Сәжде
Сәжде (араб. ساجد - бас ию, бағыну, жерге маңдай қою) - намазда немесе Аллаға құлшылық ниетімен маңдайын, мұрнын жерге тигізу және дұға тілеу. Намаздағы сәжденің рәміздік мәні жайлы Абай : "Сәжделер әуелі жерден жаратылғанына ықырары (сеніп, мойындауы), екіншісі - және жерге қайтпағанына ықырары, бас көтермек және тіріліп, сұрау бермегіне ықырарының ишараты" деп Сәждені иманның шарттарының біріне сенудің ишараты ретінде қарастырады. Намаздағы парыз болған Сәжде жайлы Мұхаммед пайғамбардың (ғ.с.) "Сәжде маңдай, екі қол, екі аяқ ұшы яғни жеті сүйек үстіне сәжде етумен әмір тілейді" (Тажриди Сариһ, II том, 847) деген хадисі бар. Сәжде отырғаннан соң орындалады. Сәжде алдында қол, аяқ құбылаға қаратылады. Басты шарт беттің көрінбей қалуы және маңдайдың жерге тиюі. Сәждеде "субаһана раббиял Алла - аса ұлық, даратып тәрбиелеуші Алла тағала - пәк" деген дұға оқылады. Сәжде мөлшері аз дегенде үш рет аталмыш дұғаны оқығандағыдай уақыт болу керек. "Сәһу" Сәждесі - намазда парыз кешіктірілгенде немесе уәжіптердің бірі тәркі етілгенде жасалады. "Тіләуәт" Сәждесі - Құран Кәрімдегі "сәжде аяттарын" оқыған немесе естіген кезде жасалады. [1]
- ↑ "Қазақстан" Ұлттық энциклопедиясы, 7 том, Алматы 2005