Экологиялық сенімділік — экожүйенің бар болуының сукцессиялық немесе эволюциялық кезеңінің (тәуліктік, маусымдық, жыл аралық және ғасырлық табиғи өзгерістер шегінде) бойында біршама толық қалпына келу және өздігінен реттелу кабілеті. Экологиялық сенімділіктің сақталуының қарапайым механизмі — белгілі бір себеппен ығыстырылған түрдің немесе қауымдастықтың экологиялық тұрғыдан қарағаңда оларға жақын басқа түрмен не қауымдастықпен алмасуы. Егер ондай түр болмаса оны алшақтаулы түрлер ауыстырады. Мысалы, көп жерлерде қасқырлардың орнын бұралқы иттер, табиғи далаларда тұяқтылардың орнын кеміргіштер, кейде, тіпті өсімдікпен қоректенетін жәндіктер басады. Мұндайда жекелеген түрлер ғана емес, өзара байланысты түрлер топтары да жоғалып кетуі де мүмкін. Күрделі өзгерістерге ұшырағанда әр түрлі деңгейдегі қауымдастықтардың алмасуы биогеоценоздың, тіпті ландшафтардың ауысуына (орман жапан далаға, тундраға және т.б. ауысады) апарып соқтырады. Мұндай жағдайларда олардың өнімділігі мен өндіргіштігі күрт төмендейді. Ең қауіптісі — құнарлы жерлердің шөлге немесе шөлейтке айналуы.[1]
↑Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі: Экология және табиғат қорғау / Жалпы редакциясын басқарған – түсіндірме сөздіктер топтамасын шығару жөніндегі ғылыми-баспа бағдарламасының ғылыми жетекшісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты А.Қ.Құсайынов. – Алматы: «Мектеп» баспасы» ЖАҚ, 2002 жыл. – 456 бет. ISBN 5-7667-8284-5