Мазмұнға өту

Барыс (жануар)

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
 Басқа мағыналар үшін Барыс деген бетті қараңыз.
Барыс

Амандық күйі
Ғылыми топтастыруы
Дүниесі: Жануарлар
Жамағаты: Хордалылар
Табы: Сүтқоректілер
Сабы: Жыртқыштар
Тұқымдасы: Felidae
Кіші тұқымдасы: Pantherinae
Тегі: Uncia
Түрі: U. uncia
Екі-есімді атауы
Uncia uncia
(Иоганн Христиан фон Шребер, 1775)
Range map
Range map

Қар барысы, Ілбіс (лат. Uncia uncia) Орталық Азия тауларын, Солтүстік Үндістан, Пәкістан, Байкал, Тибет өңірлерін мекендейтін мысық.

Көп түркі және көшпенді елдер үшін, барыс ұлттық таңба. Алматы қаласының қалатаңбасында - барыс, Татарстан Республикасының елтаңбасында - қанатты барыс.

Қазақ ежелден барыстың тектілігін, батылдығын, айлакерлігін пір тұтқан. Дәстүрлі жыл санауымыздың үшінші жылы Барыс жылы. Барыс Алматы, Астана қалаларының төлтаңбаларында бейнеленген.[2]

Атауының шығу тарихы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Тува жерінде бұл түрді ирбиш, Жетісу жерінде ильберс, Алматының шығысында ирвиз, түркі тілдерінде ирбиз деп атаған. Сондықтан оны ілбіс немесе барыс деп атап кеткен.

Жыртқыштар отряды - Carivora. Мысықтар тұқымдасы – Felidae.

Түрдің таралуы Орталық Азия және Оңтүстік Сібір тауларын қамтиды. Алтай тауларында бірең-сараң аңмен кездесу Күршім, Холзун, Оңтүстік Алтай, Тарбағатай, сондай-ақ Бұқтырма, Қарақаба өзендерінің жоғарғы жағында, Марқакөл маңында байқалды. Тянь-Шань, Тарбағатай, Сауыр мен Алтайдың биік жоталарында таралған; таулардың альпі және субальпі белдеулерінде құзды, жартасты жерлерді мекендейді. Қаратауда (Сырдариялық) XX ғ. 40-шы жылдары жойылып кеткен. Іле және Жоңғар Алатауларының онша биік емес жоталары – Торайғыр, Сөгеті, Кіші және Үлкен Бөгеті, Қатутау, Ақтау, Шолақ, Матай, Алтынемелде барыс тұрақты мекендемейді, бірақ оларға анда-санда енгені байқалады.

Тасты құздар, негізінен, таудың субальпі және альпі белдеулерінде. Сонымен бірге, онша биік емес тауларда да олардың тік, тасты құзды беткейлерінде ұшырасады.

Барлық жерде саны өте аз; тек аздап Алматы қорығында жиірек кездеседі. Іле Алатауында 30-35, Теріскей Алатауында – 2-3, Кетпенде – 2-3 барыс тіршілік етеді. XX ғ. 60-80 жылдары Күнгей Алатауында оның іздері жиі кездесетін. Сол жылдары Жоңғар Алатауында 50 барыс тіршілік етті, ал Сауырда іздері ғана көрінді. Батыс Тянь-Шаньда сирек, Ақсу-Жабағылы қорығында 2-3 барыс өмір сүреді. XX ғ. 70-80 жылдары Қазақстанда барлығы 180-200-дей барыс бар екендігі анықталды, ал қазірде бұл көрсеткіш 120-130-дай ғана. Сирек, таралу аймағы тарылып, саны кемуде. Осы күні Қазақстанда жалпы саны - 200 бастан аспайды; санының кемуінің негізгі себептері - қасақылық және негізгі қоректік объектілер (таутеке, арқар, елік) санының азаюы.

1976 және 1985 жылдары барыстар Алматы хайуанаттар бағында өсіп-өнген. Ақсу-Жабағылы, Алматы және Марқакөл қорықтарында және үш қорықшаларда қорғалады. Жоңғар қорығын ұйымдастырып, қазіргі бар қорықшаларда қорғау жұмыстарын жақсарту қажет.

