Жиен жырау
Жиен-Жырау, Жиен жырау Тағайұлы (18 ғ.) — қарақалпақ жырауы. Өмірі мен шығармашылығы туралы деректер өте тапшы. Жиен жырау жырлаған “Қырық қыз” дастанындағы “Қарақалпақ халқында, мүйтен деген рудан шыққан Жиен жыраудан нұсқа болып бұл дастан, ел жырлады тынбастан” деген жолдарға қарағанда жыраудың руы — мүйтен. Бұл ру 18 ғ-дың орта шенінде Сырдарияның төменгі ағысы бойын қоныстанған. Қуаңдария мен Жаңадарияның суы тартылып, құрғақшылық туғанда Жиен жырау елімен бірге Әмудария жағына қоныс аударған. Жиен жыраудың “Босқан ел” атты көлемді дастаны, “Бер түйемді”, “Ей, жігіттер”, “Қош болыңдар, достарым”, т.б. шығармалары белгілі. Мұның барлығында дерлік қарақалпақ халқының басына түскен ауыртпалық, құрғақшылық зардаптары жырланады. Жиен жырау есімі қазақ, өзбек, қарақалпақ халықтарына ортақ “Алпамыс батыр”, әсіресе, “Қырық қыз” дастанын жырлаушы ретінде жақсы таныс. Бұл дастан Жиен жыраудан соң оның шәкірттері — Қалмұрат, Шаңқай, Қазақбай, Жиемұрат, т.б. арқылы бүгінгі заманға жетті. “Қырық қыз” дастанының Жиен жырау орындаған нұсқасы 1959 ж. қазақ тілінде басылып шыққан.[1][2]
Дереккөздер:
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Отырар. Энциклопедия. – Алматы. «Арыс» баспасы, 2005 ISBN 9965-17-272-2
- ↑ Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. — Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010 жыл.ISBN 9965-26-096-6
Қазақ ұлттық энциклопедиясы
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл мақалада еш сурет жоқ.
Мақаланы жетілдіру үшін қажетті суретті енгізіп көмек беріңіз. Суретті қосқаннан кейін бұл үлгіні мақаладан аластаңыз.
|