Ұлыбритания

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
(Британия бетінен бағытталды)
Навигацияға өту Іздеуге өту
Координаттар: 53°33′00″ с. е. 2°26′00″ б. б. / 53.55000° с. е. 2.43333° б. б. / 53.55000; -2.43333 (G) (O) (Я)
Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Патшалығы
ағылш. United Kingdom of Great Britain and Northern Ireland
Байрақ Елтаңба
Ұран: «Dieu et mon droit»
«Құдайым және құқығым»
Әнұран: «God Save the King»
«(Құдайым, Патшаны сақта)»
(тыңдау )
Ұлыбританияның орналасуы (қою жасыл):
Еуропада (ашық жасыл және қою сұр)
Тарихы
Құрылды 1922 жыл
(Ұлыбритания және Ирландия Біріккен Патшалығынан Ирланд Еркін мемлекетінің бөлуінен)
Мемлекеттік құрылымы
Ресми тілдері ағылшын, валлий, гэльттік, скотс, корн, ирланд
Елорда Лондон
Ірі қалалары Лондон, Бирмингем, Лидс, Глазго, Белфаст, Манчестер, Эдинбург, Ливерпуль
Үкімет түрі Парламенттік монархия
Патшасы
Премьер-министрі
Лорд-спикер
Қауымдар спикері
III Чарльз
Кир Стармер
Джон Макфолл
лауазымы бос
Географиясы
Жер аумағы
• Барлығы
• % су беті
Әлем бойынша 78 орын
242 495[1] км²
1,34
Жұрты
• Сарап (2019)
• Санақ (2011)
Тығыздығы

67 545 757[2] адам (22)
63 182 178[3] адам
270,7 адам/км² (50)
Экономикасы
ЖІӨ (АҚТ)
 • Қорытынды (2023)
 • Жан басына шаққанда

3.871 трлн.[4] $ (10)
56,835[4] $ (28)
ЖІӨ (номинал)
 • Қорытынды (2023)
 • Жан басына шаққанда

3.332 трлн.[4] $ (6)
48,912[4] $ (22)
АДИ (2021) 0,929[5] (өте жоғары) (18)
Этнохороним британдық, британдықтар, ұлыбританиялық
Валютасы фунт стерлинг
Қосымша мәліметтер
Интернет үйшігі .uk
ISO коды GB
ХОК коды GBR
Телефон коды +44
Уақыт белдеулері +0

Ұлыбритания (ағылш. Great Britain), немесе Біріккен Патшалық (United Kingdom, қысқартылған: UK), толық ресми аталуы — Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Патшалығы (ағылш. The United Kingdom of Great Britain and Northern Ireland) — Еуропаның солтүстік-батысында, Британ аралдарында (ең ірісі — Ұлыбритания), Ирландия аралының солтүстік-шығыс бөлігі мен ұсақ аралдарда орналасқан мемлекет.

Құрлықтан Ла-Манш (Ағылшын каналы) және Па-де-Кале (Дувр) бұғаздары арқылы бөлінген. Аумағы 244, 11 мың км². Халқы 62,6 млн. (2004), астанасы — Лондон (7 млн.). Халқының 80%-ына жуығы ағылшындар, 15%-ы шотландтықтар, валлиліктер мен ирландықтар, 5%-ға жуығын Британ Достастығы елдерінен келген иммигранттар құрайды. Ағылшындар англикан мемлекеттік шіркеуі нанымдарын ұстанса, шотландтықтардың басым бөлігі — пресвитериандар, ирландықтар, негізінен католиктер, қалғандары ислам, т.б. діндерді ұстанады. Ұлыбританияда халықтың 89,4%-ы қалаларда тұрады.[6]

Ұлыбритания 4 әкімшiлік-саяси бөліктен (тарихи ұлттық облыстардан):

Бұған қоса Ұлыбританияның иеліктері:

Ұлыбритания Біріккен Корольдігі атауына қарамастан федерация емес, унитарлық мемлекетпарламенттік монархия болып табылады. Елдің жеке Конституциясы жоқ. Ұлыбритания заңдары көп ғасырлық конституциялық дәстүрлер мен Жоғарғы сот органдарының шешімдеріне (прецеденттердің) негізделген. Мемлекет басшысы — монарх, сот жүйесінің басшысы, жоғарғы бас қолбасшы болып табылады. Қазіргі патшайымы (королева) — Елизавета II (1952 жылдан). Жоғары заң шығарушы органы — екі палатадан (қауымдар және лордтар) тұратын парламент. Парламент құрамына патшайым да кіреді. Атқарушы билік премьер-министрдің қолында. Ресми тілі — ағылшын тілі. Ақша бірлігі — фунт-стерлинг. Ұлттық мерекесіпатшайымның туған күні (маусым айының екінші сенбісі).

Клайдтың (170 км) эстуарийлері жасанды жолмен тереңдетілген, түзетілген, кең мойнақтар

Ұлыбританияны Атлант мұхитының Солтүстік және Ирланд теңіздері, Ла-Манш, Па-де-Кале, Солтүстік және Қасиетті Георг бұғаздары қоршап жатыр. Жағалаулары шығанақтармен күшті тілімделген (солт-нде фьордтар, оңт-нде эстуарийлер). Неғұрлым үлкен түбектері — Уэльс пен Корнуолл. Жер бедері оңтүстік пен оңтүстік-шығыс бөлігінде ойпатты жазық болып, батысында Уэльс түбегіндегі Кембрий тауларына (ең биік жері — Сноудон, 1085 м), Англияның солт-нде Пеннин (ең биік жері — Кроссфелл, 893 м) және Камберленд (ең биік жері — Скофелл, 978 м) тауларымен жалғасады. Елдің ең биік нүктесі — Бен-Невис тауы (1343 м). Ұлыбританияның солтүстік бөлігіндегі таулар мен көрікті көлдер өлкесі мұздықтар әсерінен тілімделіп, әр түрлі формаларға ие болған. Геология тұрғыдан алғанда жері түгел дерлік (тек ең қиыр оңт. бөлігі герцин қатпарлығы) каледон қатпарлығы алабында жатыр. Жер қойнауында тас көмір, темір, қалайы, т.б. түсті металдар сияқты қазба байлықтары мол. Елдің шығысында, Солтүстік т-дің жағалауларынан мұнай мен газдың ірі кен орындары табылған.

