраст.Ғ.Жандыбаев., Г.Егеубаева.-Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2016. 425-бет ISBN 978-601-7472-88-7