Қызылорда

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
(Қызылорда қаласы бетінен бағытталды)
Навигацияға өту Іздеуге өту
Қала
Қызылорда
Елтаңбасы
Елтаңбасы
Әкімшілігі
Ел

 Қазақстан

Статусы

Облыс орталығы

Облысы

Қызылорда облысы

Әкімі

Серік Қожаниязов

Тарихы мен географиясы
Координаттары

44°51′ с. е. 65°31′ ш. б. / 44.850° с. е. 65.517° ш. б. / 44.850; 65.517 (G) (O) (Я)Координаттар: 44°51′ с. е. 65°31′ ш. б. / 44.850° с. е. 65.517° ш. б. / 44.850; 65.517 (G) (O) (Я)

Құрылған уақыты

1820

Бұрынғы атаулары

Ақмешіт, Перовск

Жер аумағы

240 км²

Климаты

қатаң континенталды, қуаң

Уақыт белдеуі

UTC+5:00

Тұрғындары
Тұрғыны

278 581[1] адам (2023)

Ұлттық құрамы

қазақтар 94,23 %
орыстар 2,78 %
корейлер 1,70 %
басқалары 1,29 %[2]

Этнохороним

қызылордалық

Ресми тілі

қазақ тілі

Сандық идентификаторлары
Телефон коды

+7 7242

Пошта индекстері

120000

Автомобиль коды

11

Қызылорда қаласының әкімдігі
 (қаз.) (орыс.)

Қызылорда картада
Қызылорда
Қызылорда
Қызылорда картада
Қызылорда
Қызылорда

ҚызылордаҚазақстанның оңтүстігіндегі қала, Қызылорда облысының әкімшілік, экономикалық және мәдени орталығы (1938 жылдан). Сырдария өзенінің оң жағалауында орналасқан.

Тұрғыны 278 581 адам (2023). 8 әкімшілік-аумақтық бірліктен тұрады: Қызылорда қаласы, Тасбөгет, Белкөл кенттері, Қосшыңырау, Қызылжарма, Қызылөзек, Ақсуат, Ақжарма ауылдары. Қала теңіз деңгейінен 126–130 м биіктікте жатыр. Қала аумағы өзенді бойлай оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай төртбұрышты пішінде созылып жатыр. Жер аумағы 3683 га. Қаланың 17,0 га аумағы теміржол тораптарына, 165 га аумағы көліктік көшелерге, 19 га аумағы талы жоқ қала бақтары мен демалыс орындарына, 51 га алқабы шөлді-шөлейітті орындар үлесіне тиеді. Геологиялық тұрғыдан Қызылорда аумағы Тұран эпигерциндік платформасы үстінде жатыр. Палеозойда қалыптасқан бұл жазықты кейде "Сыр ойысы" деп те атайды. Ойыстың шеткі иіндері палеозойлық қатты метаморфты жыныстарға толған. Ойыстың көлденең ені 400 км. Орталығында палеозойлық тау жыныстары 600-900 м тереңдікте жатыр. Кейіннен ойыс мезозой, одан кейін кайнозой жыныстарымен жабылған. Шөгінді қабат үшке бөлінеді.

Қызылорда вокзалы

Ең жоғарғы қабатының қалыңдығы 10-15 м. Бұл толығымен аллювийлі шөгінді жыныстар. Келесі құмды қабаттың қалыңдығы 50-80 м. Олар негізінен көтеріңкі немесе құмды төбелер бөліктерінде жатыр. Үшінші қабат палеогеннің аяғындағы (олигоцен) теңіз саздары мен құм тастарынан тұратын жасыл-сұр түсті жыныстардан тұрады. Қабат 50–80 м тереңдікте жатыр.

Қала Қамысқала атты елді мекенде 1817 жылы салынған. Қоқан хандығының кезінде Ақмешіт бекінісі болып қаланды. 1853 жылғы тамыздан басқыншы, генерал В.А. Перовскийдің атымен бекініс Перовск форты аталды. 1867 жылы Перовскіге қала мәртебесі беріліп, уезд орталығына айналды. 1901–1906 жылдары Орынбор–Ташкент теміржолының салынуына байланысты қала халқы қарқындап өсті. Кеңес өкіметі Қазақстанда ең бірінші осы Перовскіде, 1917 жылғы 30 қазанда (12 қараша) орнады. 1922 жылы қаланың Ақмешіт аты қайтарылғанымен, 1925 жылғы сәуірде Қызылорда деп қайта өзгертіліп, Қазақ АКСР-інің астанасы мәртебесі берілді (1929 жылға дейін).

Қалада 1926 жылғы 13 қаңтарда Қазақ драма театры (М.Әуезов атындағы Қазақтың мемлекеттік академия театры) ашылды. Денсаулық сақтау, білім беру орындары көбейді. 1938 жылы облыс орталығына айналды. XX ғасырдың 30-жылдары қалада электр станциясы, диірмен, наубайханалар, балық өңдеу, күріш, кірпіш зауыты жұмыс істеп тұрды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдары аяқ-киім фабрикасы, ет комбинаты, астық өнімдері комбинаты, сүт зауыты, целлюлоза-картон зауыты, тоқылмайтын маталар фабрикасы іске қосылды. 1956 жылы қала іргесіндегі Тасбөгет кенті жанынан су бөгеті салынды. 1974 жылы «Қызылордакүрішмаш» зауыты іске қосылды. Көптеген оқу орындары мен мәдениет ошақтары ашылды. 1996 жылы 8 қазанда ҚР Президентінің жарлығымен «Қызылорда арнайы экономикалық аймағы» (АЭА) құрылды. Оның бағдарламасы негізінде қалада жекешелендіру, акционерлендіру, инвестиция тарту секілді жұмыстар жүргізілді. Түрлі меншіктік жүйелер жасалып, шағын және орта бизнес кәсіпорындары мен мекемелері құрылды. Өнеркәсіп, сауда, байланыс қатынастары реттелді. Экономиканың жандануы мемлекет және қала бюджетіне түсетін қаржы сомасын арттырды.

