Мазмұнға өту

Апартеид

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Дурбан қаласының маңындағы жағажайдағы ескертпе белгі. Онда үш тілде (ағылшын, африкаанс және зулус) былай деп жазылған: «Дурбан жағажай ережелерінің 37-ші бөліміне сәйкес, осы шомылу аумағы тек қана ақ нәсілді қауымның мүшелерінің пайдалануына арналған» (1989)

Апартеид (африкаансша: apartheid — бөлек өмір сүру) — нәсілдік белгілеріне бола байырғы тұрғындарды арнаулы қамаушада, оқшауландырып ұстау арқылы саяси, әлеуметтік-экономикалық және азаматтық құқыларынан айыратын нәсілдік кемсітушіліктің шектен шыққан түрі.

Апартеид саясаты Оңтүстік Африка Республикасында (ОАР) байырғы Африка халықтарына, сондай-ақ елеулі дәрежеде Үндістанның және т.б. елдердің түсті нәсіл өкілдеріне 1980 жылдардың аяғына дейін қолданылып келді. Байырғы халықтардың жүріп-тұру бостандығы шектелді. Бұл тәртіпті бұзу қылмыстық іс ретінде қаралды. Барлық африкандықтардың тең жартысына жуығы өмір сүретін 10 бантустан (резервация) құрылды.

Апартеид саясаты өзге ұлттарды сайлау құқынан айыру, ең төменгі еңбекақы төлеу, жүріп-тұру еркіндігінен айыру, т.с.с. шектеулер қою арқылы көрініс тапты. Бұл саясаттың негізінде адамды нәсіліне, ұлтына қарай жек көру, кемсіту теориясы жатыр.

БҰҰ апартеидті адамзатқа қарсы бағытталған қылмыс, халықаралық құқық принциптерін бұзушылық деп жариялады. Апартеидке жол бермеу және ол үшін жазалау туралы халықаралық конвенция (1973 жылы) қабылданды.

ОАР-дың жаңа өкіметі апартеид саясатынан түбегейлі бас тартты.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Саяси түсіндірме сөздік. – Алматы, 2007. ISBN 9965-32-491-3