Мазмұнға өту

Depeche Mode

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Depeche Mode
суреті
Негізгі ақпарат
Жанрлары

Синтипоп, Нью-вейв, Электроник-рок, Индастриал-рок, Альтернативті-рок

Белсенділік
жылдары

1980 - қазіргі уақыт

Мемлекет

 Ұлыбритания

Қайдан

Базилдон, Англия

Лейблдері

Mute, EMI, Reprise, Sire, Virgin, Capitol, Columbia

Топ құрамы

Мартин Гор, Дэйв Гаан

Бұрынғы
қатысушылары

Эндрю Флетчер, Винс Кларк, Алан Уайлдер

http://www.depechemode.com/

Depeche Mode (Депеш Мод француз тілінен - «Мода жаршысы») — 1980 жылы Англияда пайда болған аты аңызға айналған музыкалық топ. Базилдон қаласында құрылған ұжым электрондық музыка саласында өзіндік сарынмен танылған әрі жалпы музыка дамуына үлес қосқан.

Шығармашылығын 30 жыл бойына жалғастырып келе жатқан Depeche Mode құрамы екі рет өзгеріске ұшырады. 1981 жылы тұңғыш күйтабақ шыққанда мүшеліктен шыққан Винс Кларктың (Vince Clarke) топтағы орнын басқан Алан Уайлдер (Alan Wilder) ұжымда 1982-1995 жылдары жұмыс атқарды. 2022 жылы топ негізін қалаушылардың бірі Эндрю Флетчер дүниеден озды. Топ құрылған кезден бастап мүше болған Дэйв Гэан мен Мартин Гор белсенді жұмыс жасап келеді.

Құрылу тарихы (1977–1979)

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Англияның бас қаласы Лондонның маңында Базилдон деген кент бар. Осы қалада тұрмыс кешіп жатқан ескі достар Эндрю Флетчер (Andrew Fletcher) мен Винс Кларк есімді екі жасөспірімге 1976 жылы музыкалық ұжым құрайық деген ой келеді. Эндрюдің бас-гитарада, ал Винстің синтезаторда ойнайтындығы No Romance In China атты топ құруына себеп болады. 1979 жылы Гор мен Кларк қатысқан French Look атты дуэт оған Флетчердің қосылуынан соң атауын Composition of Sound деп ауыстырды. Мұнда жас музыканттар синтезатор, гитара мен бас-гитарада ойнады. Вокалист болған Кларктің өзіне бұл рөл ұнамаған болса керек: ұжым мүшелері негізгі вокалист болатын адамды іздестірулерін жалғастырды. Лондон маңындағы өткен концерттердің бірінде Дэвид Боуидің (David Bowie) «Heroes» әнін орындаған Дэйв Гэан Кларкты әуезді дауысымен тән-тамаша қалдырып, көп кешікпей өнер ұжымына қабылданған болатын. Көпшілікке таралған ақпар бойынша, топ мүшесі атанған Гэан топты Depeche Mode, яғни «Мода жаршысы», «Моданың соңғы жаңалықтары» деп атау керектігі жөніндегі идеяның бастамашысы болды. Бұл атау француз журналының атынан алынған.

Алғашқы қадамдар (1980-1981)

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Жас музыканттар шығармашылығының тұңғыш туындысы «Photographic» әні болды. Топ бұл туындыны тәуелсіз дыбыс жазу студиялардың бірінде жазу үшін әрең қаражат табады. Сәлден соң «Бридж Хауз» (Bridge House) клубында өнер көрсетіп жүрген оларды Mute Records дыбыс жазу компаниясының негізін салушы Даниэл Миллер (Daniel Miller) байқап қояды. Музыканттардың болашағынан үміт күттіретінін уақытында сезген ол топқа әріптестік ұсынады. Мұның нәтижесінде 1981 жылы ақпанда «Dreaming of Me» әні жарық көрді. Британдық чарттарда 57-орынға тұрақтаған бұл синглдан кейін «New Life» 11-орынды иемденді. Үш айдан соң, ұжым өзінің алғашқы елеулі туындысын тыңдарманға ұсынып, ол Ұлыбританияда 8-орын алды. Ол қазіргі кезде көпшілікке мәлім «Мен қанбаймын» - «Just Can’t Get Enough» синглы еді. Тұңғыш күйтабақ та көп кешікпей тыңдарманға жол тартты. 1981 жылдың қарашасында шыққан Speak & Spell альбомындағы әндердің басым бөлігі (екеуі Мартин Гордың үлесінде) топтың бас сазгері Винс Кларкпен жазылған болатын. Ұжымның әрідегі болашағына сенбестікпен қараған Кларк әр түрлі сылтаулармен топтан шықты. Мұндай қиындықтарға еш күйінбеген Гор, Флетчер мен Гэан сол жылы «Мелоди Мейкер» газетіне «Музыкалық топқа пернетақташы қажет» деген мәтіні бар жарнама орналастырады. 22 жасар Батыс Лондон тумасы Алан Уайлдер бірнеше сынақтардан кейін ұжым құрамына қабылданады. Дегенмен, Аланның шығармашылығы тек біраздан соң, үшінші күйтабақтан ғана көрініс бере бастайды.

Гор тізгінді қолға алды (1982)

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Кларк кеткен соң бұрын да ән жазудың тәжірибесі бар Гор топтағы шығармашылық тізгінді қолға алады. 1982 жылы қыркүйекте жарыққа шыққан, ұжымның өтпелі кезеңінің туындысы A Broken Frame топ шығармашылығының қай бағытта өрбитіндігінен хабар берді. Күйтабақтың тұңғыш «See You» синглы Британияда таңдаулы әндердің қатарынан табылып, жұртшылыққа Мартин Гордың дарындылығын көрсетті.

Өндірістік тақырыпта (1983-1985)

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Construction Time Again атты үшінші күйтабақты жазу кезінде топ музыкасында елеулі өзгерістер орын алды: сандық синтезаторларды пайдалану көрініс бермей қоймады. Онымен бірге, ұжым күнделікті тіршіліктегі дыбыстарды, өндіріс орындарының шуларын шығармашылығына серік етті. Әндер қозғайтын тақырыптар да өткірлене бастайды. Мәселен, «Construction Time Again» альбомының «Everything Counts» әні араны ашық трансұлттық компаниялар туралы болса, келесі күйтабақтағы «People Are People» синглы нәсілшілдік мәселелерін қозғады. Осының барлығы топтың британ аралдарынан өзге де жерлерге мәлім етті. «Everything Counts» Батыс Алмания, Оңтүстік Африка, Швейцарияда үздік отыздыққа енсе, «People Are People» тұңғыш рет хит-парадта жеңіске жетті. Бұл Батыс Алманияда тіркелді. Алан Уайлдер де ұжым шығармашылығына үлес қоса бастауы «Construction Time Again» күйтабағынан бастау алды. 1984 жылы шыққан Some Great Reward альбомы Depeche Mode-тың халықаралық аренада танылуына зор септігін тигізеді. Дәл осы кезден бастап, топ Алмания, АҚШ, Австралия және тағы да басқа елдерде кеңінен танылады. 1985 жылы топ «It’s Called a Heart» және «Shake The Disease» атты екі жеке ән шығарды. Біріншісі әлі күнге дейін ұжымның ең түсініксіз туындысы болса, екіншісі бірден жанкүйер қауым құлағына жағымды тиді. Гэан бұл жөнінде: «біздің шын фанатымыз деп, «It’s Called a Heart»-ты сүйетін адамды айтуға болады», - дегені бар.

«Нағыз» Depeche Mode-тың өмірге келуі немесе кемелдену шағы (1986-1988)

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Алматының орталық алаңында Желтоқсан оқиғалары болған жылы Depeche Mode Black Celebration атты бесінші күйтабағын жазып шығарады. Бірте-бірте, «өндірістік» тақырыптағы әуезден алыстай бастаған музыканттар тыңдарманға бұрынғыдан әлдеқайда қанық дыбыс пен Гор жазған мазмұнды мәтін ұсынды. Көпшілікке ұжымның нағыз келбетін айқындаған бұл күйтабақ өмірдің бұлыңғыр тұстарын баяндады. Жанкүйерлердің сүйікті әндерінің бірісіне айналған «A Question Of Time» синглына түсірілген бейнеклип голландтық Антон Корбайнмен (Anton Corbijn) ұзақ мерзімді әріптестік әрі достық қарым-қатынасқа жол ашты. Топтың алтын қорына енген бейнебаяндар, концерттік түсірілімдер, күйтабақ орамалары Антонның ойынан шыққан туындылар.

