Криминалистика

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Криминалистика (лат. crіmіnalіs - қылмысқа қатысты) – қолданбалы заң ғылымы. Қылмыстық және азаматтық істерді қарау кезінде соттық дәлелдемелерді жинақтаудың, тиянақтаудың, зерттеудің және пайдаланудың арнаулы тәсілдері, әдістері мен құралдары жүйесін жасақтайды. Бұл тәсілдер мен әдістер қылмыстық сот ісін жүргізуде қылмыстарды алдын алу, анықтау және тексеру үшін қолданылады, сондай-ақ, қылмыстық, кей жағдайларда азаматтық істерді сотта қарау үшін пайдаланылады. Қазіргі заманғы маңызды тараулары – жалпы теориясы, техника, қылмыстың жекелеген түрлерінің алдын алудың тактикасы мен әдістеме техника дәлелдемелерді жинау, тиянақтау және зерттеу жөніндегі арнаулы тәсілдер мен ғыл.-тех. құралдар жүйесін қамтиды. Криминалистиканың бұл тарауына сот баллистикасы, трасология, соттық қолтаңбатану, дактилоскопия, соттық фотография, криминалистикалық сараптама техникасы, криминалистикалық одорология, т.б. жатады.

Криминалистикалық функциялар

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  • Әдістемелік – сот сараптамасының пәні мен мазмұнын, оның таным мен практика процесіндегі рөлін дұрыс түсінуді қамтамасыз етеді; ғылым мен практиканың дұрыс тепе-теңдігін орнатуға мүмкіндік береді;
  • Түсіндірмелі – білім пәнінің мәнін, оның аспектілері мен элементтерін ашудан, яғни сот сараптамасы пәнін ғылыми тұрғыдан көрсетуден тұрады;
  • Синтездеу – ғылыми білімді интеграциялаудың жалпы процестерінің көрінісі – жинақталған эмпирикалық материалды оның синтезі арқылы ретке келтіруден, алынған ақпараттың ішкі бірлігін ашудан тұрады (синтездің алғы шарты ретінде осы материалды жүйелеу және жалпылау);
  • Болжамдық – криминалистикалық болжау теориясының негізі, қылмысқа қарсы күрес тәжірибесінде криминалистикалық мәліметтерді практикалық қолдану нысандарының бірі.

қылмыстарды ашуда халықаралық тәжірибе алмасу.

Криминалистика жүйесі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Ғалымдар дәстүрлі түрде криминалистиканың төрт бөлімін ажыратады : жалпы теория, криминалистикалық техника, криминалистикалық тактика, криминалистикалық əдістеме.[1] Алайда кейбір ғалымдардың қылмысты тергеуді ұйымдастыруды дербес бөлім ретінде бөліп көрсететін ұстанымдары бар.

Криминалистиканың жалпы теориясы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Криминалистиканың жалпы теориясы – криминалистиканың барлық пәнін жиынтықта көрсететін, оның дүниетанымдық қағидаларының, теориялық тұжырымдамалардың, категориялардың, түсініктердің, әдістердің, анықтамалардың және мен терминдердің жүйесі. Жалпы теория криминалистиканың әдістемелік негізі болып табылады. Жалпы теорияға криминалистиканың ғылыми аппараты, криминалистиканың систематикасы және жеке теориялар (ілімдер) кіреді.

Ғылым тілі – криминалистиканың терминологиялық аппаратын анықтайтын негізгі анықтамалар мен категориялар, оның ішінде ең маңызды ұғымдар жүйесі – криминалистикалық категориялар. Систематика жинақталған білімді ұйымдастыру қағидаларын және әртүрлі криминалистік маңызы бар объектілердің қабылданған жіктеулерін қамтиды (мысалы, іздер, қолжазбаның түрлері, тактикалық тәсілдер, тергеу жағдайлары).