Биологиялық ерекшеліктері

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Барыс – мысық тұқымдасына жататын жыртқыш аң. Дене тұрқы 125 – 135 см, биіктігі 60 см (шоқтығынан алғанда), құйрығы 90 – 100 см, салмағы отыз – қырық килограмдай. Түсі көк сұр, теңбіл шұбар, сақина тәрізді дөңгелек қара дақтары бар, жүні ұзын әрі қалың. Қазақстан мен Орталық Азияның биік тауларында (2000 м-ден астам) кездеседі. Оның ең көп жүретін жері – басын мәңгі қар басқан тасты тік беткейлер мен қиялар. Қыста қар қалың түскенде, барыс таудың орманды белдеуіне дейін төменге түседі. Барыс тұяқты жануарларды, әсіресе, арқарды, тау текені, тау ешкілерін, еліктерді, ал құстардан ұлар мен кекіліктерді ұстап жейді. Қорегін негізінен іңірде немесе түнде аулайды. Қазақстандағы барыстың саны жүз сексен – екі жүздей. Олар негізінен Ақсу-Жабағылы, Алматы, Марқакөл қорықтары мен Алматы, Лепсі, Тоқты қорықшаларында мекендейді. Аулауға тыйым салынған, санының азайып кетуіне байланысты халықаралық және ұлттық «Қызыл кітапқа» (1996) енгізілген.

Бір жерде тұрақты тіршілік етеді, бірақ күн көру жағдайы нашарлағанда кейде алысқа қоныс аударуы мүмкін. Қыста тұяқты аңдар тау етектеріне қарай түскенде, барыстарда сол маңға қарай қоныс аударады. Оның негізгі азықтары –таутеке, елік, қабан, марал, арқар, қоян, шақылдақ, ұлар мен кекіліктер. Жыныстық жағанан екі жасында жетіледі. Күйге түсуі – ақпан-наурыз айларында, балаларын мамыр-маусым айларында туады. Әдетте 1-5, сирек – 2-3 жас барыстар дүниеге келеді.

Қолда өсіру

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Хайуанаттар парктерінде ұсталады және жақсы көбейеді.

Қорғау шаралары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Негізгі шектеуші факторлар браконьерлік, қоректер санының кемуі.

СИТЕС-дің 1-ші қосымшасына енгізілген. Ақсу-Жабағылы, Алматы, Марқакөл, Батыс Алтай қорықтарында, Сайрам-Өгем, Іле-Алатау, Катонқарағай ұлттық парктерінде және бірқатар қорықшаларда қорғалады.

Қажетті қорғау шаралары: Ерекше қорғалатын табиғи территориялар ұйымдастыру, қарғаудың тиімділігін арттыру және браконьермен күресті күшейту қажет.

Зерттеу жөніндегі ұсыныстар: Соңғы оншақты жыл ішінде барысты ғылыми зерттеу болған жоқ. Сондықтанда Қазақстандағы барыстың қазіргі жағдайын терең зерттеу керек.[3]

III-ші санат. Ареалы қысқарып, саны азайып келеді. Барысты 2-ші санатқа көшіру керек. Халықаралық табиғат қорғау Одағының (МСОП) қызыл тізіміне (ЕN – санаты), Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей Қызыл кітаптарына енгізілген.

Генофондысын сақтау үшін таксонның маңызы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Дүниежүзілік және Қазақстан фауналарында туыстың жалғыз өкілі.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Cat Specialist Group (2002). Uncia uncia. 2006. IUCN Red List of Threatened Species. IUCN 2006. www.iucnredlist.org. Retrieved on 11 мамыр 2006.
  2. Қазақ Энциклопедиясы
  3. 1. Слудский, 1973; 2. Грачев, Федосенко, 1977; 3. Федосенко, 1982; 4. Жиряков, Байдавлетов, 2002; 5. Джаныспаев, 2002; 6. Березовиков, 1982; 7. Шербаков, Кочнев, 1986; 8. Анненков, 1982; 9. Зинченко, Березовиков, 1986; 10. Грачев, 2002; 11. Колбинцев, 2001.