Мазмұнға өту

Сенім

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Сенім - адамның қоршаған ортаға және ақиқатқа көзқарасын, қарым-қатынасын анықтайтын түсінік, білім, елес, идеялар.[1]

Сенім ұғымның мағынасы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қазақ тілінде сенім ұғымының мынадай төрт мағынасы бар:[2] Бірінші мағынасы, сенім – адамдық қасиет, мінездеме ретінде бір адамның адамдар арасындағы жауапкершілігі мен тұрақтылығын, сөзінде тұруын, сертіне адалдығы мен беріктігін, өз ұстанымына тас-түйін табандылығын көрсетеді. Сенім мұнда ізгілік, сұлулық, ақиқат, игілік жөніндегі жалпыласқан дәстүрлі және заманауи құндылық өлшемдерінің өзекті алғышарты ретінде жеке адамның ой-пиғылы мен сөз-әрекетінің сапасында бейнеленіп шығады.

Екінші мағынасы: сенім – қандай да бір күдік-шүбә екіұдайылығынан арылып, рухани қатаңдықпен мәлім бір айтылым-қағидаға, мәлім ілімдік, “измдік”, ғылыми, діни, не мифтік нанымға біржолата берілу-сену, санада шегеленген сол түрдегі таным-баға үлгісімен баршаны өлшеу, соны адам болудың, өмір сүрудің бірден-бір бұлжымас ішкі ұстанымы ету. Мұндай сенім әлденеге беріле нану күйі болып, ол қоғамдық идеологияның жеке адамдағы көрінісін білдіретіндіктен, оны идеологиялық сенім, немесе наным деген сөзге жинақтауға болады.

Үшінші мағынасы: сенім – адам болмысының ерік-зерде, сезім-қиял тұрғысынан өз-өзімен тас-түйін ішкі бірлікке ие болуы; діттеген нысанаға талпынысында ашық, әрі ырықты рухани еркін, тұнық күйге жетуі; өздік жолмен жүрудің Мендік өлшемге адалдығын болуда орындауға қабылдық; Мен өз мұратына талпынуда қатаң дәйектілік, қайсар ұстамдылық пен ұрымталдық әйгілеуі. Сенім мұнда жан және тән қуатының толыққанды, тегеуірінді тектілігінен туған жаратымпаздық қайсарлығы, табандылығы, дестілігі, салиқалығы, салуалығы болып, оның адамдық қасиет тұрғысынан біртұтастануы болады.

Төртінші мағынасы, сенім – ішкі жарқындықтың ділдік тұнық оянысы; өздіктің түпнұсқа өзілігі; сезім, ерік, зерде және қарекет өзара күрделі, дөп тоғысып, рухани жоғары үндестікке жетуі; Меннің күндіз жұлдыз көргендей таңғажайып көреген жарқындығы; түпнұсқаға адалдықтың сәби баладай кіршіксіз пәктігі, сарқылмас-саймас, иілмес-сынбас, айнымас-азбас, шетсіз-шексіз құштарлық құдіретінің мәңгілік мәнді тебіреніске бөлеуі; жан жарқындығы мен діл шаттығының болу мен бағалауды кесімді, айшықты, дөп өрнектеуі.[3]

психологиядағы сенім

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Сенім, наным деп адамның белгілі бір мәліметтерді, құбылыстарды, ойлар мен көзқарастарды, пікірлерді еш күмәнсіз қабылдап, мойындауында көрінетін психиканың ерекше күйі.

  1. діни илану, діншілдік наным;
  2. сену, нану.

Сенім адамның белгілі бір түсініктеріне сәйкес қажеттіліктерін қанағаттандыру жүйесі. Қажеттіліктерін орындау жолында адам дүниетанымдық көзқарасында, табиғат пен әлеумет заңдылықтары жөніндегі ұғымдарына, өмір тәжірибесіне сүйене отырып іс-әрекет жасайды. Адамның адалдығына сеніп, оны құрметтей білу — әдептілік. Сол сияқты бүкіл әлемге жақсылық ойлау адамның тұлғалық бейнесі. Адам алдына мақсат қойып, оның нәтижелі орындалуына сенім білдіріп, іс-әрекетке кіріскен кезде ғана, ол жоғарғы нәтижелерге жете алады. Сенім — адамның ақыл-ойын, күшін, еркін, қабілетін жоғарылататын жағымды сезім. Сенім адамның жігерін арттырып, болашаққа құлшындыратын құбылыс (болашаққа сену, еңбекке сену, жақын адамдарға сену, дінге сену, т.б.). Сенім үміттен басталады. Сенім адамның алдына қойған мақсатының айқын болуы, дүниетанымының өмірмен байланыстылығы берік сенімнен туады. Бұл адамның нақты іс-әрекеті мен тәжірибесіне байланысты.[4]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Педагогика / О 74 Жалпы редакциясын басқарған э.ғ.д., профессор Е. Арын - Павлодар: "ЭКО" ҒӨФ. 2006. - 482 б. ISBN 9965-808-85-6
  2. Хайдар Алфи: Жеңімпаз ерік, "379. Нанымнан сенімге көтерілу" 2016, Қазақ университеті баспасы. 460б.
  3. Хайдар Алфи: Жеңімпаз ерік, "379. Нанымнан сенімге көтерілу" 2016, Қазақ университеті баспасы. 460б.
  4. Жантану атауларының түсіндірме сөздігі. — Алматы: "Сөздік-Словарь", 2006. - 384 бет. ISBN 9965-409-98-6