Келер жылы топ өз тыңдармандарына тағы бір тосын сыйлық әзірледі. 1987 жылы 13 сәуірде «Strangelove» әні жарық көрді. Ұлыбритания чарттарында аса жоғары көтерілмегенімен (16-орын), бұл ән топты басқа қырынан көрсетті. Сәлден соң, әлі күнге дейін DM сүйер қауым арасында ерекше ықыласқа ие «Never Let Me Down Again» синглы жарияланды. Ал, сол жылдың қоңыр күзінде миллиондық таралыммен сатылған Music For The Masses күйтабағы шықты. Альбом шығысымен басталған «For The Masses» әлемдік туры аясында топ Еуропа, АҚШ және Жапонияда өнер көрсетіп, әлемдік саяхатын 1988 жылы 18 маусымда 85 мың көрермен алдында АҚШ-тың Пасаденасындағы Rose Bowl стадионындағы 101-концертімен қорытындылайды.

Шығармашылық шыңы (1989-1994)

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Осы уақыт аралығы топ тарихына алтын әріппен жазылған. 1990 жылы шыққан Violator күйтабағы музыка сүйер қауымның жүрегін жаулап алған «Personal Jesus», «Enjoy the Silence», «Policy of Truth», «World in My Eyes», «Clean» секілді әндерін қамтыды. Аталған туындылардың алғашқысы Rolling Stone журналының нұсқасы бойынша музыка тарихындағы үздік 500 әннің қатарына енді. Топтың әлемдік музыка саласына тигізіп жатқан ықпалының өсуі айқындай түсті. 1990 жылы ақпанда шыққан «Enjoy the Silence» синглы ұжымның ең танымал әндеріне айналды. Violator альбомы Ұлыбритания мен АҚШ-та үздік ондықтан орын алып, Құрама Штаттарда 3,5 миллиондық таралыммен үш мәрте платиналық жүлдегер атанды.

1993 жылы жарық көрген Songs of Faith and Devotion альбомы кезекті өзгерістердің басын ашты. Мұндағы музыкада синтезаторлардан гөрі, аспаптық әрлеу (аранжировка) мен жанды дауылпаздарға басымдық берілген. Ұлыбритания мен АҚШ-та 1-орынды иемденген «I Feel You» әні гранждық стильде жазылды.

Ауыр кезең (1995-1996)

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Кемеліне жеткен топ бұл кезде әлемнің үздік музыкалық ұжымдарының қатарынан ойып тұрып орын алды. Алайда, топтағы ішкі кикілжіңдер де осы шақта өткір көрініс бере бастады. Дэвид Гэанның есірткіге құмарлығы оның мінез-құлығы мен топ мүшелерімен қарым-қатынасына әсерін тигізді. Осыған байланысты бірнеше мәрте ызалығын танытқан Мартин Гор топқа ыдырау қаупі төніп тұрғанын сезіне бастайды. 1995 жылы Алан Уайлдер топ құрамынан шығатынын мәлімдеді. Оның сөзінше, оған себеп: «топтағы жұмыс ахуалы мен ішкі қарым-қатынасқа қанағаттанбаушылық» болды. Уайлдер соңғы альбомдарға сіңірген жеке еңбегі лайықты бағаланбағанын да айтып кетті. Ол өзінің шығармашылығын дербес Recoil атты жобасында жалғастырды. Дэйв Гэанның психикалық жағдайы мен нашақорлығы оны өлімге аз-ақ қалатын халге әкеп соқтырады. Ұжымның жағдайының мүшкіл екендігіне қарамастан, Гор топ мүшелерін ымыраға келтіріп, басын қосуға барынша тырысып бақты. Ақыры, Мартиннің еңбегі жемісін бере бастайды: Гэан туыстарының өтініштеріне құлақ салып, 1996 жылы героиндік тәуелділіктен біржолай емделіп шығады.

Жаңа өмірге қадам басу (1997-2000)

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

1997 жылы Гор, Гэан мен Флетчер триосы Ultra күйтабағын жариялады. Оның алдында «Barrel of a Gun» мен «It’s No Good» синглдары жарық көреді. Ұлыбританияда бұл альбом бірінші орыннан көрінеді.

Exciter альбомы көпшіліктің аса үлкен ықыласына ие болды демеспіз. Дегенмен, оған енген әндер тыңдарманға мүлде жақпады деуге де болмайды. Махаббат тақырыбындағы лирикалық «Freelove», «Goodnight Lovers» пен ырғақты «I Feel Loved» үндері көпке дейін радиостанциялардан естіліп тұрды. Осыдан кейін Гор мен Гэан топтағы шығармашылығымен қоса, жеке жобаларымен айналыса бастайды. Оған қоса, топтың жиырма жылдық «The Singles 1981–2001» антологиясы жарық көрді. Ал, Париждегі концерт «One Night In Paris» DVD жинағына енді.