Ұлыбритания климатының теңіздік сипаты жыл бойғы қалың тұмандар мен өтімді желдер болатын орнықсыз ауа райының басым болуынан байқалады. Қысы өте ылғалды және қалыптағыдан тыс жұмсақ.

  • Қаңтардағы орташа температура қиыр солт.-шығыстың өзінде 3,5°С-тан төмен түспесе, ал оңт.-батыста 5,5°С-қа жетеді, мұнда өсімдіктер бүкіл жыл бойы өседі. Оңт.-батыстан келетін жылы теңіз ауасы қысқы температураны көтергенмен күшті желдер мен штормдар болатын құбылмалы және жауын-шашынды ауа райын қалыптастырған. Шығыс пен солт.-шығыстан суық ауа жеткен кезде аязды ауа райы ұзақ мерзімге орнығады. Қыста ел аумағына қар біркелкі түспейді, қар жамылғысы шамалы уақыт қана сақталады. Англияның оңт-нде, әсіресе, оңт.-батысында қар өте сирек түседі. Шығыс аудандарындағы қыс неғұрлым суық және құрғақтау. Жазы салыстырмалы түрде салқын.
  • Шілдедегі орташа температура оңт.-батыста 16°С-қа, ал қиыр солт.-батыста 12°С-қа тең. Атлант мұхиты жағынан соғатын жылы әрі ылғалды ауаның әсерінен Ұ-ның батыс аудандарына жауын-шашын мол түседі. Бұл аймақта оның жылдық орташа мөлш. 2000 мм-ге жетсе, шығыс Англияда 600 мм, кей жерлерінде 500 мм шамасында ғана болады.
  • Ұ. су ресурстарына бай. Түсетін жауын-шашын мөлшерінің буланудан басым болуы себепті оңт.-батыстағы кейбір аудандардан басқа елдің бүкіл аумағында мол сулы өзендердің жиі тармағы қалыптасқан. Олардың ішіндегі ең ірілері — алаптары бір-бірімен шектесетін Северн (310 км) мен Темза (334 км) өзендері. Темза өз-нің Ұ. экономикасындағы маңызы зор. Оның алабында бүкіл ел халқының 1/5 бөлігі тұрады. Үлкен Лондон да осында орналасқан. Өзендердің көпшілігі бір-бірімен каналдар арқылы жалғастырылған. Солт.-батыс Шотландия мен Уэльстің қысқа, бірақ мол сулы өзендері электр қуатын өндіруге пайдаланылады. Мұнда 60-тан аса СЭС салынған.

Ұлыбританияның ең ірі өзендері:

Оларда ірі теңіз порттары мен өнеркәсіп тораптары орналасқан. Ең ірі көлдері — Солтүстік Ирландиядағы Лох-Ней (аумағы 396 км², тереңд. 31 м-ге дейін) мен Шотландиядағы Лох-Ломонд пен Лох-Несс (аумағы 56 км², тереңд. 230 м-ге дейін). Таулы Шотландия мен Көлдер шеңберіндегі көлдердің табиғаты өте әсем, туристер демалатын орталықтар. Жазық бөлігінде ірі көлдер жоқ. Бірақ мұнда бұрын шымтезек өндірілген, құм, құмтас кеніштері болған жерлерде көптеген жасанды су қоймалары жасалған. Өсімдік жамылғысы кедей. Адамдардың ормандарды түп-тамырымен жоюы, батпақтарды құрғатуы мен кен орындарын игеруі жануарлар мен өсімдіктер дүниесінің түр құрамын өзгертті. Қазіргі уақытта ормандар ел аумағының тек 10%-ын ғана алып жатыр. Олар негізінен өзендердегі жазықтар мен тау беткейлерінің төм. белдеулерінде сақталған. Англия мен Уэльстегі тау баурайларында емен, қызыл қайың, шегіршін, шамшат өседі. Шотландияның солт-ндегі Грампиан тауларында және солт.-батыс таулы өлкесінде емен, шырша, қарағай аралас өскен ормандар, биігірек жерлерінде қарағай және қайың ормандары сақталған. Жазықтарды егін алқаптары мен шалғындар алып жатыр. Аң аулаудың қызу жүргізілуіне байланысты Британ аралдарында баяғыдан аю, жабайы шошқа мен ирланд маралы тәрізді көптеген ірі сүтқоректі аңдар қырғынға ұшырап, қасқыр зиянкес ретінде жойылды. Қазіргі кезде сүтқоректі жануарлардың тек 56 түрі ғана тіркелген. Оңт. Англияда еліктер, таулы аудандарда жабайы ешкілер кездеседі. Биік таулардан басқа жерлердегі ормандарды түлкілер мен борсықтар, қояндар, кірпі, жертесерлер мекендейді. Кәмшат кең тараған, оны кәсіптік жолмен аулайды. Ұсақ жыртқыштардан ақтышқан мен ақкіс көп. Уэльсте сасықкүзендер, Шотландия тауларында жабайы еур. мысықтар мен америка сусарлары өмір сүреді. Британ аралдарын құстардың 130 түрі мекендейді. Өзендері мен көлдері балықтардың көптеген түрлеріне бай. Өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің жекелеген түрлерін қорғауға арналған 131 резерват ұйымдастырылған. Англия мен Уэльсте жалпы аумағы 12 мың км²-дей болатын 10 ұлттық бақ бар (ірілері Лейк-Дистрикт, Сноудония, Дартмур, Брекон-Биконе, т.б.).

