УЕФА Чемпиондар Лигасының финалы 1999
УЕФА Чемпиондар Лигасының финалы 1999 | |||||||
Турнир | |||||||
---|---|---|---|---|---|---|---|
| |||||||
Дата | |||||||
Стадион | |||||||
Көрермендер |
90 045 | ||||||
УЕФА Чемпиондар Лигасының финалы 1999 — 1998/1999 жылғы УЕФА Чемпиондар Лигасының финалдық ойыны. 1999 жылы 26 мамырда Барселонадағы "Ноу-Камп" стадионында өтті. Англияның "Манчестер Юнайтед" клубы Германияның "Бавариясын" 2:1 есебімен ұтып, екінші рет жеңімпаз атанды.
Матч
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Матчқа дейін
[өңдеу | қайнарын өңдеу]26 мамыр — манчестерлік клубтың байырғы бапкері, командаға Чемпиондар кубогын алғаш алып берген (1968 жылы) аңыз адам Мэтт Бабсидің туған күні болатын. 1994 жылы өмірден өткен бапкер тірі болғанда сол күні 90 жасқа толар еді. Сондай-ақ бұл ойын МЮ-дің 36 жасар қақпашысы Питер Шмейхельдің өз командасы сапындағы соңғы ресми матчы еді.
Бұл ойынға дисквалификацияға ұшыраған манчестерлік қос белді футболшы Рой Кин мен Пол Скоулз қатыса алмады. Ал «Бавария» Джоване Элбер мен Биксант Лизаразюдің көмегін пайдалана алған жоқ. Қос клубтың финалдан алдыңғы құрамдағы басты олқылықтары осылар-тұғын.
Шолу
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Ойын германиялықтардың басымдығымен басталды. Алтыншы минутта манчестерлік Ронни Йонсен айып алаңына таяу жерде Карстен Янкерді шалып жықты да, белгіленген айып добын Марио Баслер дәл соқты. «Бавария» есепте алға шықты — 1:0.
Мұнан соң МЮ футболшылары басымдықты қолына алды да, қарсылас қақпасын торуылдай бастады. Олардың құрамында әсіресе Дэвид Бекхэм ерекше белсенділік танытты. Алайда тайм соңына дейін есеп өзгеріссіз қалды.
Екінші таймда бавариялықтар тарапынан ең қауіпті соққыны Карстен Янкер бағыттады. Оның өзінің үстінен асыра тепкен добы бағанадан қайтты. Егер сол доп қақпаға енгенде, финал тағдыры түпкілікті шешілуі де мүмкін еді.
Манчестерліктер де қарап қалған жоқ. Олар да бірнеше дүркін қауіпті соққылар жасады. Алайда біразы қиыс кетті, ал тура бағытталғандарына Оливер Кан тосқауыл бола алды.
67-минутта «қызыл сайтандарлың» бапкері Блумквистің орнына Тедди Шерингемді шығарды. Өйткені, шабуылды күшейтпесе болмайтын еді. Артынша бавариялықтардың сапында өзгеріс болып, Циклерді Мехмет Шолль алмастырды.
Есептің өзгерер түрі көрінбеген соң Фергюсон енді алаңға Уле-Гуннар Солскьярді шығарды. Олардың қарқынынан секем алған «Баварияның» бапкері Оттмар Хитцфельд шаршай бастаған ардагер Лотар Маттеусті ойыннан шығарып алып, орнына жастау Торстен Финкті ойынға араластырды.
Соңғы минуттарда «Бавария» бір-екі қауіпті қарсы шабуылымен ойын тағдырын біржола шешіп кете жаздады, алайда есеп өзгеріссіз қалды.
Соңғы минуттар
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Осы есепті сақтап қалуды ойлаған Хитцфельд 90-минутта Марио Баслердің орнына Хасан Салихамиджичті шығарды. Төреші ойынға қосымша үш минут қосты.
91-минутта манчестерліктер бұрыштама тебуге мүмкіндік алды. Бавариялықтардың айып алаңына қақпасын ашық тастап, Шмейхель жетіп келді. Сол бұрыштан Бекхэм асырған допқа өзгелермен бірге Шмейхель де таласты. Доп Дуайт Йоркқа келді, ол қақпаға тура тебе алмасын біліп, айып алаңында ұйлығысқан футболшыларға бағыттап еді, доп мюнхендік Торстен Финктің олжасына айналды. Финктің айып алаңынан аулаққа асыру әрекеті сәтсіз болды: айып алаңының сызығының үстінде тұрған Райян Гиггздің аяғына салып берді. Гиггз тоқтатқан жоқ, бірден қақпаға бағыттады. Жол-жөнекей доптың бағытын Шерингем сәл ғана өзгертті, гол — 1:1! Кан айдалада қалды. Бұл кезде секундомер 90:36 минутты көрсетіп тұр еді.
