Тәңір тауы
Тәңір тауы | |
Тәңір тауы жүлгесінің ғарыштан көрінісі | |
Сипаттамасы | |
---|---|
Пайда болған кезеңі | |
Ұзындығы |
2500 км |
Ені |
400 км |
Ең биік шыңы | |
Биіктігі |
7439 м |
Орналасуы | |
43°03′06″ с. е. 80°07′32″ ш. б. / 43.05167° с. е. 80.12556° ш. б. (G) (O) (Я)Координаттар: 43°03′06″ с. е. 80°07′32″ ш. б. / 43.05167° с. е. 80.12556° ш. б. (G) (O) (Я) | |
Елдер | |
| |
Ортаққордағы санаты |
Тәңір тауы, кейде Тянь-Шань – Азияның орталық бөлігіндегі аса ірі тау жүйесі.
Географиялық орны
Тәңір тауының орталық бөлігі Қырғызстанға, солтүстік және батыс жоталары Қазақстанға, оңтүстік-батыс шеті Өзбекстан мен Тәжікстанға, шығыс бөлігі Қытайға қарайды. Батыстан шығысқа қарай 2500 км-ге созылып жатыр, ені 400 км Тәңір тауы солтүстігінде Борохоро жотасы арқылы Жетісу Алатауымен, оңтүстігінде Алай жотасы арқылы Памир тау жүйесімен түйіседі. Солтүстік шекарасы ретінде батыста Іле аңғары, Мойынқұм, шығыста Жоңғар жазығы алынады. Оңтүстік шекарасы шығыста Тарим қазаншұңқырымен түйіседі. Ең биік жері – Жеңіс шыңы (7439 м.). Тәңір тауы ендік жоталар мен оларды бір-бірінен бөліп жатқан тауаралық ірі қазаншұңқырлардан тұрады.
Орографиялық құрылысы
Орографиялық құрылысы жөнінен Солтүстік, Орталық, Батыс, Шығыс және Оңтүстік бөліктерге бөлінеді. Солтүстік Тәңір тауы Кетпен, Күнгей Алатау, Іле Алатауы, Қырғыз Алатауы мен Шу-Іле тауларынан тұрады. Солтүстік Тәңір тауы жоталары 4,5 мың метрден биік: Теріскей Алатауы (5218 м), Іле Алатауы (4973 м), Қырғыз Алатауы (4875 м). Кейбір жоталар тауаралық қазаншұңқырларда доға тәріздес иіліп орналасқан. Батыс Тәңір тауына Ферғана, Талас Алатауы мен одан таралатын Өгем, Піскем, Шатқал жоталары және Қаратау жатады. Батыс Тәңір тауы жоталары бірте-бірте солтүстік-батысқа қарай 4,5 мың метрден 2,5 – 2 мың метрге дейін аласарады. Ферғана аңғары Батыс және Оңтүстік Тәңір тауын бір-бірінен бөледі. Орталық (Ішкі) Тәңір тауына солтүстікте Ыстықкөл қазаншұңқырынан оңтүстік-батыста Ферғана қазаншұңқырына, оңтүстік-шығыста Көкшаал-Тоо жотасына дейінгі аралық кіреді. Бұл бүкіл тау жүйесінің ең биік бөлігі. Әсіресе, оның шығыс бөлігі барынша биік (Жеңіс шыңы – 7439 м, Хан Тәңірі шыңы – 6995 м). Ортaлық Тәңір тауына сырт деп аталатын беті белесті, 3000 – 4000 метр биіктікте жатқан, жан-жағы биік жоталармен қоршалған тау қыраттары тән. Оңтүстік Тәңір тауы Алай жотасы, Түркістан, Зерафшан және Гиссар жоталарынан тұрады. Бұл жоталардың остік бөлігі тұтас және ондаған км-ге созылады. Шығыс Тәңір тауы ендік бойымен созылған аңғарлар, қазаншұңқырлармен бөлінген екі қатар тау жоталары белдеуінен тұрады. Борохоро, Еренқабырға, Богдо-Ола, Қарлытау жоталары құрайтын солтүстік белдеу ұзын – шығыста 95 ш.б-қа дейін жетеді. Оңтүстік белдеу қысқарақ (90 ш.б-қа дейін), басты жоталары: Халықтау, Сарман-Ула, Құрлықтау. Жоталардың басы 4000 – 5000 м биікке көтеріледі. Шығыс Тәңір тауы етегінде құрлықтағы терең қазаншұңқырлардың бірі – Турфан ойысы орналасқан.
Геологиялық құрылымы
Тәңір тауы Орал-Моңғол геосинклиналдық белдеуінің орнында пайда болған. Солтүстік Тәңір тауы каледон, Орталық және Оңтүстік Тәңір тауы герцин таужаралымда қатпарланған. Палеозой қатпарлықтарында түзілген таулар жоғары пермьде пенепленге ұшыраған. Қазіргі жер бедері неоген мен төрттік кезеңдегі жаңа тектоникалық қозғалыстардың нәтижесінде қалыптасқан. Тәңір тауы тау жоталары палеозой мен кембрийге дейінгі дәуірлердің тау жыныстарынан құрылған, ал тауаралық қазаншұңқырлар кайнозой және ішінара мезозой шөгінділерімен толған. Ежелгі тау жыныстарымен сынап, түсті және сирек металл, фосфорит кен орындары байланысты. Тауаралық қазаншұңқырлардағы мезо-кайнозой шөгінділеріне мұнай, қоңыр және тас көмір шоғырланған.