Жеке теориялар криминалистика пәнінің бір жағына қатысты және қылмыстарды тергеудің нақты құралдары мен әдістерін әзірлеу үшін негіз болып табылатын ғылыми ережелер.[1] Жеке теорияларды жалпылау нәтижесінде оларды қамтитын жалпы теория пайда болады және керісінше жалпы теориядан жаңа жеке теориялар шығады.Жеке криминалистикалық теориялардың мысалдары ретінде криминалистикалық идентификация және диагностика ілімдері, іздердің пайда болу механизмі, қылмыс жасау әдісі, криминалистік мінездеме, тергеудің нұсқалары мен жоспарлауы және т.б., сонымен қатар криминалистік ғылыми зерттеудің әдістері және олардың тәжірбиелік қызмет әдістерімен байланысы туралы ілім.Бұл тізім үнемі жаңарып отырады, себебі ғылымның дамуы жаңа жеке теориялардың пайда болуына әкеледі.[2]

Криминалистикалық техника

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Криминалистикалық техника – қылмыстық (сондай-ақ азаматтық) істер бойынша сот ісін жүргізу процесінде дәлелдемелерді жинауға және зерттеуге, қылмыстарды ашудың және алдын алудың өзге де шараларына арналған ғылыми ережелер мен оларға негізделген құралдар мен әдістер жүйесі болып табылатын криминалистика бөлімі.[3][4]

Криминалистикалық техника қылмыстарды тергеу барысында жаратылыстану және техникалық білімді қолданудың әртүрлі тәсілдерін біріктіреді. Мысалы, құжаттарды криминалистикалық зерттеу үшін, киімдегі адам көзіне көрінбейтін заттарды анықтау үшін зерттелетін объект инфрақызыл немесе ультракүлгін сәулелерде зерттелуі мүмкін. Объектінің құрамы мен құрылымы, элементтердің оның бетіне таралуы туралы мәліметтер алу үшін спектрлік люминесцентті талдау қолданылады. Сұйықтықтар мен газдарды криминалистік зерттеудің кең таралған әдісі хроматография болып табылады.[5]

Криминалистикалық фотография – криминалистикалық мақсатта фототүсірілімді пайдалану әдістерінің жиынтығы болып табылатын криминалистикалық техниканың дербес саласы. Криминалистикалық фотографияның әдістерін жалпы түрде түсіріп алатын және зерттейтін деп жіктеуге болады. Біріншісі көзге көрінетін дәлелдемелерді бекіту мақсатын көздейді: мысалы, қылмыс орнын суретке түсіру. Екінші әдіске арнайы техникаларды қолдана отырып суретке түсіру жатады, мысалы, көрінбейтін сәулелер немесе контрастты фотография.[6] Криминалистикалық бейнежазба дәл осы мақсаттарды көздейді.

Трасология – іздерді зерттеумен айналысатын, соның ішінде қалдырылған із бойынша адамды, құрал-сайманды немесе көлік құралын сәйкестендіру жүргізетін криминалистика саласы. Оның қосалқы саласы дактилоскопия – саусақ іздері бойынша адамды анықтау әдістемесі.

Криминалистикалық тактика

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Криминалистикалық тактика – іс бойынша нақты ахуалды ескере отырып, әрбір тергеу мен соттық іс-әрекеттің шұғыл іздестіру шараларының мүмкіндіктерін неғұрлым тиімді пайдалану тәсілдерінің жүйесін жасақтайды. Криминалистикалық тактиканың тәсілдері тергеу іс-әрекеттерін жүргізу: тергеушілік тексеру, тергеу эксперименті, тану, жауаптау, т.б. кезінде кеңінен пайдаланылады. Қылмыстың нақты түрлерін (кісі өлтіруді, ұрлықты, тонауды, өртеуді) тексеру барысында қолданылатын тәсілдердің, әдістер мен құралдардың жиынтығы криминалистиканың айрықша тарауын – қылмыстың жекелеген түрлерін тексерудің (“жеке әдістеме” деп аталатын) әдістемесін құрайды. Криминалистика қылмыстарды болдырмаудың және ашудың стратегиясын, шұғыл, тактикалық және техникалық әдістерін зерделейді, қылмыстың жасалуының объективті және субъективті мән-жайларын жан-жақты зерттейді. Объективті мән-жайларда қылмыстың жасалған жері, уақыты, жасалу барысы, т.б. қамтылады. Субъективті мән-жайларға қылмыскердің өзіне қатысты мән-жайлар жатады, олар: қылмыс жасауға түрткі болған себеп (уәж), қылмыс жасау кезіндегі психикалық күй; қасақылық (қылмысты саналы түрде жасау), абайсыздық. Криминалистиканың принциптері бойынша:

  • Қылмысты кім жасады?
  • Қылмыс қашан, қай күні, тәуліктің қай мезгілінде жасалды?
  • Қылмыс қайда, қай жерде жасалды?
  • Қылмыскер нендей әрекет жасады немесе нендей әрекет жасамады?
  • Бұл әрекет жалпы қылмысты әрекет пе; әңгіме қандай заң бұзушылық туралы болып отыр?
  • Қылмыскер бұл орайда қалай әрекет етті, көмекшісі, айдап салушысы немесе жасырушысы болды ма немесе қылмыстың көрінісі қылмыскерде ондайлардың болғанын айғақтай ма?
  • Қылмыс немен жасалды, қылмыскер қандай құралдар мен аспаптарды (қаруларды) қолданды?
  • Қылмыскер қылмысты неліктен жасады, қылмыс жасауға қандай сыртқы және ішкі себептер түрткі болды? – деген сауалдардың айқын жауап-шешімі табылуға тиіс.[7].

Криминалистикалық әдістеме

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Криминалистиканың бесінші бөлімі қылмыстың белгілі бір түрлеріне қатысты қылмыс оқиғасын зерттеу заңдылықтарын зерттейді. Бұл бөлім екі кіші бөлімнен тұрады: жалпы бөлім және қылмыстың нақты түрлерін тергеу әдістемесінен тұратын арнайы бөлім (кісі өлтіруді тергеу әдістемесі, ұрлықты тергеу әдістемесі, парақорлықты тергеу әдістемесі және т. б). Қылмыстың жекелеген түрлерін тергеу әдістемесінде келесі сұрақтар қарастырылады: қылмыстың криминалистикалық сипаттамасы, тергеу жағдайларының типологиясы, нұсқа типологиясы, белгілі бір санаттағы қылмыстарды тергеу барысында жекелеген тергеу әрекеттерін және жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу ерекшеліктері, қылмыс жасауға ықпал еткен жағдайларды жою.

Қылмысты жекелеген түрлерге бөлетін қылмыстық-құқықтық норма жеке криминалистикалық әдістемелерді жіктеудің негізгі критерииі. Осы критерий бойынша қылмыстың нақты түрлері мен топтарын (жеке адамға қарсы қылмыстар, меншікке қарсы қылмыстар және т.б.) тергеудің әдістемелері ажыратылады. Сонымен қатар, кез-келген жалпы немесе маңызды белгілері бойынша біріктірілген әртүрлі қылмыс түрлерін тергеу әдістемелерін ажыратуға болады. Мысалы, айыпталушылардың (күдіктілердің) жеке бас ерекшеліктеріне байланысты кәмелетке толмағандар немесе ұйымдасқан қылмыстық қауымдастықтар жасаған қылмыстарды тергеу әдістемелері бөлек жасалынады.

Криминология

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қылмысты азайту және алдын алу құралдары мен жолдары жөнінде, қылмыс, қылмыскердің болмысы туралы ілім, қылмыс туралы ғылым. Криминология басқа ғылымдар (социология, биология, психология) жинактаған тәсілдер мен ілімдерді пайдаланатын оқу аралық ғылым болып табылса да, ол дербес ғылым болып саналады.

Криминалист

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Криминалистика бойынша маман, сирек түрде - қылмыстық құқық пен іс жүргізу бойынша.

Криминалдық жағдай

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қылмыстың жасалу жағдайы. Қылмыстық әрекетті жасаудың басталу сәтінен, құқыққа қарсы нәтиже орын алған сәтке дейінгі қылмыскердің мінез-құлқына әсер ететін объективті жағдайлар мен олардың субъективті маңыздарының жиынтығы.[8]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. a b Аверьянова Т.В., Белкин,Р.С. и др.Криминалистика.С.60.
  2. Аверьянова Т.В., Белкин, Р.С. и др.Криминалистика.С.61.
  3. Аверьянова Т. В., Белкин, Р. С. и др. Криминалистика. С. 150.
  4. Яблоков, Н. П. Криминалистика. С. 88.
  5. Яблоков, Н. П. Криминалистика. С. 92—95.
  6. Яблоков, Н. П. Криминалистика. С. 97.
  7. "Қазақ энциклопедиясы"
  8. Орысша-қазақша заңдық түсіндірме сөздік-анықтамалық. — Алматы: «Жеті жарғы» баспасы, 2008 жыл. ISBN 9965-11-274-6