Тыва тілі

түркі тілдерінің бірі, Тыва республикасының ресми тілі

Тыва тілі (бұрынғы аты – урянхай, өзінің атауы – тыва дыл) — тыва халқының тілі. Тыва тілінде Ресей Федерациясы құрамындағы Тыва Республикасының байырғы тұрғындары, шамамен 240 мың адам сөйлейді (2002). Тыва тілі түркі тілдерінің ұйғыр тобына жатады, көне оғыз, көне ұйғыр, тофа, саха тілдеріне жақын.

Орта, батыс, тоджы, оңтүстік-шығыс диалектілеріне жіктеледі, әдеби тілі орта диалекті негізінде қалыптасқан. Тыва тілінің жазуы 1930 жылдан латын, 1941 жылдан кирилл әліпбиіне негізделген. Тыва тілінде 24 дауысты, 22 дауыссыз фонема бар, орыс тіліндегі әріптерге қосымша ө, ү, ң әріптері қолданылады. Тыва тілінде түркі тілдерінің көбінен ерекшеленетін көмей және созылыңқы дауыстылар, моңғол тілі мен Тыва тіліне ортақ сөздер жиі ұшырайды. Тыва тілінде үндестік заңының, оның ішінде ерін үндестігінің әсері мол. Морфологиясы етістіктің шартты райының күрделі формасының қолданылуымен, келер шақтың -калак, -келек жұрнақтарының жиі қолданысымен ерекшеленеді. Қазіргі Тыва тілінде орыс тілінен енген кірме сөздер көп кездеседі[1].

Тыва тілі — басым көпшілігі Тывада және басқа керші аймақтарда (ТМД елдерінде барлығы — 206 924), сондай-ақ Монғолияда (26 мың) тұратын тывалардың әдеби, ұлттық, мемлекеттік тілі. Тыва әдеби тілі 1930 жылы қалыптасты. 1943 жылдан бері орыс графикасына негізделген әліпбиді қолдануда. Тофа (қарағас) тілі — Шығыс Саянды мекендейтін аз санды халықтың тува тіліне жақын сөйлеу тілі. Әдеби тілі де, төл әліпбиі де жоқ[2].

Дереккөздер

өңдеу
  1. «Қазақ Энциклопедиясы» 8 том
  2. Қазақ тілі. Энциклопедия. Алматы: Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан даму институты, 1998 жыл, 509 бет. ISBN 5-7667-2616-3