Ементұмсық
Ементұмсық – торғай тәрізділер отряды құнақтар тұқымдасына жататын құстар туысы. Қазақстандағы қунақ тұқымдастарға жататын 18 туыстың біреуі. Бір ғана типті, яғни бір түрден - кәдімгі ементұмсықтан құралады. Қазақстанда Тянь-Шань, Батыс Алтай, Жетісу (Жоңғар) Алатауларында кездесетін кәдімгі ементұмсық (лат. Сoccothraustes coccothraustes) және арша ементұмсығы (лат. Мycerobas carnіpes) бар. Бұлардың дене тұрқы 18 – 23 см, салм. 45 – 70 г. Қоразының басы қоңыр, мойны қызғылт сұр, бауыры сұрғылт, құйрығы, тамағының асты, тұмсығының түбі қара. Мекиенінің түсі қоразына ұқсас болғанымен, реңі солғындау. Ементұмсықтың тұмсығы жуан және мықты болады, қатты тұқымды, сүйекті жемістерді (мыс. шие, алша, т.б.) оңай шағып жейді. Аттары да осы ерекшеліктеріне байланысты қойылған. Ементұмсықтар ағаш басындағы ұясына 3 – 7 (көбіне 4 – 5) жұмыртқа салып, оны мекиені 15 – 16 күн басады. Балапандарын алғашқыда ұсақ жәндіктермен, кейін дәнмен қоректендіреді. Ементұмсықтар кейде жеміс, жүзім бақтарына зиян да келтіреді.[1]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Жетісу энциклопедия. - Алматы: «Арыс» баспасы, 2004 жыл. — 712 бет + 48 бет түрлі түсті суретті жапсырма. ISBN 9965-17-134-3
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |