Бетон

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
A.
Бетон.

Бетон[1], (фр. béton, лат. bitumen — тау шайыры), құйматас — жасанды тас материал; байластырғыш заттар (цемент, гипс, алебастр, әктас, т.б.), су (кейде сусыз) және толтырғыш материалдар (құм, малтатас, қиыршықтас, т.б.), кейде арнайы үстеме заттар қоспасының қатаюы нәтижесінде алынады; маңызды құрылыс материалы. Қоспа қалыпқа құйылғанға дейін бетон қоспасы деп аталады.

Бетон құрамындағы байластырғыш түріне қарай: органикалық емес байластырғыштармен алынған бетон (цементті бетон, гипсбетон, силикатты бетон, т.б. арнайы бетондар) және органикалық байластырғыш заттармен алынған бетон (асфальтбетон, полимербетон) болып жіктеледі. Орташа тығыздығына (көлемі бойынша) байланысты аса ауыр (2500 кг/м3-ден жоғары), ауыр (1800 — 2500 кг/м3), жеңіл (1800 — 500 кг/м3), өте жеңіл (500 кг/м3-ден төмен) болып бөлінеді.

Қолдану түріне қарай құралымдық, құралымдық-жылу оқшаулағыш, жылу оқшаулағыш және арнайы жасалған бетондар (отқа төзімді, қышқылға төзімді, жолға төсеуге арналған, т.б.) болып ажыратылады.

Бетонның ең басты қасиеті оның беріктілігінде. Беріктілігі негізінен байластырғыш материалдардың түрі мен сапасына, бетонның орташа тығыздығына байланысты. Сондай-ақ, ол бетон бұйымдарының маркасымен (сығымға беріктілік шегімен, осьтік созылуымен немесе иілу кезіндегі созылуымен) сипатталады.

A.
Цемент және құм.

Бетонды алғаш рет ертедегі римдіктер күмбез, арка сияқты әсемдік-сәндік құрылыстарда пайдаланған. Рим империясының күйреуімен бетонды пайдалану тоқтап, тек 18 ғасырда Батыс Еуропа елдерінде қайта қолданылды. 20 ғасырдың 40-жылдарынан бастап құрылыстың қарқынды дамуына байланысты Қазақстанда бетон кеңінен пайдаланыла басталды. Қазіргі уақытта Теміртау мен Павлодарда кеуек бетон, Астана, Алматы, Семей, Шымкент, Атбасар қалаларында керамзит бетон, ал Теміртау қаласында отқа төзімді бетон өндіріледі.

Бетон технологиясы бойынша зерттеулер 20 ғасырдың 50-жылдары Қазақстанның Архитектура, құрылыс және құрылыс материалдары институтында (1965 жылдан Алматы құрылыс материалдары ғылыми-зерттеулер және жобалау институты) басталды.

  • Институтта бетонның суға төзімділігі зерттелді (А.И. Минас).
  • Бетон қоспасының қатаюын тездету, үстеме қоспалар қосудың әдістері табылды (Ө.А. Аяпов).
  • Жеңіл кеуек бетон түрлерін дала шпаты құмдарынан алу технологиясы жасалды (Қ.Қ. Қуатбаев, П.А. Ройзман).
  • Бетон алу жұмыстарында бетон құрамына өндіріс қалдықтарын (шлак, күл, т.б.) қосу арқылы олардың сапасын арттыруға болатындығы анықталды (Ө.А. Аяпов, т.б.). Қазір бетон жасау технологиясын жетілдіру және оның сапасы мен тиімділігін арттыру жөнінен көптеген ғылыми зерттеулер (Алматы, Қарағанды, Өскемен, Шымкент, т.б.) жүргізілуде.[2]

Бетон[3] - гравийдің, қиыршықтастың, малтатастың, қиынды тастың цемент немесе басқадай тұткыр материал ертіндісімен араластырып жасаған, тез қатаятын қоспасы. Бетон түрлері:

  • тез қататын бетон;
  • су өткізбейтін бетон;
  • ауа өткізбейтін бетон;
  • беріктігі жоғары бетон;
  • жеңіл бетон; ауыр бетон;
  • кеуекті бетон.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі: Химия. Н.Нұрахметов, А.Ниязбаева, Р.Рысқалиева, Н.Далабаева. — Алматы: "Мектеп" баспасы, 2007. — 336 бет. ISBN 9965-36-416-8
  2. «Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл, ISBN 5-89800-123-9, II том
  3. Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Механика / Жалпы редакциясын басқарған э.ғ.д., профессор Е. Арын — Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ. 2007 жыл.-29 1 б. ISBN 9965-08-234-0