Мұхаммед Хорезмшах
Мұхаммед Хорезмшах, Мұхаммад ІІ Ала-әд-Дин Хорезмшах (1169 – 1220, Каспий теңізіндегі Абескун аралы) – Хорезм мемлекетінің билеушісі (3.8.1200 – 12.1220).
Ануштегіндер әулетінен шыққан. Шын есімі – Кутб әд-Дин Мұхаммад, таққа отырған соң өз әкесінің лақап аты Ала әд-Дин мен Екінші Санжар деген атақ алған.
Мұхаммед Хорезмшах әкесінің орнына таққа отырғаннан кейін мемлекеттік шекараны едәуір кеңейтіп, 1207 жылы Бұхарадағы, 1212 жылы Самарқандтағы бас көтерулерді басып жаныштады. 1210 жылы қарақытайлардың әскерін талқандап, өзіне Искандар-и Сани (Екінші Александр Македонский) деген лақап ат алды. Бағдат халифы ан-Насырмен бәсекеге түсті. Мұхаммед Хорезмшах Самарқанд қаласын астана етті, бұрынғы астана Үргеніште Хорезм мемлекетінде зор ықпалға ие болған шешесі Теркен-хатун отырды.
1216 жылы Торғай даласында Жошы бастаған моңғол әскерімен шайқасты. Мұхаммед Хорезмшахтың 60 мыңдық әскері 3 күндік шайқаста 20 мыңдық моңғол әскерін жеңе алмады. Бұл шайқастың әсері күшті болды. Мұхаммед Хорезмшах 1219 жылы Шыңғыс ханның әскері шабуылға шыққанда, оған қарсы шешуші шайқасқа шығуға батылы жетпей, өз әскерін елдегі қалалар мен бекіністерге бөліп жіберді. Моңғолдардың Отырарды, Бұхараны, т.б. қалалар мен қамалдарды басып алғанынан хабардар болған Мұхаммед Хорезмшах бәрін тастап қашты. Оны ұстауға Шыңғыс хан өзінің атақты қолбасылары Жебе мен Сүбедей-баһадүрді аттандырды. Олар Мұхаммед Хорезмшахты Каспий теңізінің оңтүстік-батысындағы аралдардың біріне қуып тықты. Мұхаммед Хорезмшах сол жерде қаза тапты. Мұхаммед Хорезмшахтың ұлы әрі мұрагері Жалел Әд-Дин әкесінің денесін қайта жерлеу үшін Исфаһанға апармақ болды. Бірақ Мұхаммед Хорезмшахтың денесі моңғолдардың қолына түсіп, Үгедей хан оны өртеп жіберуге бұйрық берді. Мұхаммед Хорезмшахтың 8 ұлы болды, олардың бәрі моңғол әскерімен болған шайқастарда қаза тапты. Олардың ішіндегі ең әйгілісі әрі тарихта қалғаны Жалел Әд-Дин болды.[1]
Сыртқы сілтемелер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Мұхаммад ІІ Ала-әд-Дин Хорезмшах
- Мұхаммад ІІ Ала-әд-Дин Хорезмшах Мұрағатталған 19 қазанның 2010 жылы.
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Отырар. Энциклопедия. – Алматы. «Арыс» баспасы, 2005 ISBN 9965-17-272-2
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |