Мазмұнға өту

Капител

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
A.
Үш классикалық капитель түрі

Капител[1] (лат. capitellum – заттың ұшар басы) – тіреу бағанының немесе белдеудің арқалықпен жалғасатын жері; архитектурада үйлесімді түрде арнайы көрсетілген ұшар басы. Капительдің алғашқы түрлері ежелгі Шығыста, әсіресе, көне Мысырда, көбінесе, ағаш құрылыстарда, кейін тастан салынған сарайларда қолданылды (Шумер, Мысыр мемлекеттері, біздің заманымыздан бұрын 3 – 2 мыңжылдық). Әсіресе, Мысыр перғауындары өздері тұрғызған сұсты да ғаламат храмдарының колонналарының ұшар басын салтанатты капительмен көркемдеуді мақсат етті. Ол заманғы К-дер түрлі гүл, өсімдік жапырағы түрінде кездеседі (папирус, лотос). Кейінгі дәуірлерде (біздің заманымыздан бұрын8 – 4 ғасырлар) ежелгі Шығыс пен Мысыр сәулет өнері игі ықпал еткен Жерорта территориясы маңайындағы елдерде, соның ішінде Ежелгі Грекияда колонналы храмдар тұрғызу жаппай қолға алынды. Ежелгі дәуірде капительдің тоскандық, дорилік, ионилік және коринфтік деп аталатын классик. түрлері қалыптасты (қ. Архитектуралық ордерлер). Капительдің соңғы үш түрі Еуропа архитектурасында кең тарады. Ионилік және коринфтік капительдің үйлесімді тұтасқан түрі композициялық капительді құрайды. Қытай мен Жапонияда, Мексика мен Византияда, роман және готика стильдерінде, ежелгі орыс архитектурасында, Армения мен Грузияда, Орта Азия мемлекеттерінің сәулет өнерінде капительдің өзіндік түрлері пайда болды. Қайта өрлеу дәуірінен бастап ұлттық өрнектермен толықтырылған капительдің көне түрлері кеңінен пайдаланылды. Кейіннен әр елдің өзіндік ою-өрнегімен, өнер стилімен жасалған капительдер өркен жайып, ұлттық сәулет кешендерін көркейтті. Қазақтың орта ғасырдағы тамаша сәулет ескерткіші Айша-бибі кесенесі (12 ғасыр) өзіндік капительмен ерекшеленеді. Сондай-ақ, қазіргі заманда тұрғызылған Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының, Қазақ опера және балет театры ғимараттарының тіреуіш колонналары қазақи өнер стилімен безендірілген, капительмен өрнектелген.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, IV том