Айтбай мешіті

Қалада күріш машиналарын шығаратын «Қызылордакүрішмаш» АҚ, Құрылыс материалдары мен құралдар комбинаты, эксперименттік механикалық және тәжірибелік жөндеу-механикалық зауыттары, тоқылмайтын маталар, аяқ-киім фабрикалары, сонымен бірге астық өнімдері және азық-түлік, тағам бағытында «Береке-нан», «Балық», «Жайна» «Ісмер», «Қуат» АҚ-тары жұмыс істейді. Қалада «Айдан», «Аңсар», «Айжан», «Бабас», «Бастау және К», «Бейбарыс», «Сыр шарабы», «Темірхан», «Яксарт» және т.б. ӨК, АҚ-дар мен кәсіпорындар елге қызмет көрсетеді. Қаладағы көлік қатынасын «Маршрут», «Қатынас» АҚ-тары, «Жаңа талап» ӨК-і жүргізеді. Кейінгі жылдары қаланың архитектуралық келбеті жаңарып, тарихи орындар қайта жаңғыртылды. Жаңа әуежай, Аквапарк, Сарқырама каналы, Жағажай, төрт жұлдызды «Самал» қонақүйі, «Еуразия» кешені салынды. Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш, Қорқыт ата, Абылай хан, Амангелді Иманов, Мұхтар Әуезов мүсіндері орнатылған. «Қызылорда таймс» (1994), «Ақмешіт ақшамы» (1997), «Новая Кызылорда» (1998) газеттері шығады.[3]

Білім беру және мәдениет саласы бойынша қалада 50-ден аса жалпы білім беретін мектеп, 5 колледж, 3 кәсіптік-техникалық мектеп, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, «Сейхун» академиясы, Экономика, экология және құқық университеті, Гуманитарлық университет бар. Аймақтық агроэкология ғылыми-зерттеу институты облыста ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Облыстық мемлекеттік архив, драма театры, «Сыр сұлуы» халық ән-би ансамблі, филармония, көркемөнерпаздар шығармашылық үйі, облыстық халық шығармашылығы мен білім беру және мәдени жұмыстардың ғылыми-әдістемелік орталығы т.б. бар.

Қорқыт ата кешені

Қызылорда қаласының қалыптасу тарихы бұрынғы маңызын жоғалтпай, тек аты ғана бірнеше рет өзгергенімен (Ақмешіт – 1818 жылы, Перовск – 1853 жылы, қайтадан Ақмешіт – 1922 жылы, Қызылорда – 1925 жылы), әр кезеңде Сыр бойы атрабының әлеуметтік және мәдени орталығы болып қалыптасты.

Ақмешіт 1818 жылы Қоқан хандығы кезінде Сырдария бойында алғаш қорған ретінде салынған. Оның ішіндегі ақ кірпіштен өрілген мешіттің түсіне сай бекініс Ақмешіт деп аталды.

1853 жылғы 28 шілдеде Орынбор генерал-губернаторы В.А.Перовский Сыр қазақтарын қорғауды сылтауратып орыс әскерлерімен қамалға басып кіріп, қоқандықтарды қаладан қуып шығады. Қала Перовск аталып, 1867 жылы ол Сырдария уезінің орталығына айналады. Қалада 4 сыныптық мектеп, кірпіш зауыты, жел диірмен, ұста дүкендері жұмыс істей бастайды.

1905 жылы Орынбор – Ташкент теміржолы пайдалануға беріліп, қалада депо, вокзал үйлері салынды. Ал 1917 жылы 30 қазанда Перовскіде Кеңес үкіметі орнады. Жаңа үкімет үшін болған ұрыста А.Першин, Н.Шумилов, Н.Селиверстов тағы басқа жауынгерлер ерлік үлгісін көрсетті.

1922-1925 жылдары қала қайтадан Ақмешіт атанып, 1925-1929 жылдары Қазақстанның астанасына айналды. 1925 жылы қалаға Қызылорда аты беріліп, онда С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров сияқты белгілі қаламгерлердің туындылары сахналанып, М.Әуезовтың “Еңлік-Кебек” спектаклі қойылды. Ал 1938 жылы Қызылорда облысы құрылды. 1960-70 жылдары қалада қатырма қағаз, аяқкиім, механикалық және күріш зауыттарымен қатар бірнеше фабрикалар іске қосылып, жаңадан салынған Гагарин, Титов елді-мекендері арқылы қала көлемі ұлғая түсті.

Осы жылдары Қызылордада педагогикалық институт пен Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институттарының филиалы және бірнеше арнаулы оқу орындары жұмыс істеп, көптеген мектеп үйлері жаңадан салынды.

1980-90 жылдары қазіргі Абай даңғылы, Желтоқсан, А.Тоқмағамбетов көшелерінде сәнді үйлер, зәулім ғимараттар бой көтерді. Соңғы жылдары салынған Ақмешіт, Мерей шағынаудандары, “Оңтүстікмұнайгаз” фирмасының әкімшілік үйі, Диагностикалық орталық, облыстық аурухананың жаңа үйлері қала ажарын аша түсті. Шетелдік компаниялардың Сыр бойының табиғи байлығын игеруі тұрғындардың әлеуметтік жағдайының жақсара түсуіне ықпал ете бастады. Ежелгі Сыр бойында өмір сүрген данышпан Қорқыт баба, Жалаңтөс Баһадүр, Әйтеке би, Жанқожа, Бұқарбай, Тоғанас батырлар мен Ұлы Отан соғысы кезіндегі Кеңес Одағының батырлары атанған 22 майдангер ерлеріміздің есімдері – ел мақтанышы. Мұстафа Шоқай, Темірбек Жүргенов, Ғани Мұратбаев сияқты қазақтың біртуар ұлдары мен даңғайыр диқан Ыбырай Жақаевтарды дүниеге әкелген де осы қасиетті Сыр топырағы. Олар — өлке тарихына енген, көше бойларындағы үйлерге жазылған биік тұлғалы қасиетті есімдер.