Стоунхэндж 2500б.з.б.

Ұлыбритания аумағындағы адамзат тіршілігінің ежелгі іздері ерте және орта палеолит дәуірлеріне саяды. Соңғы қола және ерте темір дәуірінде (б.з.б. 800–700 жылдары) Ұлыбританияға құрлықтан кельттердің қоныс аударуы басталды. Кельттер өздерімен бірге темір ғасыры мәдениетінің белгілерін ала келді. Британиядағы кельттер мен кельттердің ықпалына ұшыраған халық шартты түрде бриттер деп аталады. Болашақ Рим императоры Ю.Цезарь Галлияны жаулап алған соң Британияға екі жорық жасады (б.з.б. 55–54 жылдар). Б.з. 60-жылдардың соңында Британия Рим империясының ең шеткі провинцияларының біріне айналды. 3 ғасырдың соңында Ұлыбританияға солтүстік герман тайпаларының (англдар, сакстер, юталар, фриздер) шапқыншылығы басталды. 5 ғасырдың бас кезінде Рим үстемдігі жойылып, Британия қайтадан тәуелсіз кельт аймақтарына бөлініп кетті. 8 ғасырда Даниядан келген нормандар елдің солтүстік-батыс бөлігін басып алды. Король Эгберт 9 ғасырда елдің үлкен бөлігін бір мемлекетке біріктіріп, ол Англия деп аталды. 1066 жылы Британияның ұсақ корольдіктерін нормандық қолбасшы Вильгельм басып алып, біртұтас мемлекетке біріктірді.

  • 1265 жылы ағылшын парламенті құрылды. 1337 жылы Англия Франциямен Жүз жылдық соғысқа кірісті (1453 жылға дейін).
  • 1588 жылы “Жеңілмейтін армаданы” (Испан флотын) талқандау Англияны дүние жүзіндегі аса ірі теңіз державаларының біріне айналдырды.
  • 17 ғасырдың бас кезінде Ұлыбритания жаңа құрлықтан өзінің алғашқы отарларын иемденді.
  • 1603 жылы Шотландия королі ағылшын тағына Яков.Қ отырып, Шотландия мен Англия бір мемлекетке бірікті.
  • 16401649 жылы корольдік Стюарттар әулеті мен парламент арасындағы қақтығыс азамат соғысына ұласып, нәтижесінде Оливер Кромвель бастаған республика жарияланды. Кромвель қайтыс болғаннан кейін көп ұзамай Монархия тез арада қалпына келтірілгенімен, король құқығы біршама шектеліп, билік тұтастай парламент жағында болды.
  • 1651 жылы Ирландия,
  • 1652 Шотландия басып алынды.
  • 1707 жылы Ұлыбританияна корольдігіне бірігу жөніндегі актіге қол қойылғаннан кейін Лондон біртұтас мемлекеттің астанасына айналды.
  • 18 ғасырдада Британдық отарлық жүйе қалыптасты.
  • 18 ғасырдың соңында Ұлыбритания 13 америкалық отарынан айрылғанымен (АҚШ-тың жариялануы), Канада мен Үндістандағы жағдайын күшейте түсті.
  • 1805 жылы Трафальгар мүйісінде адмирал Нельсон испан-француз флотын талқандап, Ұлыбритания “теңіз әміршісіне” айналды.
  • 17931815 жылы республикалық және Наполеондық Францияға қарсы соғысқа қатысқан Ұлыбритания 1818 жылы Пруссия армиясымен одақтаса отырып, Наполеон Қ-ні түпкілікті жеңді. Осыдан кейін Ұлыбритания жүз жылдай бейбіт жағдайда өмір сүріп, өзінің отарлық иеліктерін кеңейте түсті.
  • 18991902 жылы ағылшындар оңтүстік Африкада бурларға қарсы соғыс жүргізді. Бірінші дүниежүзілік соғыста Ұлыбритания Антанта жағында Германияға қарсы соғысты. Соғыстан кейін Африка мен Азиядағы неміс отарларының біраз бөлігін иемденді. 1-дүниежүзілік соғыстан кейін Ұлыбритания ауыр экон. жағдайды бастан кешірді. Ұлт-азаттық қозғалыстан кейін 1921 жылы Ирландия өз тәуелсіздігін жариялады. Ұлыбритания Екінші дүниежүзілік соғысқа (19391945) Гитлерге қарсы коалиция жағында қатысты.
  • 1947 жылы Үндістан мен Пәкстанға тәуелсіздік берілді.
  • 19451970 жылы британ отарларының барлығы дерлік өз тәуелсіздіктерін алды.
  • 1949 жылы НАТО-ға мүше болды.
  • 1982 жылы Атлант мұхитының оңтүстігінде Аргентина мен Фолкленд (Мальвин) аралдары үшін қарулы қақтығыс болып, қысқа мерзімдік әскери қимылдар нәтижесінде Ұлыбритания өзінің осы аумаққа бақылауын қалпына келтірді.
  • 19791990 жылы Маргарет Тэтчер бастаған консерваторлар үкіметі экономикада ұтымды реформалар жүргізді. Соғыстан кейін Шотландия мен Солтүстік Ирландиядағы ұлттық мәселелер шиеленісе түсті. Әсіресе, Солтүстік Ирландиядағы оқиғалар ушығып, 1969 жылдан бастап мұнда азамат соғысы жүрді.
  • 1994 жылы тамызда Ирландық Республикалық Армия (ИРА) ұрыстарды біржақты тоқтататыны жөнінде мәлімдеді. Алайда 1996 жылы ИРА жауынгерлері лаңкестік әрекеттерін қайта бастады. Отарларының барлығынан айрылғанына қарамастан Ұлыбритания әлемдегі жетекші елдердің бірі болып саналады.

Экономикасы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Ұлыбритания — жоғары дамыған өнеркәсіпті ел. Ол халықаралық еңбек бөлінісінде өнеркәсіп өнімдерін шығарады. Қазіргі заманғы Ұлыбританияның экономикадағы рөлі тек өнеркәсіптік қана емес, сондай-ақ банкілік, сақтандыру, кемелерді жалға беру және басқа да іскерлік қызметтермен анықталады. Ұлттық жалпы өнімнің 30%-ға жуығы өңдеуші өнеркәсіп пен 45%-ы көлік пен байланыс, жеке сауда, сақтандыру, банкілер мен басқа да қаражат мекемелерін, денсаулық сақтау мен білім беруді қамтитын қызмет көрсету саласынан түседі. Өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемі бойынша Ұлыбритания дүние жүзінде бесінші орын (АҚШ, Жапония, Германия, Франциядан кейін) алады. Ұлыбритания өнеркәсібі негізінен сырттан әкелінген шикізаттарды пайдаланады. Бір жағынан Ұлыбритания өнеркәсібіне өндіріс пен еңбекті ұйымдастырудың озық технологиясы, ең жаңа құрал-жабдықтар мен басқарудың жетілдірілген әдістері қолданылатын қазіргі заманғы салалардың жылдам дамуы, екінші жағынан, ескі дәстүрлі салалардың артта қалуы тән.

Бірінші топқа электроника, жалпы және дәл машина жасау, химия өнеркәсібінің көптеген салалары, екіншіге — көмір өндіру, мақта-мата және жүн өнеркәсібі, кеме жасау, қара металлургия жатады. Ұлыбританиядағы өнеркәсіп орындарының негізгі бөлігі Лондоннан бастап Ланкаширге дейінгі, Батыс Йоркширден Глостерширге дейінгі графтықтарды қамтитын халық тығыз қоныстанған өнеркәсіптік белдеуде шоғырланған. Бұл белдеуден тыс жерлердегі аса ірі өнеркәсіптік аудандар — Оңт. Уэльс, Англияның солт.-шығысы мен Шотландияның орт. бөлігі. Өндірістің ескі, дәстүрлі салалары Шотландияның көпшілік бөлігінде, Солт. Ирландияда, Уэльсте, Англияның қиыр солт.-шығысы мен оңт.-батысының бір бөлігінде орналасқан. Ұлыбритания энергия ресурстарының қорлары жөнінен Еуропада 1-орын алады. Солтүстік т-нің шельфінде мұнай мен газдың көп мөлшері өндіріледі. Шетелдік шикізатпен жұмыс істейтін түсті металдар (аллюминий, мыс, қорғасын, мырыш) қорытатын кәсіпорындар негізінен ірі порттарда орналасқан. Өңдеуші өнеркәсіптің жетекші саласы — машина жасау. Көліктік машина жасаудың (жеңіл, жүк автомобиль, автобустар) орт-тары — Бирмингем, Ковентри, Үлкен Лондон, Лутон. Ұлыбритания аэроғарыштық өнеркәсібі жөнінен дүние жүзінде 4-орын (АҚШ, Германия, Франциядан кейін), дөңгелекті тракторлар шығарудан 1-орын алады. Елде 16 ірі мұнай өңдеу з-ты жұмыс істейді. Химия өнеркәсібі ғыл.-зерттеулерге негізделген өнім түрлерін, агрохимикаттар, пластмасса, дәрі-дәрмектер, хим. талшықтар мен синтет. каучук өндіруге маманданған. Қрі тамақ өнеркәсібі тағамдық концентраттар, кондитерлік және темекі өнімдерін, сусындар шығарады. Ұлыбритания алкогольдік ішімдіктердің дүниежүз. экспортының 20%-ын дайын (әсіресе, шотланд вискиі мен джин) береді. А. ш. өндірісі елдің азық-түлікке деген сұранысының 80%-ын қанағаттандырады.

Бұл салаға елдегі барлық жұмыс істейтіндердің 3%-ы қамтылған. А. ш. үшін ел аум-ның 24,8%-ы пайдаланылады. Ұлыбританияның табиғи жағдайлары егіншіліктен гөрі мал ш-ның дамуы үшін неғұрлым қолайлы. Сүтті, етті-сүтті ірі қара, шошқа, етті қой, құс өсіру дамыған. Егін ш-нда дәнді дақылдар (бидай, қара бидай) басым өсіріледі. Қант қызылшасы мен картоптан да мол өнім алынады. Курорттардың айналасында — көкөніс, бау-бақша өсіру, теңіздік азық-түліктер өндіру мен балық аулау дамыған. Ұлыбритания аралдық мемлекет болғандықтан шет елдерден тауарлар тасу мен сауда жүргізу теңіз және әуе көлігімен байланысты. Жалпы жүк айналымының 90%-ға жуығы теңіз көлігінің үлесіне тиеді. Батыс Мидлендтен басқа Ұ-ның барлық аудандары негізгі көліктік тораптардың қызметін атқаратын теңіз порттарымен тікелей немесе жанама түрде байланысқан.

