Қарақорым
Қарақорым – Орталық Азиядағы тау жүйесі, Жер шарындағы аса биік тау жүйелерінің бірі. Ұзындығы 800 км, орташа биіктігі 5500 м-дей. Ең биік жері – Чогори шыңы (8611 м), ол биіктігі жағынан Джомолунгма шыңынан кейін екінші орында. Қарақорым тауында Қытай мен Үндістан шекаралары түйіскен. Солтүстігінде Памир және Куньлунь, оңтүстігінде Гималай және Гандисышань тау жүйелерінің аралығында орналасқан.
Климаты тым континенттік. Инд өзенінің аңғарында 3500 м биіктікте орналасқан Лех елді мекеніндегі қаңтар айының жылдық орташа температурасы – 8°С, шілденің орташа жылдық температурасы 16 – 18°С. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері тау жүйесінің етегінде 100 мм-дей, 5000 м биіктікте 500 мм. Гималайға қарағанда құрғақтау болса да, мұзданудың аумағы (16,3 мың км2) үлкен. Ең ірі мұздығы – Сиачен (ұзындығы 75 км, ауданы 1180 км2). Одан басқа Хиспар (ұзындығы 62 км), Биафо (59 км), Акташ (56 км), Балторо (52 км, ауданы 1227 км2) мұздықтары бар. Еріген қар мен мұздың сулары Инд және Тарим өзендерінің алабын құрайды. Тауаралық қазаншұңқырларда тұйық көлдер мен сор жерлер кездеседі.
Раскемдария өзенінің жоғарғы бөлігінде бұта шоғырлары, терек, жабайы алма, алмұрт, өрік, т.б. ағаштар кездеседі. Оңтүстік беткейлерінің 2000 – 3500 м тауаралық аңғарларында қарағай, Гималай самырсыны, терек, қайың шоқтары өседі. 3000 – 4000 м биіктікте тау ешкілері (маркор), жабайы қой, киіктер (оронго және ада), жабайы есек, 3800 м-ге дейін барыс, 4000 м-ге дейін қылшықты қоян және аю мекендейді. 5000 м-ден жоғарыда тур, сұңқар мен қаршыға тіршілік етеді. 6000 м биіктікте бүйі, көбелек, маса кездеседі. Тау алқаптарында ладакхтар, балти, хунза, брокпа, т.б. тибет халықтары тұрады. Олар жеміс-жидек жинаумен, тау аңғарларындағы жазық өңірлерде бидай, бұршақ егумен шұғылданады. Жүзім, алма, өрік, қараөрік өсіреді. Өзен, көлдердің жағалауларында қой, ешкі, қодас және пони жайылады. Тау жүйесінің басым бөлігі әлі толық зерттелмеген.[1]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ “Балалар Энциклопедиясы”, V-том
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл мақалада еш сурет жоқ.
Мақаланы жетілдіру үшін қажетті суретті енгізіп көмек беріңіз. Суретті қосқаннан кейін бұл үлгіні мақаладан аластаңыз.
|
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |