Мазмұнға өту

Зегерс Анна

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
A.
Зегерс Анна (1966)

Зегерс Анна, шын аты-жөні Нетти Радвани (19.11.1900, Германия, Майнц қаласы – 7.8.1983, Берлин) – неміс жазушысы. Көне заттар жинаушының отбасында дүниеге келген. Гейддельберг университетін бітірген (1924). “Санкт-Барбара балықшыларының көтерілісі” (1928) атты алғашқы повесінде сол кездегі Германияда етек алған әлеуметтік қайшылықтар баяндалады. Ол “Серіктестер” (1932) романында фашизмнің төніп келе жатқан қауіп-қатерінен отандастарын сақтандырды. 1933 жылы Германиядағы үкімет басына ұлтшыл-социалистер келгеннен кейін Зегерс Германиядан кетіп, саяси эмигрант ретінде Францияда, соңынан Мексикада (1940) тұрады. “Бағаланған бас” (1933), “Ақпаннан басталған жол” (1935), “Құтқару” (1937), “Жетінші крест” (1942), “Транзит” (1943) романдарында фашистердің ел басына төндірген апаты суреттеледі. Зегерс 1947 жылы эмиграциядан еліне (ГДР-ге) оралып, көптеген повестер, әңгімелер мен новеллалар жинақтарын шығарды. Халықаралық Лениндік сыйлығын алды (1951). Бірқатар шығармалары “Ашынғандар” (1971) деген атпен қазақ тілінде басылып шықты. Зегерс қазақ халқының ұлы жазушысы М.Әуезовпен жеке дидарласып, “Абай жолы” эпопеясын оқығаннан кейінгі өзінің қуанышы мен таңданысын жазып қалдырған.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. "Қазақ Энциклопедиясы",4 том 3 бөлім