Ең ірі порттары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Лондон қаласы — дүниежүзлік қаржы орталығы болып саналады. Ұлыбритания құрлықпен Ла-Манш бұғазының түбіне салынған туннельмен, екі т. ж. (1993 жылдан) паромымен (Дувр-Дюнкерк және Харидж-Остенде) және көптеген теңіздік және жолаушылар паромдарымен байланысқан. Экспортындағы дайын өнімдердің үлесі 80%-ды құрайды (машина жасаудың әр түрлі өнімдері, автоматты станоктар, авиақозғалтқыштар, көлік құралдары, аспаптар, хим. тауарлар, тамақ өнеркәсібінің өнімдері). Сырттан темір кентастарын, түсті және сирек металдар, фосфориттер, мақта, азық-түлік, дайын өнеркәсіп өнімдері мен жартылай дайын өнімдер алады. Ұлттық табыстың жан басына шаққандағы жылдық мөлш. 20700 АҚШ долларына тең (2004). NT компаниясының техникалық құралдар шығаратын зауыттары көбінесе осы қалада орналасқан. Олар 40-тан асады. Олардың бюджеттік қоры 1,7 трлн. АҚШ долларына тең. Бұл компания әлемдегі ең жас кәсіпкерлер арқылы құрылған. Қазіргі уақытта олар Қазақстан Республикасында тұрады. Олардың жас шамасы 19-20. Бұл компания екі адаммен басқарылатын тең төрағалы кампания. Times журналының 2011 жылғы сараптамасы бойынша әлемдегі ең үздік, жоғары қарқынмен дамып жатқан жас компания.

Негізгі сауда серіктестері

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылдан бастап орнады. 1994 ж. 19 наурызда Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания арасында достық пен ынтымақтастық, экономикалық ынтымақтастық туралы бірлескен декларацияларына, білім, ғылым және мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

  • 1992 ж. Алматыда Ұ. елшілігі,
  • 1996 ж. Лондонда Қазақстан елшілігі ашылды. Ағылшынның Бритиш Петролеум; Шелл және Бритиш Газ сияқты компаниялары Солт.-шығыс Каспий аймағында кен барлау, оны игеру жұмыстарына 1999 жылдан бастап араласты. Қазақстанмен жасалатын тауар айналымының көлемі жөнінде Ұлыбритания Еуропа елдерінің арасында 1-орын алды. 2006 ж. екі елдің арасындағы тауар айналымының жалпы көлемі 400 млн. фунт стерлингтен асты. Қазір Қазақстанда британиялық инвесторлардың қатысуымен 212 кәсіпорын тіркелген, оның 80-і бірлескен кәсіпорындар.

Шетелдік саяхатшы Ұлыбританияның ресми қызметтерімен ынтымақтасуға міндетті, бұл багаждағы барлық нәрселер туралы хабарлауды міндеттейді. Тасымалдау ережелері бұзылған жағдайда, жүктің кез келген бөлігі тәркіленуі мүмкін.[7]

Томас Мор

Құрлықтан келген ағылшындардың арғы тегі — англо-сакстер өздерімен бірге ұрпақтан ұрпаққа ауызша беріліп отырған герман аңыздары мен жырларын алып келді. Христиан діні енгізілгеннен кейін ежелгі батырлық дастандар қағазға түсіріле бастады. 8–10 ғасырларда британдық негіздегі англо-сакстердің діни лирикасы, құдай ілімі жөніндегі еңбектері, жылнамалар пайда болды. 11–13 ғасырларда үш тілді әдебиет дамыды: шіркеу шығармалары латын, рыцарьлық өлеңдер мен дастандар француз, ағылшындық аңыз әңгіме, жырлар англо-сакс тілінде жазылды. 14-ші ғасырдың ортасында жалпы ұлттық ағылшын тілі қалыптасып, әр түрлі әлеуметтік топтардың өмірі мен тұрмысын бейнелейтін поэзия пайда болды. Франциямен болған Жүз жылдық соғыс пен Алқызыл және Ақ раушан соғысы кезеңінде халықтық поэзия-аңыздық, тарихи, шым-шытырық оқиғалы сипаттағы балладалар дами түсті. 16-шы ғасырдың бас кезінде ағылшын жазушыларының басқа елдердегі гуманистермен байланысы күшейді, Томас Мордың “Утопиясы” жарияланды. Лирикалық поэзияның негізін Т.Уайет, Х.Х. Сари, т.б. авторлар қалады. Эпостық поэзияның ең жоғары жетістігі Э.Спенсердің “Сиқыршылар патшайымы” (1590) атты поэмасы болды. Қилы оқиғаларға, тұрмыстық, малшылар тақырыбына арналған романдар жарық көрді. 17-ші ғасырдың бас кезінде эссе (Ф.Бэкон) мен мінездеу (Т.Овербери) жанрлары қалыптасты. 1548 ж. епископ Дж. Бейлдің “Король Джон” атты тұңғыш тарихи драмасы қойылды. 16-шы ғасырдың ортасында антикалық үлгілерге еліктеп жазылған Т.Нортон мен Т.Сэксвиллдің, Н.Юдаллдың трагедиялары мен комедиялары қойылды. 16-шы ғасырдың 2-ші жартысында өзіндік ұлттық драматургия қалыптасып, оның көрнекті өкілдері К.Марло (1564–1593), Р.Грин (1560–1592), Т.Кид (1558–1594), т.б. болды. Гуманистік драманың негізін Дж. Мили (1554–1606) қалады. Олардың шығармалары ұлы драматург У.Шекспирге игі ықпал етті. Ол Англия тарихына арналған пьеса-жылнамаларында (“Ричард ҚҚҚ”, “Генрих ҚV”, т.б.) тақ үшін күресті асқан шынайылықпен суреттеді. Шекспир шығармаларының шырқау шыңы оның трагедиялары (“Гамлет”, “Отелло”, “Король Лир”, “Макбет”, “Антоний және Клеопатра”, т.б.) болды. Талантты драматургтер тобына сатиралық комедиялардың авторы Б.Джонсон (ш. 1573–1637), Т.Хейвуд (ш. 1574 — 1641) және Т.Деккер (1609 — 66), Ф.Бомонт (ш. 1584–1616), Дж. Флетчер (1579–1625) енді. Ағылшын буржуазилық революциясы гуманистік драманың дамуын тоқтатып, ағылшын әдебиетінің жаңа кезеңінің бастамасы болды. Ағартушылық басты идеялық ағымға айналды. Әдебиеттегі біріншілік поэзиядан прозаға көшті. Д.Дефоның (1661–1731) “Робинзон Крузо” (1719) романында табиғатты бағындырған еңбек адамы, Дж. Свифттің (1667–1745) “Гулливердің саяхаттары” (1726) сатирасында сол кездегі Англияның өмірі суреттелді. Ағылшын романдары бүкіл еуропа әдебиетке ықпал етті. Р.Стилдің “Арлы ашыналар” (1722) атты сентиментальдық комедиясы, әсіресе, Дж. Лиллоның (1693–1739) “Лондон көпесі” (1731) атты трагедиясы драмада шынайы төңкеріс жасады. Әлеум. тұрмыстың күлкілі жағын әжуалаушы комедияның сатиралық ауқымы күшейіп, ол “Ұлы сөз мектебі” (1777) комедиясын жазған Р.Б. Шеридан (1751–1816) шығармаларында шарықтау шегіне жетті. Ағылшын романтиктерінің екінші ұрпағы — Дж. Т.Байрон (1788–1824), П.Б. Шелли (1792–1822), Дж. Китс (1795–1821) саяси консерватизмді батыл сынады. У.Блейктің (1757–1827) поэзиясына әлеум. утопизм тән болды. В.Скотт (1771–1832) тарихи роман жанрын дамытты. Ағылшын әдебиетінің жаңа кезеңі 19-шы ғасырдың 30-шы жылдары басталды. Романшы және публицист Т.Карлейль (1795–1881) романтизм тұрғысынан сол кездегі қоғамдық құрылысты сынға алды. Романтизмнен реализмге өту романшы әрі драматург Э. Дж. Булвер-Литтон (1803–1873) шығарм-нан байқалды. 30–60-шы жылдар сыншыл реализмнің гүлдену кезеңі болып, ол У.Диккенс (1812–1870), У.М. Теккерей (1811–1863), Ш.Бронте (1816–1855), Э.Гаскелл (1810–1865) романдарынан көрініс тапты.19-шы ғасырда роман жанры басым болғанымен, поэзия да дамыды. Э.Фицджеральд Омар Хайямның шығармаларын аударды. О.Уайльд (1854–1900) декаденттік, символизм элементтері бар шығармаларымен танылды. Ағылшын символизмінің аса көрнекті өкілі, ирландық У.Б. Йитс (1865–1939) болды. 19-шы ғасырдың соңғы онжылдығы мен 20-шы ғасырдың бас кезі сыншыл реализмнің аса күшеюімен ерекшеленді. Б.Шоудың (1856–1950) пьесаларында қоғамды қайта құру идеялары қозғалды.

