Жанғар қаған (қытайша: 启民可汗 - Иличжэнь-доу Циминь-хан; жеке есімі қытайша: 阿史那染干 - Ашина Жаньгань) — 599 (603) - 609 жылдары билік еткен Шығыс Түрік қағанатының билеушісі.
Түрік қағанаты екіге: Батыс және Шығысқа бөлінгенде Жанғар Суй империясы аумағында қаған сайланды, алайда ешқандай да билікке ие болған жоқ, барлық билік Қара Шұрын Түріктің қолында болды. Оның өлімінен соң Жанғар іс жүзінде билікке ие болды, алайда оған тек Шығыс аумақ қана бағынды. Ал Суй империясының ойынша ол Түрік қағанатының қағаны болған.
597 жылы Жағбу Баға қағанның ұлы Жанғар Толыс хан деген атақ алған. Ол қидандарды, татарларды, татабтарды басқарған. Ол қытай ханшасын әйелдікке алуды ойлап, қытай шенеунігі Пэй Гюймен кездеседі. Шенеунік ханшайымды алғың келсе, қағанның әйелі Чэнь әулетінің бұрынғы ханшасын өлтір деген талап қояды. 597 жылы Жанғар патшайымға жала жауып, қаған патшайымды өлтіреді. Осыдан кейін қаған, Жанғардың жала жапқанын сезіп қалып, оны қуғындауға көшеді.