Химиялық қосылыстар
Химиялық қосылыстар, химиялық заттар — бір немесе бірнеше элемент атомдарының химиялық байланысу нәтижесінде құралған заттар. Химиялық қосылыстар химиялық реакциялар көмегімен алынады. Қандай жолмен және қандай жағдайда алынса да таза Химиялық қосылыстардың сандық және сапалық құрамы тұрақты болады. Химиялық қосылыстарға молекуласында ковалентті байланысқан атомдары бар жай заттар да жатады (азот N2, оттек O2, сутек , Н2 және т.б ) Химиялық қосылыстардың құрамы химиялық формулалар түрінде өрнектеліп, құрылымы формулалармен беріледі. Химиялық қосылыстардың негізгі қасиеті құрам тұрақтылық заңына және еселік қатынас заңына байланысты, сондықтан әрбір Химиялық қосылыстардың өзіне тән химиялық, физикалық, оптикалық, т.б. қасиеттері болады. Химиялық қосылыстар химиялық реакциялар нәтижесінде алынады. Ол түзілгенде энергия бөлінеді не сіңіріледі (Экзотермиялық реакция, эндотермиялық реакция). Алынған қосылыстың физикалық, химиялық қасиеттерінің бастапқы алынған заттардың қасиеттерінен айырмашылығы болады (қ. Изомерия). Химиялық қосылыстар органикалық емес (қ. Анорганикалық химия) және органикалық (қ. Органикалық химия) болып бөлінеді. Осы кезде 100 мыңнан аса органикалық емес, 3 млн-нан аса органикалық Химиялық қосылыстар белгілі.[1]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ "Қазақ Энциклопедиясы", 9 том
Бұл мақалада еш сурет жоқ.
Мақаланы жетілдіру үшін қажетті суретті енгізіп көмек беріңіз. Суретті қосқаннан кейін бұл үлгіні мақаладан аластаңыз.
|