Сонымен қатар, Қызылорда қаласының іргесінің қаланғанына 200 жылға жуықтаған кезеңде де оның заман өзгерістеріне толы тарихи оқиғалары, ежелгі дәуірлерден бүгінгі күнге дейін Арал өңірін, Сырдария жағасын мекендеген халықтардың археологиясы, этнографиясы, әлеуметтік-мәдени өмірі зерттеушілердің назарында болып келеді.

Республиканың астанасына Ақмешіт қаласы ұсынылғанға, ең басты дәлел ретінде онда Орынборға қарағанда қазақтардың көп тұратыны тілге тиек етілді. Орынбор – Ташкент теміржолы республиканың жаңа астанасын Ресей орталығымен, Қазақстанның батыс, оңтүстік аудандарымен және Орта Азия республикаларымен байланыстыратын еді. Оның үстіне Ақмешіт болашағы үлкен үміт күттіретін суармалы егістің орталығына орналасты. Бүгінгі көзқарас тұрғысынан қарағанда республика басшылары С.Қожанов, С.Сәдуақасов астананы көшіру мәселесіне ұлттық мүддені көздеп келген деген деректер бар.

“Қазақстан астанасы орыстың туы тігілген қалада емес, қаласы жоқтықтан қазақтың киіз ауылында болса да, қазақ жұртшылығына жуық болуы керек”, - деп жазды С.Қожанов “Ақжолдың” 1924 жылғы 17 желтоқсандағы санында. Қазақ астанасы болуға Орынбор қаласы шетте болғандықтан ғана жарамайды емес, қазақ қаласы болмағандықтан, қазақ ұлт мемлекетінің ұлтшылдығына орда болуына қисыны жоқтықтан жарамайды. Қазақ ұлт мемлекетшілдігіне әдемі қала, ыңғайлы үйлер керек емес, жаман да болса, өз ордасы болуы керек. Орынбордан көшпей, қазақ ұлтының ішкі тіршілігі оңдалып, қазақ еңбекшілерінің көпшілігінің қолына керекті шарлар іс жүзінде істелуі қиын”.

Перовск станциясы теміржол жұмысшыларының бастамасы бойынша Қазақстан өкіметін Ақмешітке көшіру үшін үш күн ішінде “Қызыл паровоз” жөндеуден өткізіліп, Орынборға жіберілді.

Қазақ АССР-і Кеңестерінің V съезі делегаттары және өкімет мүшелері бар пойыз Орынбордан республиканың жаңа астанасы Ақмешітке 1925 жылдың наурыз айының аяғында аттанды. Съезд делегаттарының ішінде мәдениет, өнер қайраткерлері Иса Байзақов, Александр Затаевич, Әміре Қашаубаев, Сәбит Мұқанов, Сәкен Сейфуллин, Қажымұқан Мұңайтпасов болатын.

Бұл съезге Қазақ Республикасының қарауына кірген Қарақалпақ Автономиялы облысының өкілдері бірінші рет қатысты. Қарақалпақ делегаттарының бірі Әбу Құдабаев Ақмешіт қаласына жақын Сырдария өзенінің батыс жағасындағы “Қызыл қайың” ауылында 1899 жылы туған. Ол бірқатар жылдар бойы Қарақалпақ облыстық партия комитетін басқарды. Кейінірек сталиндік қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбанына айналды.

Құрамында Қазақ АССР-і Кеңестерінің V съезі делегаттары бар өкімет пойызын жол бойында Сексеуіл, Арал, Қазалы, Жосалы станцияларының жұртшылығы қарсы алып, көп адам жиналған митингтер ұйымдастырылды. Ақмешіт станциясында орасан зор митинг болып өтті. Оны Ташкенттен келген Сырдария облыстық партия комитетінің хатшысы Әбілқайыр Досов ашты. Өкімет делегациясын Қазақстанның жаңа астанасының жұмысшылары мен интеллигенциясы қызу құттықтады. Қала жастары атынан Әбділда Тәжібаев сөз сөйледі.

Сонымен 1925 жылдың 15 сәуірінде Ақмешіт қаласында бүкіл Қазақстан еңбекшілері өкілдерінің басын қосқан Қазақ АССР Кеңестерінің V съезі салтанатпен ашылды.

Бес күнге созылған съездің негізгі құжатының бірі қазақ халқының тарихи дұрыс атының қалпына келтірілуі еді. Яғни Кеңестердің бүкіл қазақтың V съезі “бұдан былайғы жерде “киргиз” деген атау “қазақ” деп аталсын” деп қаулы қабылдады. Сонымен бірге съезд “Киргиз Республикасын” “Қазақ Республикасы” деп атауға, ал оның астанасы Ақмешітті Қызылорда деп атауға қаулы алды.

Қызылорданың Қазақстан астанасы деп аталуымен тарихтың жарқын беттері ашылды. Еліміз жаңа бір қоғамдық құрылыстың ғимаратын қалай бастады. Бұл кезде қаланың тұрғыны 22577-ге жетті. “Қызылқала” сөйтіп өмірге жаңаша қарқынмен қанат жая бастады. Дәл осы жылдары жарқыраған электр жарығы іске қосылды. Астана мәртебесіне қол жеткізген соң түрлі мекемелер мен өндіріс орындарының іргетасы қалана бастады. Біртіндеп кондитерлік фабрика, ет комбинаттары, сыра зауытымен бірге басқа да артелдердің қатары көбейді.

Қызылорда астана болған жылдары орта оқу және арнаулы оқу орындары, өнеркәсіп және ауылшаруашылық мекемелерімен қоса, орталық ғылыми-зерттеу ғимараты жанынан қазақтың эпидемиология және гигиена институтының негізінде егу лабораториясы дүниеге келді. Сондай-ақ ең алғашқы рет қазақтың ғылыми-зерттеу, жер қыртысын зерттеу, қазақтың мал дәрігерлік-бактериологиялық және де басқа институттары өз жұмысын осы қалада бастаған болатын.

Кәсіпорындары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

«Қызылордакүрішмаш»

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

«Қызылордакүрішмаш» – машина жасау кәсіпорны. 1981 ж. ауыл шаруашылық машиналарын жасауға бағытталған зауыт ретінде пайдалануға берілген. 1994 жылдан акционерлік қоғам. Астық жинайтын машиналар шығаруға мамандандырылған. Зауыт шығаратын әртүрлі жатка машиналары елімізде көпшілік сұранысқа ие. Зауыт ЖВ-4,1, ЖРТ-5-01. ЖРТ-5, ЖВУ-6, ЖВТ-6, ЖВП-10 жатқаларын жасауды игерген. Кәсіпорынның өндірістік қуаты – жылына 600 жатка.

Қызылорда су тораптары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қызылорда су тораптары, 1) Қызылорда су торабының оң жақ каналы, бастауын Сырдария өзені арнасында салынған бөгет (1957, Қызылорда қаласынан шығысқа қарай 12 км) маңынан алып, өзеннің оң жақ бойымен Қармақшы ауданына дейін созылады. Ұзындығы 80 км, ені 20, кейде 40 – 80 м. Тереңдігі 5 – 12 м. Су ағымы каналдың басында 48 м³/с. Канал бойында бірнеше бөгеттер, көпірлер бар. Сырдария өзенінің оң жақ бойындағы өңірдің ауыл шаруашылығын дамытуда бұл каналдың маңызы зор, оның суымен күріш, жем шөптік дақылдар егілетін 60 мыңға жуық га жер суарылады. 2) Қызылорда су торабының сол жақ каналы, республикада салынған (1950 – 60) ірі су құрылыстарының бірі. Бастауын Сырдария өз. арнасына салынған (1957) бөгеннен алады. Ұзындығы 140 км, ені 40 – 70 м, тереңд. 4,5 – 9 м. Су ағымы бас жағында 60 м³/с. Канал Сырдария, Қармақшы аудандарының шаруашылықтарына Сырдария суын жеткізеді. Суарылатын жер аумағы 50 мың га-дан астам. Канал жалпы ұзындығы 500 км-дей Жаңадария (Сырдарияның ескі арнасы) каналымен жалғасады. Оның суымен 600 – 700 мың га жайылым және шабындық суландырылады.

Қызылорда энергиялық орталығы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қызылорда энергиялық орталығы – мемлекеттік коммуналдық қалалық кәсіпорын. 1963 ж. іске қосылған. Орталық Қызылорда қаласын жылумен және электр қуатымен қамтамасыз етеді. Кәсіпорынның жылу энергиясын өндіретін екі қазандығы бар. Жылу маусымы кезінде сағатына 22 МВт электр энергиясын өндіреді.[4]

Оқу орындары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қызылорда мемлекеттік университеті

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қызылорда мемлекеттік университеті, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті – Арал өңірі мен Қазақстанның оңтүстік-батыс аймақтары үшін түрлі саладағы білікті мамандар даярлайтын іргелі жоғары оқу орны. 1998 жылдың 24 наурызында Қорқыт ата атындағы Қызылорда гуманитарлық университеті мен Ыбырай Жақаев атындағы Қызылорда политехникалық институтының бірігуі негізінде құрылған. ҚМУ-дың оқу және ғылыми жұмыстарын жоғары білікті оқытушылар ұжымы жүргізеді, олардың 49-ы ғылым докторы, 287-сі ғылым кандидаты. 12 мыңнан астам студент күндізгі, сырттай және кешкі бөлімдерде жаратылыстану және әлеумет, гуманитарлық сала, экономика, педагогика, өнер, мәдениет, спорт саласы, технология машиналар мен құралдар, мұнай-газ ісі, электр¬энергетика, азық-түлік өнімдері технологиясы, құрылыс, ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығы, т.б. салалар бойынша дәріс алады. Білім беру жүйесін дамыту, жаңа ақпараттық технологияларды енгізу арқылы оқу процесін жетілдіру, ғылым мен практиканы ұштастыру, оқытушылар мен студенттер шығармашылығын қалыптастыру – университет дамуының негізгі ұстанымдары болып саналады. ҚМУ қызметінің басым бағыттары Болонья декларациясының талаптарына сай келетін жоғары кәсіптік білім берудің жалпы еуропалық жүйесіне кіру, оқу процесін жүйелі ұйымдастыру, кәсіптік білім берудің көп сатылы жүйесін дамыту, бастауыш, орта және жоғары кәсіптік білім беруді ұйымдастыру мен жүргізуді ғылыми-әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз ету болып табылады. 1993 жылы ҚМУ жанынан Қазақ-түрік лицейі, 1994 жылы жаңа үлгідегі мектеп-гимназия ашылды. Бұл оқу орындарында жоғары мектеп мамандары: ғылым кандидаттары, доценттер, жоғары санатты оқытушылар сабақ береді. Лицей мен мектеп-гимназияда шетел тілі және информатика пәндері бірінші сыныптан бастап тереңдетіліп оқылады. ҚМУ шетелдік жоғары оқу орындарымен байланыс орнату және оны дамыту жөніндегі шаралар кешенін төмендегі бағыттар бойынша жүргізеді: шетелдік оқу орындарымен тікелей келісім шарт бойынша байланыс; елшіліктер, түрлі халықар. қорлар және орталықтармен қатынас; оқытушылар құрамының шетелде тәжірибе алмасуы; шетелдерде мамандар даярлау; жолдама, шақыру арқылы шетел мамандарының, еріктілерінің қызметі; шетелдік қазақ жастарына білім беру; озық білім тәжірибелерін тарату; білім бағдарламаларын халықаралық стандарттармен сәйкестендіру; аспиранттар мен студенттерді шетелдерде оқыту. ҚМУ осы мақсатта АҚШ, Канада, Түркия, Оңтүстік Корея, Египет, Ресей, Белоруссия, Украина, Қырғызстан, т.б. алыс және таяу шетелдердегі ғылыми орталықтармен және жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатқан. Университет 1998 – 2002 жылдар аралығында Оңтүстік Альберта технология институтымен (SАІТ, Канада) бірлесе отырып Канада халықаралық даму агенттігі қаржыландыратын (СИДА) «Қазақстанның жоғары оқу орындарына техникалық көмек көрсету» атты жобаны жүзеге асырды. Бұл жоба негізінде «Экономикадағы ақпараттық жүйелер», «Ақпараттарды өңдеудің автоматтандырылған жүйелері», «Бухгалтерлік есеп және аудит», «Экономика және менеджмент» мамандықтары бойынша оқу жоспарлары мен бағдарламалары жаңартылды. ҚМУ бірнеше жылдан бері Канаданың жетекші ауыл шаруашылық оқу орындарының бірі – Олдс колледжімен, Саскачеван университетімен Қазақстан – Канада – Қырғызстан арасындағы «Ауыл шаруашылық саласында кәсіби білім беруге ықпал ету, технологиялар ұсыну бағдарламасы», «Өндірістегі қолданбалы зерттеу мен сауда және индустриямен өзара байланыс бағдарламалары» атты үш жақты жобаны жүзеге асырып келеді. Аталмыш жобаны да Канада халықаралық даму агенттігі қаржыландырады. Сондай-ақ, Түрік халықаралық ынтымақтастық басқармасымен (ТІСА) бірлесе отырып «Қазақ-түрік қолданбалы өнер орталығы» атты екі жақты жобаны іске асырып келеді. Жоба мақсаты халықар. стандарттарға сай сәндік-қолданбалы өнер – кілем тоқу, зергерлік бұйымдар саласы бойынша жоғары білімді мамандар даярлау. Жоба шеңберінде университетте арнаулы кілем цехы іске қосылып, «Кәсіби білім беру» мамандығы негізінде қолдан кілем тоқу ісі бойынша мамандар даярланады. ҚМУ шетел тілдерін Франция, Түркия, Корея, Египеттен ерікті оқытушылар қатыстыру арқылы оқытуды тәжірибеге енгізген. Университетте Корей Республикасы Елшілігі жанындағы Корей ағарту орталығы мен Корей халықар. ынтымақтастық агенттігінің (КОІСА) бірлескен бөлімі ашылды. М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті, Мәскеу мемлекеттік инженерлік университеті, Қазан, Киев мемл университеттері, Кенги университеті, Чан-Янг университеті (Сеул, Корея), Сүлеймен Демирель ун-тімен (Түркия), MASHAV халықаралық байланыс орталығымен (Израиль) білім және ғылым мәселелері бойынша тығыз байланыс орнатылған. Сондай-ақ ҚМУ Қоғамдық-технология колледжбен (Миннеаполис, Миннесота штаты, АҚШ) бірлескен Интернеткурсын өткізіп келеді, университеттің «Аударма ісі» мамандығы студенттері аталған колледжде білім алу құқығын бірнеше мәрте иеленді. ҚМУ халықаралық университеттер ассоциациясы мен экономика және бизнес пәндері бойынша ресурстық желінің мүшесі бола отырып экономика, бизнес пәндері бойынша оқулықтармен көмек беретін CARANA Корпорациясының EdNET жобасы аясында «Еуразия» қорының (USAІD) грантын иеленді. Университеттің оқытушылар құрамы Орталық Еуропа университетінің Ресурс Орталығы мен (Будапешт, Венгрия), ТМД, Таяу Шығыс елдерінің жоғары оқу орындары оқытушыларына арналған оқыту әдістемелері бойынша өтетін семинарларға ұдайы қатысады. Университет жанында шетелдерде білім алу мәселелері бойынша Сорос – Қазақстан қорының бөлімшесі жұмыс істейді. Аталмыш бөлімше арқылы студентттер білім және ғылым саласы бойынша кеңес алу, ақпараттық құралдармен танысу, АҚШ жоғары оқу орындарына тапсыруға қажет TOEFL, GMAT, GRE тесттеріне дайындалу, ІREX, ACCELS, USІS, Сорос қорларының стипендиялық бағдарламалары бойынша ақпарат алу мүмкіндігіне ие болды. ҚМУ жанында мұражай және көрме залы жұмыс істейді. Мұражайда университеттің өнері мен мәдениетінен сыр шертетін 1 көрме залы, 2 этнография залы, 1 техника залы, ун-т тарихын баяндайтын 6 экспозиц. зал бар. Мұражай қорында 3960 экспонат сақтаулы. Ун-т кітапханасы Қызылорда облысы оқу орындары кітапханаларының әдістемелік орталық болып табылады. Қазіргі уақытта кітапхананың жалпы қорында 2 млн дана басылым бар. Онда сирек кездесетін (5000 дана), ағылшын тіліндегі түпнұсқа әдебиеттер (1300 дана), электронды оқулықтар (300 дана) және миллионға жуық арнайы техн. әдебиеттер жинақталған. Оқырмандарға екі электронды зал қызмет көрсетеді. Кітапханада оқырмандар конференциясы, тақырыптық көрмелер, жаңа әдебиеттер көрмесі, өнер адамдарымен кездесулер өткізіледі. ҚМУ-дың жоғары сайланбалы өкілетті басқару органы – ғылыми кеңес болып табылады. Оның міндеті – университеттің келешегін, негізгі бағыттары мен ғылыми, экономикалық және әлеуметтік даму стратегиясын анықтау. Университет ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізгі бағыттары: құрылыс материалдары мен құрылыс өндірісінің технологиялары; аймақтың минералдық байлықтарын қайта өңдеудің физика-химия негіздері; ауыл шаруашылық дақылдарын өндіру және қайта өңдеу, сақтау технологияларының проблемалары; Қорқыт ата мұрасы және ежелгі түркі өркениеті; Арал өңірінің экологиясы; Қызылорда облыстық экономикасының проблемалары; машина-трактор агрегаттарын пайдалану тиімділігін көтеру жолдары; жерасты болат магистралды құбыржелілерінің төзімділігі; суармалы егіс ал¬қаптарының экол.-мелиоративтік жағдайы; Арал теңіз табанын игеру, т.б. Университет жанынан Ежелгі түркі өркениеті және Қорқыт ата мұраларын зерттеу орталығы құрылған. 2003 ж. осы орталық негізінде «Ежелгі түркі өркениеті және Қорқыт мұраларын зерттеудің көкейкесті мәселелері» тақырыбында халықар. ғылыми-теория конференция өткізілді. Қазіргі уақытта ҚМУ археологтары Оғыз мемлекетінің астанасы Жанкент қаласының орнын зерттеу үстінде. Сырдария өзенінің төменгі ағысындағы көне қалалар мен Арал т-нің табанына жасалған ғылыми экспедициялар барысында құнды археологиялық материалдар жиналды. Университет ғалымдары бірқатар мемлекет ғылыми-технология бағдарламаларды орындауға қатысуда. ҚМУ студенттерінің қоғамдық қызметі Жастар ісі жөніндегі комитет арқылы жүзеге асырылады. Халықаралық, республика байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпаздары «Дидар» этнография-фольклорлық ансамблі, гандболдан Азия елдері және республика чемпионаттарының жүлдегері «Сейхун – Кам» қыздар командасы, республика және облыс байқаулардың бірнеше мәрте жеңімпаздары «Час пик», «Қазақтың қазағы», «Сәтті сағат», «Қорқыт құрамасы» көңілді тапқыштар клубы мен КВН командалары, «Ақиқат» дебат клубы – университет мақтанышы. ҚМУ студенттері арасында, сондай-ақ, республика «Шабыт», «Жас толқын» фестивальдарының лауреаттары, республика пәндік олимпиада жеңімпаздары мол. Студенттер өмірінде «Салауатты өмір салтын қалыптастыру» орталығы және "Студенттер кәсіподақ комитетінің" алатын орны ерекше. Бұдан бөлек университет студенттері көптеген ұйымдар мүшелері болып, университеттің қоғамдық өміріне етене араласып, бос уақытын қызықты өткізуіне болады. Атап өтетін болсақ, "Әскери патриоттық клуб", "Нәзік" қыздар кеңесі, "Ұлағат Ұландары" ЖҚБ, "Қазақстан Студенттер Альянсы", "Жас Отан" жастар қанаты, "Студенттер Кәсіподақ Комитеті", "Грация" би тобы, "Қыран" еріктілер жасағы, "Ақиқат" дебат клубы сияқты көптеген ұйымдар жұмыс жасауда. ҚМУ қазіргі уақытта білім берудің жаңа технологиялары кеңінен қолданылатын, материалдық-технология базасы бай, оқу мен тәрбие тұтастығын қамтамасыз ететін бакалавриат, магистратура, аспирантурасы бар білім мен ғылымның ошағы болып табылады.

