Зинақорлық
Зинақорлық, нәпсіқұмарлық – некесіз адамдардың жыныстық қатынас жасауы, мұсылмандық құқықта ауыр күнә болып саналатын, қазақ халқының дәстүрлі әдет құқығы бойынша адамгершілікке жат азғындық қылық ретінде жазғырылатын әрекет. Қазақ халқының әдет-ғұрып заңдары бойынша Зинақорлық кісі өлтірумен, біреудің отбасына бүлік салумен, діннен безумен, ата-анасына қол көтерумен, өкіметке қарсы көтеріліс жасаумен, т.б. бірдей деп есептелінетін ең ауыр қылмыстың қатарына жатқызылады. Жеті жарғыда: “ері әйелінің зинақорлық жасап жатқан үстінен шықса, онда әйелін де, көңілдесін де өлтіруге құқықты, ол үшін құн төлемейді”, – деп жазылған. Ал шариғат заңдары бойынша, Зинақорлық жасағаны үшін жазаның үш түрі: дүре соғу, жерге көміп қойып тас ату және өлім жазасы қолданылады. Өлім жазасына әйелді зорлағанымен тұрмай, сол әйелмен Зинақорлықты тоқтатпай жалғастыра бергендер, шариғат некелесуге тыйым салған қағидаларды бұзып, қарындасымен, т.б. туыстарымен жақындасқандар және үйленгендер кесіледі. Ал әйелді зорламай, тек Зинақорлық жасаушылар жерге көміліп, тас атып жазаланған. Өзара келісіп ойнап-күлушілер де дүреленді. Оларға міндетті түрде 100 қамшы дүре соғылды. Сүйісу, құшақтасу, төсекте бірге жатудың өзі де дүрелеп жазалауға жетерлік қылмыс саналды. Күңге Зинақорлық үшін жаза ретінде 50 дүре соғылды. Зинақорлық жасағандар жас-кәрі, азат не құл, мұсылман не кәпір, ер не әйел екеніне қарамай, тек кәмелетке жетсе болғаны, жазалана береді. Шариғат заңы бойынша, бір-біріне жақындасқан еркектер өлім жазасына кесілсе, бір-бірімен жақындасқан әйелдер 100 дүре соғуға жазаланады. Егер бұлардың араларында жеңгетай жүрсе, оған 75 дүре соғылады. Қазақ халқының дәстүрлі әдет-ғұрып заңдары бойынша, Зинақорлық үшін өлім жазасына кесілгендер мойнына тұзақ салынып, түйеге артып өлтірілген. Қазақ халқының дәстүрлі әдет-ғұрып заңдары мен шариғат заңдарында әйел зорлағандардың ауыр күнә жасаушы қылмыскер ретінде – өлім жазасына кесілуі әйелдердің жеке мүддесі мен абыройын қорғағандық қана емес, сонымен бірге ол әйел келін боп түскен отбасының, қала берді бүкіл руының намысын қорғағандық болып саналған.[1]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ "Қазақ Энциклопедиясы",4 том 3 бөлім
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл мақалада еш сурет жоқ.
Мақаланы жетілдіру үшін қажетті суретті енгізіп көмек беріңіз. Суретті қосқаннан кейін бұл үлгіні мақаладан аластаңыз.
|
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |