Миниатюра
Навигацияға өту
Іздеуге өту
Миниатюра (фр. mіnіature, лат. mіnіum – бояу, сурик)
- Бейнелеу өнерінде – бояуларды түсірудің өзіндік мәнері бар шағын туындылар тобы. Алғашында гуашпен, т.б. түрлі-түсті (акварель) бояулармен қолжазба кітаптардың суреттерін, адамның аты-жөнін, кітап жиектерін көркемдеуді Миниатюра деп атаған. Миниатюраның атауы кейін сүйекке, пергаментке, картон қағазына, қарапайым қағазға, металға, фарфорға, ішінара тұрмыстық заттарға салынатын бейнелеу өнерінің шағын форматты жанрына көшті. Ежелгі мысыр дәуірінен бастап ортағасырлық қолжазбалардың (манускрипт) басқы әрпі немесе алғашқы жолдары суретті өрнектермен көмкеріліп, қызыл бояумен жазылатын болған, содан Миниатюра атауы шыққан. Кейін кіші көлемде жазылған, суреттелген, бейнеленген барлық зат Миниатюралық шығарма деп аталған. Миниатюра әсіресе бейнелеу өнерінде жақсы дамып, негізінен, кескіндемелік және графиктік болып екі түрге бөлінді. Кескіндемелік Миниатюра түрлі бояулармен (майлы бояу, гуашь, акварель, т.б.) орындалады (кейде желімді бояумен салынады). Миниатюраның бұл түріне түрлі-түсті суреттермен көркемделген әсем қолжазба беттері жатады. Кітап Миниатюрасы ежелгі Мысыр, көне Үнді, парсы өнерінен белгілі. Ең көне Миниатюраның біріне Жаңа патшалық дәуірінде папирусқа қаламұш арқылы бояумен салынған “Өлілер кітабы”, Гомердің “Илиадасы” (шамамен б.з. 500 жылы, Милан, Амброзиан кітапханасы) жатады. Орта ғасырларда араб Миниатюра мектептерінің бастылары Сирия, Ирак мектептері болды. 10 – 16 ғасыларда Миниатюра Иран, Үндістан, Ауғанстан және Орта Азияда ерекше дамыды. Герат, Тебриз, Исфаһан мектептері және өзіндік қолтаңбасы бар Моғол мектебі адамзат өркениетіне үлкен үлес қосты. Иранда (10 – 16 ғысылар) портреттік, Үндістанда (“Бабырнама”, “Шахнама”) тарихи - қаһармандық және анималистік жанр (Моғол мектебі) бой көрсетті. Иран портреттік Миниатюрасының ықпалы Еуропаға тарады. 19 ғасырдың ортасынан бастап фотосуреттің пайда болуына байланысты портреттік Миниатюра өз мәнін жойды. Қазақстанның бейнелеу өнерінде Миниатюра кітап графикасы саласында жақсы дамыды. Мысалы, Е.Сидоркин (“Қазақ эпосына” жасаған иллада, 1961 жылы, линогравюра; “Қазақтың ұлттық ойындары”, 1963 жылы, автолитография; “Қырғыз ертегілеріне” жасаған иллада, 1965 жылы, автолитография), К.Исабаев (“Той”, “Қымбат мұра” сериясынан, 1968 жылы, офорт; “Жеңіс”, “Қобыланды батыр” сериясынан, 1979 жылы, түрлі-түсті автолитография), Қ.Төреқұлов (М.Әуезовтің “Абай жолы” эпопеясына жасаған иллада, 1976 жылы, цинкография), т.б.
- әдебиетте – көлемі шағын, құрылысы күрделі, мазмұны бай, ойы тұжырымды көркем шығарма. Миниатюра шағын жанрлар түрінде жазылады. Мысалы, Омар “айямның рубаяттары”, А.С. Пушкиннің “Чаадаевтың портретіне”, Абайдың “Жарқ етпес қара көңілім не қылса да” өлеңдері, Б.Майлиннің “Айранбай”, “Талақ” әңгімелері және “Неке қияр”, “Келін мен шешей” пьесалары, Ш.Хұсайыновтың “Құлпырма тон” пьесасы, т.б.
- музыкада – шағын көлемді музыкалық шығарма. Аспаптық және вокалдық түрлері бар. Тізбекті жанрлық топтамалары жиі қолданылады.[1]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Қазақ энциклопедиясы, 6 том