2005 жылы 17 қазанда шыққан он бірінші студиялық күйтабақ – Playing the Angel тәуір рецензияларға ие болды. Жанкүйерлердің көпшілігі оны топтың бұрынғы әуезіне қайта оралудың басы деп есептейді. Альбомға енген әндердің бір бөлігі, дәлірек айтқанда үшеуі Дэйв Гэанның үлесінде. Қалғаны әлбетте, Гордікі. 2005 жылдың қарашасынан 2006 жылдың жазына дейін «Touring The Angel» күйтабақты қолдау туры орын алды. 2006 жылы қыркүйекте осы тур аясындағы миландық концерт «Touring The Angel: Live In Milan» жинағына енді.

2006 жылы 2 қарашада Depeche Mode MTV Europe Music Awards «Үздік топ» жүлдесін ұтып алды.

Келесі айда топ «Үздік би әні» санаты бойынша Grammy номинациясына ұсынылды.

2007 жылы MTV Europe Music Awards үздік халықаралық орындаушы номициясына ұсынылды.

«Tour of the Universe». Лондондағы O2 Arena-дағы концерт, 2009 жыл желтоқсан

«Әлем әуездері» (2008-2013)

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Осы жолы топ назары аналогтық синтезаторларға ауды. Өткендегідей Sounds of the Universe Гордың да, Гэанның да жазған әндерін қамтыды. Күйтабақтың тұңғыш синглы «Wrong» болды. Одан бөлек, альбом ырғақты «Hole To Feed», ештеңеге ұқсамайтын «Little Soul», ғарыштық сапар шегуге шақыратын «Perfect» секілді басқа да тың туындыларды қамтиды.

2010 жылы 17 ақпанда Лондонның Корольдік Альберт-Холлында (Royal Albert Hall) Teenage Cancer Trust қорын қолдау шарасының аясында топ фанаттары 15 жыл күткен оқиға орын алды. «Somebody» әнін орындау кезінде Мартин Горға Алан Уайлдер аккомпонемент жасап тұрды.

2010 жылы 3 наурызда ұжым «Best International Group — Rock / Pop» номинациясында немістің Echo Awards 2010 жүлдесіне ие болды. Рәсімге Дэниэл Миллер, Мартин Гор мен Энди Флетчер қатысты.

2011 жылы Depeche Mode ремикстер жинағын шығаруды жоспарлауда. Оған бұрынғы топ мүшелері Винс Кларк пен Алан Уайлдер атсалысады деп күтілуде. Жинақ «Remixes 2: 81-11» атымен 2011 жылы 6 маусымда жарияланбақ.

Маэстро Мартин Гор 2009 жылы Лондонда

Жаңа көкжиектер (2013)

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Энди Флетчер 2011 жылдың қараша айында Италияда DJ ретінде өнер көрсеткен кезде бір сұхбатында топ жаңа альбомын шығаруды жоспарлап отыр деген сөз шықты. Сәл кейінірек, 2012 жылдың қаңтарында топ көшбасшысы Мартин Гор Sonic Seducer атты алман журналына берген сұхбатында осыны растады. Сол мақсатта ұжым Санта-Барбарада арнайы жиын өткізді. Мартинннің айтуынша, Depeche Mode жаңа күйтабағы 2013 жылдың бас кезінде шығады. 24 қаңтарда топтың ресми сайтында жаңа студиялық күйтабақтың аты мен әндер тізімі (треклист) жария етілді. Кезекті, 13-альбомның аты Delta Machine болып бекітіліп, ол 2013 жылдың 26 наурызында жарық көреді. Күйтабақ Columbia Records студиясында шығарылады. Ал оның тұңғыш синглы 1 ақпанда жарияланады. Мартин Гордың сөзінше, бұл альбомды жазып шығу қиямет-қайым болған. "Бұл пластинкадағы үн неғұрылым заманауи болмағына біраз тер төгуге тура келді. Мен бұл таспаны тыңдағанда ләззат алып, өзімді басқаша бір сезімге бөлегенін қаладым". Depeche Mode жаңа күйтабақ шыға салысымен турнеге аттанады. Ол 7 мамырда Израиль астанасы Тель-Авивтегі Ха-Яркон паркінде өтеді. Топ мүшелері Еуропаның 25 елінде өнер көрсетіп, 34 концерт қояды.

Топ құрамы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  • Мартин Гор (Martin Lee Gore) – әндер авторы, пернетақта, гитара, вокал
  • Дэйв Гаан (Dave Gahan) – басты вокал, әндер авторы (2005 жылдан)


Бұрынғы мүшелері:

Күйтабақтар тізімі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Сілтемелер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]