Мазмұнға өту

Ингаляция

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Ингаляция (лат. іnhalatіo – дем арқылы жұту, дем тарту) – емдік мақсатта биологиялық активті заттарды не дәрі-дәрмектерді дем арқылы организмге енгізу әдісі.

Ингаляцияның табиғи (ионға және озонға толы тау ауасын, тұзды және ылғалды теңіз ауасын, қылқан жапырақты ормандағы бальзамды және озонды ауаны, т.б. дем арқылы ішке тарту) және жасанды (арнаулы ингаляторлардың көмегімен) түрлері бар (мысалы, аэрозольингаляция, аэроионоингаляция, электраэрозольингаляция, т.б.). Будың екпінімен немесе сығылған ауамен дәрілік заттар ингалятор арқылы ауру адамның тыныс алу жолдарына түседі. Майда бөлшектенген дәрілік заттар тыныс алу жолының сілекейлі (шырышты) қабықшасымен тікелей жанасып, тез қанға сіңеді де, аурудан тезірек айығуға себін тигізеді. Арнайы ингаляциялық ерітінділер мен қоспалар тыныс жолдарынан сілекей (шырыш) мен қақырықты түсіруді жеңілдетеді. Ингаляция емі ринит, гайморит, бронхит, созылмалы өкпе қабынуы, т.б. ауруларды емдеу және олардың алдын алу үшін дәрігердің ұсынысы бойынша ғана қолданылады. Мұрыннан қан кеткенде, қан түкіргенде, жүрек-қан тамырларының не тыныс алудың тапшылығы сипат алған өкпе және жүрек аурулары кезінде, гипертония ауруларында, т.б. ингаляцияны жасауға болмайды. Жеке пайдалану үшін құрылымы әр түрлі, қалтаға салып жүретін ықшам ингаляторлар шығарылды. Мысалы, “астмопент”, “ингалипт”, “ингакамф”, т.б. ингаляторлар даяр дәрі қоспасымен (камфора, ментол, эвкалипт майы) толтырылған. Ал кейбір түрінде, мысалы, махольда ингаляторында бүріккіш бар, оған пайдаланар алдында қажетті дәрі қоспасын толтырады. Ингаляцияның ұзақтығы 1 – 3 мин, қолдану жиілігі күніне 3 – 5 рет.[1][2]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, IV том
  2. Шаңырақ : Үй-тұрмыстық энциклопедиясы. Алматы : Қаз.Сов.энцикл.Бас ред., 1990 ISBN 5-89800-008-9