Кооператив

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Кооператив (лат. cooperatіo – ынтымақтастық) – кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін адамдардың үлеспұлдық негізде ерікті бірігуі жолымен құрылған кәсіпорын, ұйым. Кооператив заңи тұлға болып табылады және өзін-өзі қаржыландыру, өзін-өзі басқару негізінде жұмыс істейді. Ұйымдық-құқықтық нысан бойынша өндірістік (коммерциялық) Кооператив және тұтыну (бейкоммерциялық) Кооперативі түрлеріне бөлінеді. Кооператив қаражаты үлеспұлдық және мүшелік жарналардан, шаруашылық қызметтен алынған пайдадан құралады. Қызметінің сипатына қарай Кооператив кәсіпшілік, өткізу, жабдықтау, несие, ауыл шаруашылығы, тұрғын үй-құрылыс Кооперативтеріне ажыратылады.

Ауыл шаруашылығы Кооперативі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Aуыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің материалдық және басқа қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында олардың мүліктік үлеспұлдық жарналарын біріктіру жолымен бірлескен өндірістік немесе өзге шаруашылық қызметті жүзеге асыру үшін ерікті мүшелік негізде құрылады.

Бағбандық Кооператив

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Өсімдік және мал өсірумен айналысатын шаруашылықтың өнімін өндіру, ұқсату және өткізу жөнінде кешенді қызмет көрсету үшін құрылады.

Бақша Кооперативі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Өсімдік және мал өсірумен айналысатын шаруашылықтың өнімін өндіру, ұқсату және өткізу жөнінде кешенді қызмет көрсету үшін құрылады.

Жабдықтау Кооперативі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Ауыл шаруашылығында өндіріс құрал-жабдығын, тыңайтқыштарды, әктас материалдарын, жемшөп, мұнай өнімдерін, жабдық, босалқы бөлшектер, пестицидтер, дербицидтер мен басқа да химикаттар сатып алу және сату мақсатында, сондай-ақ, aуыл шаруашылығында өнімін өндіру үшін қажетті кез келген басқа да тауарларды сатып алу мақсатында; сатып алынатын өнімнің сапасын сынақтан өткізіп, бақылау; тұқым, мал төлі мен құс балапанын жеткізу; шикізат пен материалдар өндіру және оларды aуыл шаруашылығында тауарларын өндірушілерге жеткізу; aуыл шаруашылығында тауарларын өндірушілерге қажетті тұтыну тауарларын (азық-түлік, киім-кешек, отын, медицина және мал дәрігерлік дәрі-дәрмектер, кітаптар, т.б.) сатып алу және жеткізу мақсатында құрылады. Қызмет көрсетуші Кооператив ауылдық жерлерде мелиоративтік, көлік, жөндеу, құрылыс, экологияны қалпына келтіру жұмыстарын, мал дәрігерлік қызмет көрсету, мал тұқымын асылдандыру жұмысын, тыңайтқыштар мен улы химикаттар енгізу жұмысын жүзеге асырады, тексеріс қызметін жүргізеді, ғылыми-кеңес беру қызметін, ақпараттық, медициналық, санаторийлік-курорттық қызметтер көрсетеді. Мал өсіру Кооперативі өсімдік және мал өсірумен айналысатын шаруашылыққа өнім өндіру, ұқсату және өткізу жөнінде кешенді қызмет көрсету үшін құрылады. Несие Кооперативі өз мүшелерін несиелендіру және олардың ақшалай қаражатын жинап, сақтау үшін құрылады. Өндірістік Кооператив, көбінесе, өзара көмектесу жолымен қайсыбір істерді ортақтасып жүргізу мақсатымен бірнеше тұлғалардың ерікті түрде бірігуі негізінде құрылады. Ол өнім өндірумен, жұмыстарды орындаумен, кәсіпорындарға, ұйымдарға, азаматтарға ақылы қызметтер көрсетумен шұғылданады. Өткізу (сауда) Кооперативі ауыл шаруашылығы өнімін сатып алады, оны сақтайды, сұрыптайды, кептіреді, жуады, қалталайды, тасымалдайды, мәміле жасасады, өткізу рыногін зерделейді, аталған өнімді жарнамалайды, т.б. Сақтандыру Кооперативі жеке басты сақтандыру, медициналық сақтандыру, мүлікті, жерді, егістікті сақтандыру жөнінде алуан түрлі қызметтер көрсету үшін құрылады. Тұрғын үй-құрылыс Кооперативіне азаматтар жаңа үйлер салу үшін, жаңа немесе күрделі жөндеуден өткізілген үйлерді не күрделі жөндеуден өткізілуге, жаңғыртылуға тиіс үйлерді сатып алу үшін, өз қаражатына жөндеп, кейіннен пайдалануға беру, т.б. үшін бірігеді. Тұтыну Кооперативі азаматтардың материалдық және басқа қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатымен олардың мүліктік үлеспұлдық жарналарын біріктіру жолымен құрылады. Бейкоммерциялық тұтыну қоғамдары түрінде ауыл шаруашылық өнімдерін сатуға, дайындауға және ұқсатуға, халыққа тұрмыстық қызмет көрсетуге, саяжай, автотұрақ салуға маманданады. Әдетте, ауылдық жерлерде әрекет етіп, тұтыну кооперациясының құрамына кіреді.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ Энциклопедиясы, 11 - том

Сыртқы сілтемелер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]