Кардиология
- Кардиология (көне грекше: kardіa – жүрек және көне грекше: logos – ілім) – жүрек пен қан тамырларының құрылысы, қызметі және олардың ауруларының пайда болу себептері мен дамуы, белгілері және оларды анықтау, емдеу әдістері мен олардан алдын ала сақтану жолдары туралы ғылым, медицинаның бір саласы.
Зерттеу
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Сондай-ақ кардиология жүрегі мен қантамырлары зақымданған адамды аурудан айықтыру әдістерін жетілдірумен де шұғылданады. Республикада кардиология дербес ғылым ретінде Алматы мемлекеттік медицина институтында (қазіргі Қазақ ұлттық медициналық университеті) емдеу кафедрасы ашылысымен қалыптаса бастады (1935). Жалпы және жеке органдардағы, әсіресе, жүректегі қан айналысының жүйке, қан арқылы реттелуі жөніндегі мәселелерді зерттеп, интер- және экстроцепторлардың жүрек тамырларына, артериялық және веналық қысым мөлшеріне, лимфа айналысына тигізетін әсері, оның механизмі айқындалды (А.П.Полосухин, Н.О.Базанова, Р.Ә.Сәтбаева, А.М.Бекетаев, І.А.Бірімжанова, А.Е.Бөлекбаева, т.б.). Шокқа (есеңгіреу) қарсы арнайы сұйық дәрі дайындалды (Полосухин, т.б.). Жүрек пен қан тамырлары зақымданған кездегі холестерин алмасуы зерттелді (Т.Я.Полосухина, В.И.Якубовская), жүйке жүйесі қызметінің бұзылуының артериядағы қан қысымының өзгеруіне әсері анықталды (Б.А.Атшабаров). Маймен реакцияға түсетін, жүрек етін сергітетін өсімдік препараттары (Бунге киікотының сұйық сығындысы, хош иісті алабұта, т.б.) дәрігерлік практикаға енгізілді (Ф.Ж.Жұмағалиева, Р.Ә.Сәтбаева, т.б.). Республиканың әр өңірінде жүректің ишемиялық аурулары мен артериялық гипертонияның таралу жиілігі (Сәтбаева, М.Ш.Тастамбекова), жүрек және қантамыр ауруларының эпидемиологиясы мен одан алдын-ала сақтану жолдары анықталды (А.Ж.Рысмендиев), республикада артериялық гипертонияны емдеу мектебінің негізі қаланды (Ә.Жүсіпов). Қазақстанның өнеркәсіп орындарында істейтін жұмысшылар арасында артериялық гипертонияның таралуы (эпидемиологиясы), одан сақтану жолдары зерттелді (Ғ.А.Құлқыбаев, О.А.Әбдібаев, т.б.). Жүректің ишемиялық ауруларына антиоксидант және кальций әсерін бейтараптайтын дәрілермен әсер ете отырып, жүрек етінің зақымдануын тежеуге болатыны дәлелденді (Құлқыбаев, т.б.).
Аурудың алдын алу
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Жүрегі ауыратын жүкті әйелдерге кардиолология көмек көрсету тәсілдері зерттеліп, жүрек-қантамыр ауруларын анықтау әдістері ұсынылды (М.Төленов, т.б.). Шок (есеңгіреу), улану салдарынан өлім халіне келген адамды артериясына тез қан құю арқылы аман алып қалуға болатыны дәлелденді (Төленов). Туа пайда болатын жүрек ақауларын анықтау, оларды операция жасау арқылы емдеу әдістері, сондай-ақ қан тамыр хирургиясының әдістері табылды (В.С.Сергиевский, А.К.Ізмұқанов, Е.К.Нұғыманов, Ж.Х.Хамзабаев, т.б.). Жүрек ауруымен ауыратын адамдарды емдеуде тиімді табиғи факторларды (минералды сулар, шипалы балшықтар, қымыз және шұбат) ұтымды пайдалану, жаңа дәрілік препараттарды клиник. тәжірибеден өткізу және диагноз қоюда осы заманғы компьютерлік томографияны пайдалану іске асырылуда. Қазақстанда К. саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарымен Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты, Хирургия ғылым орталығы, Педиатрия және бала хирургиясы ғылым орталығы, медициналық университтер, Алматыдағы Дәрігерлер білімін жетілдіру институты, Адам және жануарлар физиологиясы институты шұғылданады.[1]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, IV том