Мазмұнға өту

Ринит

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Аллергиялық емес ринит механизмі

Ринит, мұрын бітелу — мұрын қуысының шырышты қабатының қабынуы. Ауруды мұрын қуысына түскен микробтар мен вирустар тудырады.

Қоздырғыштардың дамуына организмнің мұздауы, ауаның құрамында шаң-тозаң мен зиянды газдар мөлшерінің артуы, гүл тозаңдары (қ. Поллиноз) әсер етеді. Көп жағдайда Ринит жұқпалы аурулардың (тұмау, дифтерия) әсерінен де болады. Риниттің жедел және созылмалы түрлері бар. Кейде вазомоторлы (вегетативті жүйке жүйесінің қабынуы) және аллергиялық (организмнің аса сезімталдығы) түрлері де кездеседі. Аурудың бастапқы кезінде мұрынның шырышты қабаты ісінеді, науқастың тамағы қызарып, құрғайды. Бірнеше күннен кейін мұрыннан сұйық іріңді бөлінді ағады. Бұл кезде дене температурасы аса көтерілмейді, бірақ науқастың басы ауырып, тыныс алуы қиындайды, көздің шырышты қабатының қабынып, көзі жасаурайды. Әсіресе мұрын бітелуі нәрестелерде ауыр өтеді, себебі, олардың мұрын қуысы тар болады да, мұрын жолдарының шамалы ісінуі нәрестелердің тыныс алуына, емшек емуіне кедергі жасайды. Кейде қабыну мұрын-жұтқыншақтың шырышты қабатына, есту түтікшесіне, көмейге, кеңірдекке, тіпті өкпеге де таралуы мүмкін. Ауруды дер кезінде емдемесе, асқынып, созылмалы түріне ауысады.

Емі: аурудың бастапқы кезінде денені жылы ұстап, бал немесе таңқурай қосылған шай ішу, мұрын ішіндегі қан тамырларын тарылтатын ерітінділер (санорин, галозалин, т.б.) қолдану. Ринитті болдырмау үшін денені шынықтырып, спортпен шұғылданған жөн; үйде және жұмыс орнында жеке бастың гигиенасын сақтау қажет; егер жұмыс орны шаң-тозаң, улы газбен байланысты болса, респираторлық немесе қорғаныш дәкесін қолдану керек.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VIII том
Ортаққорда бұған қатысты медиа файлдар бар: Category:Rhinitis