Климаты
Мұхиттардан алыста, құрлықтың түкпірінде жатуына және жан-жағынан шөлдер қоршауына байланысты Тәңір тауының климаты тым континенттік, құрғақ. Көпшілік бөлігі қоңыржай белдеуде, ал оңтүстік-батыс жоталарға құрғақ субтропиктердің әсері тиеді. Тау етегінің ыстық, құрғақ климатынан биік тау басының нивальдық климатына дейін орын алады. Шілденің орташа температурасы тауаралық қазаншұңқырлардың төменгі бөлігінде 20 – 250С, орта өңірде 15 – 170С, биік тау басында 0 0С және одан да төмен. Қаңтардың орташа температурасы тау етегінде –2 – 40С (оңтүстікте), –6 – 80С (солтүстікте). Қыста биік таулы белдеуден басқа бөліктерінде суық ауа райы жылылықтармен алмасып тұрады. Қыс айларында температуралық инверсия кең алқапты қамтиды. Жылдық жауын-шашын мөлшері тау етегінде 300 мм, тау жоталарының жоғары бөлігінде 800 мм. Жауын-шашынның ең көп түсетін мерзімі Тәңір тауының солтүстік бөлігінде жазға, оңтүстігінде көктемге (наурыз – сәуір) тура келеді. Континенттік және құрғақ климатқа сәйкес құрғақшылық ландшафт типтері басым. Тау алды еңіс жазықтарын, көпшілік жоталардың етегі мен кейбір тауаралық қазаншұңқырларды шөлейт, шөл ландшафттары алып жатыр.
Мұздықтары, өзен-көлдері
Мұздықтар үлкен биіктікте таралған және кең көлемді қамтиды. Мұз басу ауданы 7300 км2, мұздықтардың саны 7700-ден асады. Мұз басудың ең ірі ауданы Орталық Тәңір тауы (Оңтүстік Инелшік мұздығының ауданы 823 км2, ұзындығы 60 км-дей). Ірі мұздықтар Іле, Қырғыз, Теріскей Алатауларында, Ақшырақ, Көкшаал-Тоо, Шығыс Тәңір тауындағы Еренқабырға, Халықтау, т.б. жоталарда шоғырланған. Көбінесе аңғарлық, кар және ілінбе мұздықтар сипаттындағы өзендері Орталық Азияның ішкі алаптарына (Нарын, Сарыжаз, Сырдария, Іле, Шу, Тарим, т.б.) жатады. Ірі көлдері – Ыстықкөл, Сонкөл, Шатыркөл.
Өсімдіктері
Оңтүстік-батыс Тәңір тауының сұр топырағында көктемдік бір жылдық және көп жылдық өсімдіктер басым (қоңырбас, құмқияқ, таспа, т.б.). Шығыс Тәңір тауында қылша, кей жерлерінде сексеуіл тоғайлары, қалған бөлігінде жусан мен сораң өседі. Тауалды өңірінің жоғары бөлігін солтүстікте 1600 – 2100 м, Шығыс Тәңір тауының оңтүстік беткейлерінде 2200 метрге дейін шөлейт алады. Бозғылт сұр топырақта жусанды-селеулі-сораңды өсімдік топтары өседі. Батыс Тәңір тауының солтүстік беткейлерін 1000 – 1200 метрден 2500 – 2600 метрге дейін, шығыс Тәңір тауының оңтүстік беткейлерін 1800 метрден 3000 м биіктікке дейінгі аралықтағы қызғылт қоңыр және қоңыр топырақта астық тұқымдас түрлі шөптесін дала өсімдіктері өседі (селеу, бетеге, өлең). Орман тұтас белдеу құрамайды, солтүстік беткейлерде дала және шалғын алқаптарымен кезектесіп келеді. Төменгі өңірде орманның сұр топырағында жабайы жеміс ағаштары мен ұсақ жапырақты ағаштар өседі. Оңтүстік-батыс Тәңір тауында шоқ-шоқ болып өскен жаңғақ, жеміс ормандары таралған. 2000 метрден жоғарыда қылқан жапырақты ормандар (шырша, майқарағай) өседі. Субальпі және альпі шалғындары негізінен 3000 – 3200 метрден жоғары солтүстік беткейлерді қамтиды. Орталық Тәңір тауы сырттарын суық шөл алып жатыр. 3600 – 3800 м биіктікте гляциалды-нивальды (мұзды-қарлы) белдеу басталады. Жоғарғы биіктіктегі ішкі тұйық қазаншұңқырларға тастақты шөл, шөлейт және құрғақ дала ландшафты сипатты.
Қорықтары
Тәңір тауының табиғаты мен оның өзіне тән өсімдіктер, жануарлар дүниесін қорғау үшін бірнеше корықтар мен ұлттық парктер ұйымдастырылған. Олардың ішінде Ақсу-Жабағылы (1926), Алматы (1931) қорықтары үлкен орын алады. 1996 жылы Алматы маңы Іле Алатауы ұлттық паркі кұрылды.[1] [2]\
Дереккөздер
- ↑ Қазақ энциклопедиясы, 9 том
- ↑ Қазақстанньң физикалық географиясы, Алматы: Атамұра, 2008. ISBN 9965-34-809-Х