Мазмұнға өту

Мелодрама

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Мелодрама (гр. melosөлең және драма) — драма жанрының бір түрі. Шиеленіскен тартысқа құрылатын, моральдық тенденциялармен ерекшеленетін пьесалар. Мелодраманың пайда болуы 18 ғасырдағы француз ағартушы демократиялық ағыммен тығыз байланысты. Алғашқы мелодраммалар 18 ғасырдың аяғында Француз буржуазиялық төңкерісі жылдары пайда болды (“Монастырь құрбандары”, Монвель, 1791; “Робер, қарАқшылар атаманы”, Амартельер, 1792, тағы басқа). Олар әлеуметтік әділетсіздікке, тиранияға, діни фанатизмге қарсы жазылған пьесалар еді. Мелодрама авторлары сюжетті негізінен “үрей мен құпия” жайындағы немесе “готикалық” романдардан алды. 18 ғасырдың аяғы мен 19 ғасырдың басында Францияда мелодрамманың көрнекті өкілдері — Г.Пиксерекур, Л.Ш. Кенье, Кювелье де Три, Ұлыбританияда М.Г. Льюис, Т.Холкрофт, тағы басқа болды. Мелодрама классицизм ережелерін бұзып, романтиктік драманы қалыптастыра бастады. Мелодрама авторлары трагедия мен комедияны үйлестіріп, драматургия тақырыбын кеңейтті. 19 ғасырдың 20-жылдары мелодраммада көңілсіз оқиғалар басым келіп, соңы трагедиямен аяқтала бастады. Мелодраманың романтиктік драмаға жақындауы әсіресе В.Дюканждың (“Отыз жыл немесе Ойыншының өмірі”, 1827; “Ламмермурлық қалыңдық”, 1828, тағы басқа) шығармаларында айқын көріне бастады. 19 ғасырдың 20 — 40-жылдары ағылшын мелодраммасында өмірлік, шынайы сарындар пайда болды. Мелодрама актерлік өнердің қалыптасып, дамуына ықпалын тигізді.Классицизмге тән рационалистік догмалары жоқ мелодрама актер шығарманың диапазонын кеңейтті. 19 ғасырдағы романтиктік және реалистік бағыт-бағдардағы театрлар жасаған сахналық реформаларға түрткі болды. Қазіргі кезеңде мелодрама ұғымы кино өнеріндегі жанрдың атауы ретінде де қолданылады. Қазақ киносында мелодрамалық сарындағы телесериалдар (“Тоғысқан тағдырлар”, “Шегіртке”) түсіріліп, көрермендер назарына ұсынылды.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8