Мазмұнға өту

Лезгиндер

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Лезгиндер
Бүкіл халықтың саны

680 мыңнан 850 мыңға дейін

Ең көп таралған аймақтар
 Ресей

473 722 (2010)

 Украина

3 900 (2020)

 Түркия

3 300 (2020)

 Қырғызстан

2 603 (2009)

Тілдері

лезгин

Діні

ислам дінінің суннит тармағы

Лезгиндер (лезг. лезги, лезгиар) — дағыстан халқы, Кавказдың байырғы халықтарының бірі, Оңтүстік Дағыстан мен Солтүстік Әзербайжанда тұрады. Сондай-ақ Түркияның бірнеше ауылдарында жинақы түрде мекендейді. Әлемде 680 мыңнан 850 мыңға дейін лезгиндер бар. Оның ішінде 2010 жылғы халық санағының қорытындысы бойынша Ресейде 476 228 адам, Дағыстанда 387 746 адам тұрады.

Солтүстік Кавказ тілдік туыстастығының нах-дағыстан тобыньң лезгин тармағында сөйлейді. Диалектілері үш топқа бөлінеді: кюриндік, самурлық және кубиндік диалект. Лезгиндер арасында орыс және әзірбайжан тілдері де кең тараған. Жазуы кирилл әліпбиіне негізделген.

Лезгиндер ислам дінінің сүннит тармағын ұстанады, шииттік бағытты ұстанушылар да кездеседі.

Орта ғасырларда лезгиндердің бір бөлігі Кубин, Кюрин, Дербент хандықтарының құрамында болды. 1813–1828 жылдары лезгиндер Ресейдің қол астына кірді. 1812 жылы лезгин-куриндер Оңтүстік Дағыстанда Ресей протектораты астында құрылған Курин хандығының құрамына кірді, ол 1864 жылы Курин округі болып өзгертілді. 1839 жылы лезгин-самурлар Самур округіне кірді. ХХ ғасырда Лезгистан Республикасын (тәуелсіз немесе автономия ретінде) құру әрекеттері жасалды.

Дәстүрлі кәсібі — егіншілік (арпа, бидай, тары, қара бидай, жүгері, күріш, бұршақ дақылдары) және мал шаруашылығы, жазықтарда негізінен жайылымдық, мал шаруашылығы, тауда мал шаруашылығы (негізінен қой, сонымен қатар ешкі, ірі қара, т.б.); Қысқы жайылымдар негізінен Солтүстік Әзірбайжанда болды.

Лезгинердің дәстүрлі кәсіптері мен қолөнері — иіру, тоқу, кілем, мата, киіз, былғары жасау, ұсталық (Ахты ауылы), қару-жарақ пен зергерлік бұйымдар (Икра ауылы) т.б.

Лезгин үйлері П- және Г-тәрізді немесе жабық шаршы түрінде салынған. Көшеден екі қабатты тұрғын үйге кіру үшін арка түріндегі қақпа арқылы шағын аулаға кіру керек. Ауланың бір бұрышында чурек пісіретін пеш бар. Ауладан тастан немесе ағаштан жасалған баспалдақ галереяға апарады, оған тұрғын үйдің барлық бөлмелерінің есіктері ашылады. XIX ғасырдың ортасынан бастап тұрғын үйлерде көшеге қарайтын балкондар жасала бастады. Кейбір таулы ауылдарда қарама-қарсы тұратын туысқан отбасылар екінші қабаттарды байланыстыратын жабық өткелдер жасайды.[1]

Лезгиндерде ұлттық саз өнері лезгин билерінің түрлі нұсқалары дамыған.

Негізгі саз аспаптары: чунгур, саз, тар, зурна, сырнай, ысқырық, даңғыра.

Дәстүрлі киімдерінен ерлер — жейде, шалбар, бешпент, (валчагь), қыста қойдың жүнінен жасалған тон (кавал), түйе жүнінен жасалған башлык, бастарына папаха, әйелдер — ақ жейде, шаровары, түрлі түсті көйлек, бешпент, қыста тон (кавал) киген.

Ұлттық тағамдары — хинкал, тұшпара, еттеп жасалған сорпа бозбаш, кебаб, шашлык, долма. Тәтті тағамдары циклен, афарар, халва. Сусындары квас (чъвар, къвай фу).

Қазақстандағы лезгиндер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Лезгиндер Солтүстік Кавказ этностары секілді Қазақстанда XIX ғасырдан бастап өмір сүруде. Олардың келуіне Ресей империясының Солтүстік Кавказды отарлау саясаты кезіндегі ұлт-азаттық көтерілістің жанышталуы себеп болды. Олар Сібірге және қазақ жеріне қарай қоныс аударды. Сонымен қатар кеңестік кезеңде лезгиндер Қазақстан жеріне күштеп және өз еркімен қоныстандырылды. Қазақстандағы лезгиндер саны — 3,6 мың адам (2013). [2]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. https://travelask.ru/articles/lezginy-gornyy-narod-kavkaza Наталия Котоман Лезгины — горный народ Кавказа
  2. Қазақстан халқы. Энциклопедия. /Бас.ред. Ж.Н.Тойбаева. /Құраст.Ғ.Жандыбаев., Г.Егеубаева.- Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2016. 302-бет ISBN 978-601-7472-88-7