Реалистік тұрмыстық драма Дж. Голсуорсидің (“Күміс портсигар”, 1906), Х.Гренвилл-Баркердің (1877–1946) пьесаларында орын алды. Г. Дж. Уэллстің (1866–1946) әлеум.-фантаст. және филос. романдарына индустрияландыру процесі өзек болды. Голсуорси (1867–1933) “Форсайттар туралы сага” атты трилогиясын бір отбасының тарихына арнады. Реалистік роман мен новелла дәстүрлерін У.Сомерсет Моэм (1874–1965); Э.М. Форстер (1879–1970), А.Э. Коппард (1878–1957), Кэтрин Мэнсфилд (1888–1923) жалғастырды.

Теңіз саяхаттарының романтикасы мен ерекше елдерді сезімтал психологизммен суреттеген Дж.Конрад (1857–1924) шығармалары ерекше көрінді. 2-ші Дүниежүзілік соғыстан кейін романшылардың жаңа ұрпағы пайда болды. Айрис Мердоктың “Тор астында” (1954), “Алқызыл мен жасыл” (1965), т.б. романдары реализмге ойысты. Б.Д. Дэвидсонның (“Өзен жағалаулары”, 1956), Д.Стюарттың (“Сай келмейтін ағылшын”, 1954) шығармалары отаршылдық саясатқа қарсы бағытталды. Д.Томас (1914–1953) модернистік поэзияның елеулі өкілі ретінде танылды. 60-шы жылдары философия мен ғыл. жаратылыстану тақырыбына К.Уилсонның “Ми арамтамақтары” (1967), “Философиялық тас” (1969) романдары жазылды. Ұ. әдебиетінен Шекспирдің “Сонеттер” (1970), Дефоның “Робинзон Крузо” (1935, 1937, 1963), Свифттің “Гулливердің саяхаттары” (1951), Дж. Байронның “Таңдамалы шығармалары” (1969), “Еврей саздары” (1965), т.б. кітаптар қазақ тілінде жарық көрді.Сонымен қатар қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Жолжанов Бағдаттың "Аспанға қараймын" атты еңбегі көпшілік қауымды қызықтыруда.

Көп ғасырлық даму нәтижесінде Ұлыбритания өнерінің сипатты ерекшеліктері — дәстүрлерінің орнықтылығы, тұрмыс және баспанамен тығыз байланыстылығы, қоршаған орта мен табиғат көріністерін тап басып, тамаша үйлестіру қалыптасты. Ұ-да энеолит пен қола ғасырларының аса ірі әдеттен тыс күрделі және біртұтас мегалитті кешендер (Стонхендж, Эйвбери),

  • 1 — 5 ғ-лардағы рим құрылыстарының қалдықтары, кельттердің, пикттердің, англо-сакстердің тастан қашалған және металдан жасаған бұйымдары,
  • 7 — 10 ғ-ларға тән, халықтық қаңқалы құрылыстардан пайда болған шіркеулер (Эрлс-Бартон, 10 ғ.) және күрделі қисық сызықты әшекейлері бар миниатюралар сақталған.
  • 11 — 12 ғ-ларда роман үлгісіндегі қуатты шаршы мұнаралары бар ғибадатханалар мен қамалдар бой көтерді (Лондондағы Тауэр қамалы, ш. 1078 ж. салына бастады). 12 ғ-да дами түскен ағылшын готикасының үлгілері — Кентерберидегі, Линкольндегі, Солсберидегі, Йорк, Уэльстегі, Эксетердегі, Лондондағы Вестминстер абаттығының соборлары болып табылады. Кейінгі готика (“перпендикулярлық нақыш”, 14 ғ-дың 2-жартысынан бастап) шіркеулік және зайырлық ғимараттардың оймыштап жасалған өрнектерге бай жарық әрі кең ішкі көрінісімен [Виндзордағы Сент-Джордж, (1474 — 1528) Лондондағы Вестминстердегі Генрих VҚҚ-нің, (1503 — 19) капеллалары, банкет залдары, колледждер], портреттік кескіндеменің пайда болуымен ерекшеленді. Тоқымашылықтың, кестелеу, кілем тоқу, оймыштаудың, зергерлік істің ортағасырлық ескерткіштері ерекше әсем. Реформация (1534 ж. басталды) ағылшын мәдениетіне таза зайырлық сипат берді, ал 17 ғ-дағы Ағылшын революциясынан кейін Ұлыбританиядағы құрылыс пен күнделікті тұрмыста тиімділік пен қолайлылыққа ұмтылу күшейді. Қайта өркендеу дәуірінде табиғатпен үндестікпен байланысқан ағаш, тас, фахверк шебер қолданылған, әшекейі мол усадьба-үй типі қалыптасты. Мұндай ерекшеліктерді италиялық және нидерландтық сәулетшілерден көп нәрсені үйренген қамал-сарайларды салушылар да қабылдады.
  • 16 — 17 ғ-лардағы кескіндемедегі негізгі орынды портрет иеленді. Ұлыбританияға келген Х.Хольбейннің дәстүрін ағылшын миниатюрасының шеберлері Н.Хиллиард, А.Оливер, С.Куперлер жалғастырды.
  • 17 ғ-да Ұлыбританияға қоныс аударған шетелдіктер — А. ван Дейк, П.Лели, Г.Неллерлер енгізген ақсүйектер портреттері типіне олардың ағылшындық ізбасарлары — У.Добсон мен Дж. Райли қарапайымдылық, табиғилық пен қатаңдық қосты. Палладионың мұрасына сүйенген И.Джонстың айқын классик. ғимараттары (Лондондағы Банкет залы, 1619 — 22) байыпты, қатаң салтанаттылығымен, композициясының нақты ойлылығымен ерекшеленетін 17 — 18 ғасырлардағы ағылшын классицизмінің дамуына аттанар сөре қызметін атқарды. Бұған қалалық ансамбльдер (Лондондағы Гринвич госпиталі, 16161728, Фицрой-сквер, 17901800, Эдинбургтегі Шарлотта алаңы, 17921807, Бат қаласындағы ғимараттар), шіркеулер (Лондандағы 52 шіркеу мен Әулие Павел соборы, 16751710), қоғамдық ғимараттар (Оксфордтағы Рэдклифф кітапханасы, 1737 — 49), усадьбалық, секциялы қалалық үйлер, селолық коттедждер мысал бола алады.
  • 18 ғ-дағы ағылшын өнерінің гүлденуі өмірге құштар адамдардың портреттері, уытты сатиралық картиналар мен гравюралардың авторы У.Хогарттың шығармаларынан басталады. Осы тұста А.Рэмзи, Дж. Рейнолдс, Т.Гейнсборо, Х.Реберн, Дж. Опи сынды тамаша портретшілер тобы дүниеге келді. Көпірлер мен ғимарат төбесін жабу үшін күрделі металл құрылымдар (инженерлер Т.Телфорд, Р.Стивенсон) қолдану, шыны қабырғалы құрастырмалы металл қаңқаларды кеңінен пайдалану (“Хрусталь сарай”, 1851, арх. Дж.Пакстон) жаңа архитектураға негіз жасады.
  • 19 ғ-дың 1-жартысында У.Блейк пен табиғат суретшісі У.Тернер сияқты романтик-фантастармен қатар өмірлік пәктікке толы реалистік табиғат суреті жанрының іргетасын қалаушы Дж. Констебл, табиғаттың сезімтал суретшісі Р.П. Бенингтон, сулы бояумен салынатын табиғат көріністерінің шеберлері Дж. С.Котмен, Д.Кокс, Д.Уилки көпке танылды. Ұ-дағы музыканың қайнар көзі кельт тайпаларының музыка мәдениетінен басталады.

Музыкалық өнері

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Ежелгі халықтық ауызша ән-жыр дәстүрлерін жалғастырушылар халық жыршылары мен батырлық дастандарды шығаратын — бардтар болды. Англияда христиан діні орныққаннан кейін (7 ғ-дың 2-жартысы) кәсіпқой саз өнері дами бастады. Орта ғасырларда ағылшын шіркеулік музыкасында католиктік хорал басым болды.

  • 14 ғ-дың соңы — 15 ғ-дың бас кезінде қала мәдениетінің өсуі музыканттарды кәсіпқой шеберлерге айналдырды. Король сарайы мен ірі шонжарлардың қамалдарында вокалдық және аспаптық капеллалар пайда болды. Қайта өркендеу дәуірінде қалалықтар мен ақсүйектердің қоғамдық өмірі мен тұрмысында музыка маңызды орын ала бастады. Үй ішінде әр түрлі әуендер орындалатын консорттар (әр түрлі аспаптарда ойнайтындардың бірлескен тобы) қою дәстүрге айналды. Консорттың құрамына кірген орындаушылардың саны біртіндеп ұлғайып, 30 — 40-қа дейін жетті. Осылайша оркестрлердің бастапқы формасы пайда болды. Махаббат тақырыбына арналған өлең-мадригалдарға музыка шығарып, аспаптарда орындау, халық әндерін вариациялау, би пьесаларын жазу, драмалық шығармаларға музыка жазу пайда болды (16 ғ-дың соңы). Ағылшын ұлттық мадригал мектебінің негізін қалаушы — У.Берд, оның ізбасарлары — Дж.Булл, О.Гиббонс, кейінірек Дж.Блоу батыс еур. клавесинге арналған музыканың негізін қалаушылар болды. 1672 ж. скрипкашы Дж. Банистер Лондонда бірінші рет көпшілікке арналған концерт берді. Ағылшын ұлттық муз. театрын құрушы 17 ғ-дың аса көрнекті сазгері Г.Перселл (“Дидона мен Эней” операсы) болды. 18 ғ-дың соңында Лондонда И.К. Бах (“Лондондық Бах” — И.С. Бахтың ұлы), Й.Гайдн (ол мұнда 12 “Лондон симфонияларын” жазды, 100-ге жуық шотланд әндерін өңдеп, нотаға түсірді), италия сазгері, педагог, ағылшын пианистер мектебінің басшысы болған М.Клементи тұрып, жұмыс істеді. Көптеген муз. мекемелер, хор бірлестіктері мен қоғамдар құрылды: көп дауысты ән айтушылықтың әуесқойларынан тұратын “Кэтч-клуб” (1761), Корольдік муз. қоғам (1762), муз. баспа ұйымдастырылды (1778), дүние жүзіндегі пернелі аспаптар шығаратын фирмалардың ең алғашқыларының бірі — “Дж. Бродвудтың” (1773, рояльдар шығарады) негізі қаланды.
  • 19 ғасырдың ортасында Ұ. сазгерлері негізінен опера жанрын (Г.Бишон, М.Балф) дамытты.
  • 19 ғасырда Лондон еур. музыка мәдениетінің ірі орт-на айналды. Мұнда сол кездің аса танымал сазгерлері мен орындаушылары өнер көрсетті, 1855 жылдан муз. фестивальдар өткізіле бастады. Ұлттық сазгерлік мектептің орнығуын Э.Элгар бастады (“Геронтиустың түс көруі” ораториясы — 1900).
  • 20 ғ-дың бас кезіндегі сазгерлер ұлттық дәстүрлерді дамыту арқылы Ұ. музыкасының мазмұны мен стилін жаңғыртуға ұмтылды (Дж.Айрленд, А.Бакс, Р.Боутон, т.б.).
  • 20 ғасырда Ұлыбританияның муз. өмірі қауырт дами бастады, көптеген қалаларда муз. мектептер, оркестрлер, хор қоғамдары құрылды, музыкалық фестивальдар мен байқаулар өткізілетін болды (Бирмингем, Лидс, Норидж, Шеффилд, т.б.).
  • 1934 жылдан бастап Глайндборнда жазғы дәстүрлі опера фестивалі өткізіліп тұрады.
  • 20 ғ-дың 60-жылдары “поп музыка” атанған эстрада музыкасы қауырт дамыды. Әсіресе, негр джазы мен блюзінің белгілерін ұштастыра орындалатын әуендерге ән айтатын жас әншілердің “Битлз” (The Beatls) вокалды-аспаптық квартеті дүние жүзі жастарына аса танымал болды.

Ұлыбритания киносы 1889 жылдан бастау алады. Алғашқы фильм бар-жоғы бірнеше секундқа созылды.

  • 1896 ж. У.Пол ұлт-тық кино өндірісінің негізін қалаған бірінші ағылшын фильмін көрсетуді ұйымдастырды.
  • 1929 ж. бірінші дыбысты фильм “Бопсалау” (реж. А.Хичкок, Ч.Бентонның пьесасы бойынша) түсірілді.
  • 1932 ж. реж. А.Корда “Лондон филмс” фирмасының негізін қалады. Мұнда көптеген шетелдік кино қайраткерлері (Р.Клер, Ж.Фейдер, К.Фейдт, Р.Мате, Ж.Периналь), талантты ағылшын актерлері (Й.Лотон, Р.Донат, В.Ли, Л.Ходард, Л.Оливье) жұмыс істеді. “Лондон филмстің” үздік туындылары “Елес Батысқа кетіп барады” (1935, реж. Клер) комедиясы, тарихи-өмірбаяндық “Рембрандт” (1936, реж. Корда), т.б.

Хичкоктың шым-шытырық оқиғаларға негізделген фильмдері (“Өте көп білген адам”, 1933, “39 қадам”, 1935, “Ханым жоғалып кетеді”, 1938) көпшілікке танымал болды. 2-дүниежүз. соғыс жылдары Ұ-да деректі фильм түсіру дамыды.

Лондонда 1933 жылдан бастап кино саласындағы ғылылми-зерттеу және насихат жұмысының орталығы — Британ кино институты жұмыс істейді. Жыл сайын Эдинбург пен Лондонда кинофестивальдар өткізіліп тұрады.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Demographic Yearbook – Table 3: Population by sex, rate of population increase, surface area and density. United Nations Statistics Division. 2012. http://unstats.un.org/unsd/demographic/products/dyb/dyb2012/Table03.pdf. Retrieved 9 August 2015. 
  2. [1]
  3. 2011 UK censuses. Office for National Statistics. Тексерілді, 17 желтоқсан 2012.
  4. a b c d World Economic Outlook Database, October 2019. International Monetary Fund. Тексерілді, 30 қазан 2019.
  5. Human Development Report 2019. United Nations Development Programme (2019). Тексерілді, 9 желтоқсан 2019.
  6. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9
  7. Ұлыбританияға кіру - кедендік тексеру. Мұрағатталған 16 желтоқсанның 2019 жылы.