Ойын жоқ дегенде қосымша уақытқа жалғасатын болды. Есепті еселей алатындарына көздері жетті ме, әлде соғылған гол күш берді ме, есеп теңескен соң бір минут өтер-өтпесте «қызыл сайтандар» тағы алға лап қойды. Солскьярдің сол қанаттан бағыттамақ болған добын Самуэль Куффур сыртқа шығарып жіберді. Тағы да бұрыштама. Тағы да сол қанат. Тағы да Бекхэм. Бірақ бұл жолы қарсыластың айып алаңына Шмейхель барған жоқ. Бекхэмнің асырған добын Шерингем әрірекке асырды. Қақпаның түбінде сақадай-сай боп тұрған Сольскьяр екі метр жерден допқа аяғын тосып, тоғыздыққа дәл қадады — 2:1! Оливер Кан тағы да орнынан қозғала алмай қалды. Таблодағы уақыт — 92:17. Сэр Алекс Фергюсон ойыншы алмастырудан қателеспепті, екі допты да екінші таймда алаңға шыққан футболшылар соқты.
«Шынымды айтсам, ұтылатынымызға көзім жетіп қойған-ды. Содан болар, соңғы минуттардағы сәттіліктерді қалай қабылдарымды білмей, матч бітіп қалса да, көпке дейін дел-сал боп, ақылдан адасып жүрдім» деп еске алады кейін Бекхэм.
«Ал, мен бәрібір ұтатынымызды сездім. Өйткені, бавариялықтардың қатты қалжырап, болмашы басымдықты сақтап қалудан өзге ештеңе ойламай жүргендері көрініп тұрды. Өзім ойынға ортадан қосылғандықтан, тың болатынмын. Мынадай шаршап қалған командаға гол соға алмасақ, несіне мықтымыз деп жүрміз деп жігіттерді қайрадым» дейді Солскьяр. Рас та болу керек, өйткені соңғы минуттарда оның белсенді әрекеттері көп нәрсені асты-үстіне келтірді.
Үстін-үстін соғылған екі доп «Бавария» футболшыларын есеңгіретіп тастады. Әлі де ойнайтын уақыт бар болса да, олар матчты бұдан әрі жалғастырғысы да келмеді. Теле кадрларда күйініштен жер тоқпақтаған Самуэль Куффурды қайта-қайта көрсетіп жатты. Оның мына сұмдыққа кімді жазғырғаны, кімді кінәлағаны белгісіз, ойын ортадан басталғанша әлденелерді айтып күйінумен болды. Әсіресе қосалқы орындықта отырған Маттеустің түрі тіпті аянышты еді... Осылайша оған Чемпиондар Лигасын жеңіп алудың мүлдем реті келмеді. Кейін ол: «1999 жылы мықты команда емес, жолы болғыш команда жеңді» деп мәлімдеген-ді.
Манчестерліктер гол соқпай жатып, жеңімпаз ретінде жеңіс баннерін дайындап отырған бавариялық жанкүйерлердің көңіл-күйлері біржола сынды.
Бавариялықтар ойынды ортадан ықылассыз бастады. Көп ұзамай Коллинаның соңғы ысқырығы естіліп, матч аяқталды. УЕФА президенті Леннарт Юханссон тіпті таңғалды: ойын аяқталмай жатып ложадан түсіп, төменге кеткен ол соңғы минуттардағы кәрі құрлықты дүрліктірген голдарды көрмепті. Кубокты алып қайта оралғанда ештеңеге түсінбей қалады. «Жеңімпаздар жылап, жеңілгендер қуанып жүр. Бұл қалай?» деп ойлағанын жасырмайды.
«Футбол? Сайтан алсын оны!». Алекс Фергюсонның финалдан соң айтқан осы бір сөзі көп уақытқа дейін баспасөз беттерінен түскен жоқ.
Протокол
[өңдеу | қайнарын өңдеу]26 мамыр 1999 |
|
Camp Nou, Барселона Көрермендер саны: 90,245 Төреші: Пьерлуиджи Коллина (Италия) |
||||||
|
|
|
|
Матчтан кейін
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Сәтсіз финалдан соң да Оттмар Хитцфельд өз қызметінде қалды. Көп ұзамай, 2001 жылы жол-жөнекей «Манчестер Юнайтедті» екі рет ұтып кетіп, қол жетпестей көрінген кубокты иеленді. Бұл кезде Лотар Маттеус командадан кетіп қалған-ды.
Сол бір аңыз матчтан соң МЮ аталмыш турнирде «Баварияны» қапы қалдыра алған емес. Топтық турнирлердегі тең ойындарды айтпағанда, 2001, 2010, 2015 жылғы маусымдардағы бұл екі клубтың өзара айқастарында мюнхендіктердің мерейі үстем болып жатты.
Испанияда өткен финалдар «Баварияға» оншалық сәттілік әкелмейтін сыңайлы. Арада 11 жыл өткен соң, 2010 жылы Мадридтегі «Сантьяго Бернабеуде» өткен Чемпиондар Лигасының финалында олар Италияның «Интерінен» 0:2 есебімен ұтылып қалды.
Сондай-ақ, манчестерліктерді де финалда жолы болғыш дей алмайсың, 2008 жылғы Мәскеудегі жеңістен соң да екі рет (2009, 2011) финалда ойнап, екеуінде де «Барселонадан» ұтылды.
Сілтемелер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]
|