Қызылорда гуманитарлық университеті

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қызылорда гуманитарлық университеті – экономика және педагогика мамандарын даярлайтын жоғары оқу орны. 2000 жылы құрылған. 17 кәсіптік мамандық бойынша жоғары білімді мамандар даярлайды. Оқу орны заман талаптарына сай ғимаратқа орналасқан. Оның жалпы ауданы 4070,0 шаршы метр. Онда кітапхана, 120 орынды оқу бөлмелері мен жаттығу спортзалдары, 100 орынды асхана, медициналық бөлме, баспахана, шеберхана, әкімшілік басқару кабинеттері, кафедралар, дәрісханалар, зертханалар орналасқан. Университеттің профессор-оқытушылар құрамында штат бойынша 63 оқытушы, оның ішінде 2 ғылым докторы, 24 ғылым кандидаты бар. Заманауи білім сапасын, студенттердің жан-жақты білім алуына мүмкіндік жасайды.

Қызылорда инженерлік-экономикалық институты

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қызылорда инженерлік-экономикалық институты – оқу-әдістемелік мекеме. 1998 жылы құрылған. Институт 8 мамандық бойынша (экономика, есеп және аудит, қаржы, мемлекеттік және жергілікті басқару, экология, есептеу техникасы және бағдарламамен қамсыздандыру, электроэнергетика, тасымалдау мен жол қозғалысын ұйымдастыру және көлікті пайдалану). Институтта 4 кафедра жұмыс істейді. Онда 84 оқытушы-профессор еңбек етеді. 2004 жылы институт жанынан колледж ашылды. Онда студенттер 5 түрлі мамандық бойынша білім алады.

Қызылорда экономика, экология және құқық академиялық университеті

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қызылорда экономика, экология және құқық академиялық университеті – жоғары оқу орны. 1997 ж. мамырда құрылған. Университетте 4 факультет, 12 кафедрада 18 мамандық бойынша кәсіби мамандар даярланады. 99 оқытушы, 7 ғылым докторы 37 ғылым кандидаты және өндірісте мол тәжірибе жинақтаған мамандар сабақ береді. Университетте ҚР Білім және ғылым министрлігі Философия және саясаттану институтының зерттеу бөлімі жұмыс істейді. Университет оқытушыларынан 2 докторлық, 8 кандидаттық, 14 магистрлік диссертация жұмыстары қорғалды. 2003 жылдан бері университет жанындағы «Қызмет» колледжі жұмыс істейді. Колледжде 11 мамандық бойынша арнаулы орта мамандар даярланады.

Қызылорда гуманитарлық заң колледжі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қызылорда гуманитарлық заң колледжі – орта кәсіптік оқу орны. 2001 жылы құрылған. Экономика, заң, педагогика салалары бойынша мамандар даярлайды. Колледжде 1 ғылым докторы, 7 ғылым кандидаты, жоғары білімді мамандар дәріс береді. Университетте құқықтану, экономика бөлімдерінде 8 мамандық бойынша мамандар даярлаумен қатар жеке адамдардың сапалы білім алу мүддесін қанағаттандыруға және еңбек нарығындағы бәсекелестікке қабілетті болуына дайындайды. Салауатты өмірді қолдау мақсатында жұмыс жүргізетін «Жас заңгерлер» КТК командасы, «Әділет» дебат клубы, «Салауаттылық орталығы» бар. Колледжді 2001 жылдан саясаттану ғылымдарының докторы, профессор М.Мұхамедов басқарып келеді.

Қызылорда медицина колледжі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қызылорда медицина колледжі – арнаулы орта медициналық білім беретін оқу орны. 1928 жылы Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен «Қазақ акушер техникумы» болып ашылған. 1933 жылы «Фельдшерлік мектеп», ал 1954 жылы «Медицина училищесі» деп аталған. 1996 жылы қазіргі атауымен аталған. 1933-40 жылдары оқу орнында 320-дай оқушы білім алды. Колледж емдеу, акушерлік, стоматология, фармацевтика, медбике мамандықтары бойынша кадрлар даярлайды.

Қызылорда музыка колледжі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қызылорда музыка колледжі, Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы – арнаулы орта білім беретін мемлекеттік оқу орны. 1977 ж. ашылып, 1999 жылға дейін М. Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжінің құрамында болды. 1999 жылы жеке бөлініп шықты. Қолледжде аспапта орындау, жеке ән салу, хорға дирижерлік ету, хореография өнер мамандықтары бойынша білім беріледі. Колледжде әр жылдары Е.Көшербаев, Т.Қалауов, Е.Сақтапбергенов басшылық етті, қазіргі директоры К.Ш. Ботабаев (Қазақстан білім беру ісінің озық қызметкері). «Super Star» мегапроектісінің жеңімпазы А.Кішкенбаев, «Жас қанат» байқауының жүлдегерлері Р.Садықов пен М.Сейітмұратов, т.б. осы оқу орнының түлектері.

Қызылорда облыстық қазақ музыкалық драма театры

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қызылорда облыстық қазақ музыкалық драма театры, Н. Бекежанов атындағы – кәсіпқой сахналық мекеме. 1955 жылы Еңбекшіқазақ (Алматы облысы) және Қаратал аудандары (бұрынғы Талдықорған облысы) жергілікті театры негізінде ұйымдастырылған. Театр шымылдығы Ғ. Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясымен ашылды. 1960 жылы театр Қызылорда қаласына көшіріліп, 1970 ж. Н. Бекежанов есімі берілді. 1997 жылдан Н. Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ музыка драма театры болып өзгертілді. Театрдың ірге көтеріп қалыптасуына актерлер: Б.Балғынбаев, Ш.Мәденов, Х.Саурықов, Ш.Бәкірова, К.Көпбаева Қ.Көпбаев, С.Рақышев, Т.Айнақұлов Р.Тәшібаева, А.Манасбаева, Ж.Бағысова, Ә.Кәнетов, С.Шотықов, т.б. көп үлес қосты. Тұңғыш режиссері Ж. Әбілтаев (Қазақстанның еңб. сің. арт.) болды. Театрдың бас режиссерлері болып әр жылдары: Мен Дон Ук, Андриасян Р. С., М. Байсеркенұлы, Оразымбетов Е. С. (Қазақстанның еңб. сің. мәдениет қайраткерлері), Әмір-Темір Хүсейін (Қазақстанның еңб. сің. мәдениет қайраткері) және Т. Өтебаев, суретшілері болып Ә. Әбдірахманов, Ж. Әбіров, С. Пірмаханов [(Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері (1967)], т.б. қызмет істеген. Театр ұжымы М. Әуезов пен Л. С. Соболевтің «Абай», М. Әуезовтің «Қаракөз», «Қара қыпшақ Қобыланды», Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», Қ. Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында», «Жат елде», Т. Ахтановтың «Махаббат мұңы», «Әке мен бала», С. Жүнісовтің «Тұтқындар», «Қызым саған айтам», О. Бодықовтың «Нартай», Қ. Мұқашевтің «Парторг» пьесаларын, сондай-ақ У.Шекспирдің «Король Лир», Ф. Шиллердің «Зұлымдық пен махаббат», К.Гольдонидің «Екі мырзаға бір қызметкер», Н. В. Гогольдің «Үйлену», Ш. Айтматовтың «Ана – Жер-Ана», М. Кәрімнің «Айгүл елінде», т.б. спектакльдерді сахнаға шығарды. Театр балалар мен бүлдіршіндер үшін «Екі дос немесе делдал қарға», «Ақылды Ақшақар» ертегілерін және «Қандыөзек»(нашақор жайлы новелла) спектаклін сахналады. «Нартай бүлдіршіндері» атты қуыршақ театры жұмыс істейді. Шығармашылық жетістіктері үшін театр Бүкілодақтық венгр драматургиясы (1978), неміс драматургиясы (1980), КСРО халықтары драматургиясы (1982) фестивальдарының лауреаты болды.

Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы департаменті

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы департаменті, – облыс әкімшілігінің ауыл шаруашылығы саласындағы атқарушы органы. Облыс құрылғанда (1938) ҚазКСР Егіншілік комитеті жанындағы Қызылорда облысының жер бөлімі ретінде ұйымдастырылды. 1947 – 52 ж. ҚазКСР Ауыл шаруашылық министрлігінің облыстық ауыл шаруашылық басқармасы, 1953 – 62 ж. ҚазКСР ауыл шаруашылық минститунің ауыл шаруашылық басқармасы, 1962 – 65 ж. ҚазКСР ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру мен дайындау министрлігінің облыстық ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру басқармасы, 1965 – 89 ж. ҚазКСР Ауыл шаруашылық министрлінің облыстық ауыл шаруашылық басқармасы, 1986 – 89 ж. ҚазКСР Мемагроөнеркәсібінің облыстық агроөнеркәсіп комитеті, 1989 – 93 ж. облыстық агроөнеркәсіп бірлестігі, 1993 – 98 ж. облыстық Ауыл шаруашылық басқармасының, 1998 – 2001 ж. облыстық ауыл шаруашылық басқармасы болып аталып келді. 2005 жылдан қазіргі атымен аталады. Департаменттің негізгі міндеті – ауыл шаруашылық саласында халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету, өндірісті шикізатпен, нарықтық қатынастардың даму жағдайында аграрлық сектордың экспорттық мүмкіндігін арттыруға бағытталған бірыңғай мемлекеттік саясатты жүзеге асыру болып табылады.

