Автомобиль өнеркәсібі
Автомобиль өнеркәсібі — өнеркәсіптің автомобиль жасауға мамандандырылған саласы.
1892 жылы Генри Форд (АҚШ) өзі жүретін автомобиль жасап шығарғаннан кейін көліктің осы түрін өнеркәсіптік тәсілмен шығару Еуропа елдерінде тез дамыды. Франция, Англия, Швеция, Италия, Германия, Ресейде автомобиль жасайтын арнаулы кәсіпорындар көбейді. Автомобиль өнеркәсібіІн өркендетуде өндірістің желілік әдісін кеңінен қолданған АҚШ алға шықты. 1900 жылы мұнда 4192 автомобиль жасалды. Францияда 1895 жылы құрылған “Рено”, 1896 жылы құрылған “Пежо автомобиль” монополиялары аз уақыттың ішінде жылына екі мың автомобиль шығара алатын дәрежеге жетті. Автомобиль зауыттарында жүк және жолаушылар таситын автомобильдер, сұйық заттар (бензин, май, су, сүт т.б.) тасуға арналған автоцистерналар, автокүймелер (автофургондар), сусымалы және жабысқақ жүктерді таситын автоқотарғыштар, тіркемелер, жартылай тіркемелі сүйреткіштер, цемент, мал, мал азығын таситын арнайы қораптары бар автомобильдер, тез бұзылатын жүктерді таситын рефрижераторлар т.б. шығаратын болды. Автомобиль өндірісі бензин, керосин, металл, бояуларды көп талап еткендіктен Автомобиль өнеркәсібі мұнай, химия, металлургия өнеркәсібінің өркендеуіне жол ашты.
20 ғасырдың 30-жылдары бүкіл дүн. жүзінде қаулай өркендеген Автомобиль өнеркәсібі дүниежүзілік соғыстар тұсында қуатты әскери қару екенін танытты. Осыған орай ракета қондырғылары, радио, радиолокация станциялары, әскери жабдықтар орнатылған машиналар, ауыр ракеталарды, артилл. жүйелерін, мина атқыштарды, ұшақтарды, арнайы тіркемелерді алып жүретін автомобильдер көптеп шығарылды. Автомобиль өнеркәсібі жасаған жанар-жағармай мен оттегін құятын арнаулы жабдықталған машиналар, жүк көтергіштер, штаб автобустары, жөндеу шеберханалары, химия әскерлерінің, инженерлердің, санитарлардың, өрт сөндірушілердің арнаулы машиналары әскери бөлімшелердің майданда маневр жасауына, жауынгерлік тапсырмаларды жедел орындауына қыруар көмек көрсетті. Автомобиль зауыттары шығарған ұшақтардың энергетика, гидравлика, пневматика және басқа да жүйелерін тексеретін, ұшақтарды жетекке алатын, ұшу-қону алаңын тазартатын арнаулы машиналары әскери авиацияның қуатты қарқынмен өркендеуіне жол ашты.
2-дүние жүзілік соғыстан соңғы кезеңде Автомобиль өнеркәсібі зор қарқынмен дамып, өнеркәсіптің арнайы мамандандырылған тиімді салаларының біріне айналды. Автомобиль өндірісімен түбегейлі айналысатын ғылыми-зертеу және жобалау институтары технологиялық процестерді үздіксіз жетілдіру, энергетикалық және отын ресурстарын, шикізат пен материалдарды, еңбек шығындарын үнемдеу арқылы халық ш-ның талаптарына сай жаңа тұрпатты автомобильдер шығаруды қолға алды. Өнімді жұмыс істейтін жабдықтар мен жетілдірілген өндіріс технолгиясын қолданған Автомобиль өнеркәсібі жанармайды үнемдейтін шағын литражды жеңіл автомобильдермен қатар жайлы автобустар өндірісін игерді. Двигательдің қуатын арттырып, отын шығынын кемітетін, жол талғамайтын, жүкті көп көтеретін автомобиль кәсіпорындары көбейді. Ресей Автомобиль өнеркәсібінің 10-12 тонна жүк көтеретін ауыр автоқотарғыштарын, 12-14 тонна жүк көтеретін қорапты автомбильдерін, 25-40 тонна жүк тартатын карьер қотарғыштары осы тұста шығарылды. А.ө-бін өркендетуге, әсіресе, АҚШ, Англия, Германия, Франция, Италия, Жапония автомобиль монополиялары зор үлес қосты. 20 ғасырдың алпысыншы жылдарының ортасында ғана 3 американ, 7 батыс еуропалық автомбиль монополиясына дүние жүзілік автомбиль өндірісінің 80% үлесі келді. Осы тұста “Дженерал моторс” (General Motors), “Форд мотор” (Ford Motor) және “Крайслер” (Chrysler) компаниялары дүние жүзінде шығарылатын бүкіл атвомобильдердің 90%-тен астамын қолдарына алды. Германияның “Фольксвагенверк” (Volkswagenwerk), А. Опель (А. Opel), “Форд-верке” (Ford-Werke) және Даймлер-Бенц (Daіmler-Benz) фирмалары, Англияның “Бритиш мотор холдингс” (Brіtіsh Motor Holdіngs), “Форд мотор” (Ford Motor), “Воксколл моторс” (Vauxhall Motors), “Рутс моторс” (Rootes Motors) және “Лейленд мотор” (Leyland Motor) компаниялары, Францияның “Рено” (Renault), “Пежо автомобиль” (Pengeot Automobіles), “Ситроен” (Cіtroәn) және “СИМКА автомобиль” (SІMGA Atomobіles) фирмалары өз елдеріндегі бүкіл А.ө-н өздерінің монополиясына айналдырды. Италиядағы “Фиат”, Жапониядағы “Тойота моторс” және “Ниссан моторс” компаниялары автомобиль жасайтын және бұл көлікті шет елдерге көптеп сататын дүние жүзіндегі аса ірі монополиялар болып отыр. Қазақстанда Автомобиль өнеркәсібі болмағандықтан автомобиль құралдары негізінен Ресей, Венгрия, Польша, Чехословакия т.б. елдерден алынды. Қазақстанның Оңтүстік Корея автомобиль жасаушыларымен ынтымағы жақсы нәтиже берді. Алматыда бірлескен автомобиль зауыты ашылды. Бұл Қазақстанда Автомобиль өнеркәсібін өркендетудің алғашқы қадамы болды.[1]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Қазақ ұлттық энциклопедиясы