Қызылорда қаласындағы жастар саябағы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Демалыс паркі

Қызылорда қаласындағы жастар саябағы, Н.Ә. Назарбаев атындағы,Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекетік университетінің 5-ғимараты маңында, Сырдария өзені жағасында орналасқан. Аумағы 6 га. Қаланың көрікті жерінде орналасқан бұл жастар саябағы Қызылорда қалысының бас жоспарына енді. Қызылорда университетінің жаратылыстану факультеті мамандарының тәжірибелік-машықтық дәрістері осында өтеді. Саябаққа университеттің ғылыми кеңесінің 17.5.2006 жылғы шешімі бойынша ҚР президенті Н.Ә. Назарбаевтың есімі берілді.

Қызылорда облыстық мемлекеттік архиві

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қызылорда облыстық мемлекеттік архиві – ғылыми-құжаттық мекеме. 1928 ж. ұйымдастырылған. Алғашқы кезде округтік, 1931 ж. қалалық архив болды, 1938 жылдан қазіргі атауымен аталып келеді. Архивте облыстық, уездік-қалалық кеңестер мен атқару комитеттерінің 1917 жылдан бергі тарихи құжаттары жинақталған. Облыс өңіріндегі азамат соғысының барысы, алғашқы ұжымшарлар мен кеңшарлардың, МТС, тұңғыш мұғалімдер одағының, «Қосшы» одағының құрылуы, жергілікті өнеркәсіптің, балық шаруашылығының дамуы, күріш өсіру технологиясын меңгеру, атақты күрішшілер Ы.Жақаев, М.С. Кимнің еңбектері, мал шаруашылығын дамыту, оқу ағарту, денсаулық сақтау, мәдениет басқармаларының, Қызылорда қаласы астана болып тұрған кездегі (1925 – 29) оқу орындарының құжаттары сақталған. Ғылыми анықтамалық әдебиеті 800-ден, құжат саны 136 мыңнан асады. Құрамында 2 бөлімшесі, 7 аудан архиві бар.

Қызылорда облыстық филармониясы – концерттік-сахналық мәдени мекеме. 1972 ж. құрылған. Оның алғашқы директоры Т.Қалауов болды. Филармонияны әр жылдары Д.Дүй¬сенбаев (1976 – 80), К. Асанбаев (1980 – 85), Қ. Мұхамедияров (1985 – 86), Б. Шөкенов (1986 – 89), Ш. Әбдібаев (1989 – 90), М. Әбдікәрімов (1990 – 2001), С. Ибрашев (2001 – 03), М. Ахметов (2003 – 05) басқарды. Оның құрамына «Сыр күмбезі» (жетекш. А. Тұяқбаев), «Ақ толқын» (жетекш. Қ. Сақтағанов), «Бәйшешек» (жетекш. Қ. Байғабылов), «Сыр маржаны» (жетекш. Ү. Ахметова), «Сыр самалы» (жетекш. С. Бердіхожаев) ансамбльдері және «Сыр әзілі» ойын-сауық отауы (жетекш. Б. Есенов) мен «Томирис» бишілер тобы (жетекш. Г. Мырзабаева) кірген. «Томирис» тобы «Шабыт» Халықар. фестивалінің лауреаты болды (2005). Қазіргі уақытта филармонияда Ш. Қалдаяқов атындағы халықар. ән байқауының лауреаттары Қ. Ысқақов, Э. Қанатбаева, Р. Бағланова атындағы аумақтық әншілер байқауының лауреаты Р. Ысқақова, республика «Жас қанат» байқауының дипломанты Г. Әлиханова, т.б. жұмыс істейді.

Қызылорда облыстық радиосы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қызылорда облыстық радиосы, 1928 жылдың 14 қарашасында құрылған. Қызылорда облысында 1938 ж. радионүктелердің саны 2 мыңға жуық, 90-жылдары ол көрсеткіш 188 мыңға жетті. 60-жылдардың басында радиохабарын таратуға Ә.Мырзахметов, Н.Оспанов, Ә.Шабақов, Т.Елемесов, А.Тоқмағамбетов, Ж.Шөкенов, Д.Айдаров, т.б. басшылық етті. 1958 – 63 ж. облыс радиохабарларын таратуда 20 – 30 адам жұмыс істеді. Материалдар үш тілде: қазақша – 70%, орысша – 20%, корей тілінде – 10%. Алғашында жетісіне 1 рет 1, 2 сағаттан, кейіннен күнде әуе толқынына шығатын болды. 1964 ж. облысы радио еліміз күрішшілерінің Бүкілодақтық үндесуінің бастамашысы бола тұра, Қызылорданы Шымкентпен, Көкшетаумен, Талдықорғанмен, Қарақалпақстанмен байланыстыратын тұрақты радио көпірге айналды. 1967 ж. Одақ көлемінде алғаш өткізілген радиоқызметкерлердің бірінші аймақтық кеңесінде Қызылорда радио журналистерінің жұмыс тәжірибесі кеңінен талқыланып, республика көлемінде таратылды. Сонымен қатар магнитті пленкаларды электронды монтаждау әдісі елімізде алғаш рет Қызылорда радиосында қолданылды. 2004 жылғы желтоқсан айынан бастап әуе толқынына шығуды тоқтатты.

Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі – ғылыми-мәдени мекеме. 1939 ж. негізі қаланған. Алғашқы экспозициясы 1890 – 96 ж. салынған шіркеу үйінде болды. 1980 ж. жеке ғимаратқа көшірілді. Мұражай 14 залдан тұрады. 2000 – 02 ж. мұражайда «Өлке кеңес үкіметі кезінде», «Сыр бойындағы астана», «Қызылорда облысы екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында», «Тәуелсіз Қазақстан», «Этнография», «Мәдениет және өнер» залдары ашылды. Облыс географиясына, археологиясына арналған залдар да өлке тарихынан, өнеркәсібі мен ежелгі мәдениетінен мол мағлұмат береді. Мұражай қорында 42920 жәдігер бар, оның 5 мыңнан астамы көрмеге қойылған. Ондағы ең құнды жәдігерлер: батыр киетін дулыға, сауыт (1853), зеңбірек ұңғылары, ақша коллекциясы (Ұлы Жібек жолы сауда айналымындағы).

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]